Қазақстанның банк секторының ағымдағы жағдайы тұрақты және жалпы алғанда екінші деңгейдегі банктер Қазақстан Республикасының банктік заңнамасында белгіленген талаптарды орындауда. Бұл жөнінде Қазақстан Ұлттық Банкінің Төрағасы Данияр Ақышев
ҚР Парламентінің Мәжілісі отырысының қорытындылары бойынша журналистің сұрақтарына жауап бере отырып айтып берді.
Ол 10 ірі банкте артық өтімділіктің орын алғанын, ол осы банктер активтерінің 35%-нан астамын құрайтынын атап өтті.
«Ірі клиенттердің қаражаты әкетілуіне байланысты өтімділікпен байланысты уақытша қиындықтар Цеснабанкте ғана туындады. Алайда қазіргі уақытта Цеснабанктегі жағдай тұрақтанды. Банк тұрақты режимде жұмыс істей бастады, клиенттердің төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін уақтылы орындауда», -деп түсіндірді Д. Ақышев.
Ол орташа банктер де тұрақты режимде жұмыс істеп жатыр деп хабарлады. Банктердің бұл санатынан проблемалық банктер - Qazaq Banki, Эксимбанк және Астана Банкі пруденциялық нормативтер мен өзге де реттеуші талаптарды жүйелі түрде бұзғаны үшін банктік лицензияларынан айырылды. Қалған банктер тұрақты режимде жұмыс істеп, Ұлттық Банктің барлық нормативтері мен талаптарын орындауда.
«Банк секторының қаржылық орнықтылығын арттыру бағдарламасының алдын ала қорытындылары да жақсы нәтиже көрсетуде, Бағдарлама іске асырыла басталғаннан бері қатысушы банктер «Еуразиялық Банк» АҚ, «АТФ Банкі» АҚ, «Цеснабанк» АҚ, «Банк ЦентрКредит» АҚ және «Bank RBK» банкі» АҚ шамамен 775,5 млрд теңге сомада проблемалық қарыздарды есептен шығарды. Бұл банктердің кредит нарығына қатысуын жандандыруға мүмкіндік берді. Мәселен, 2018 жылдың басынан бастап қатысушы банктер шамамен 500 млрд. теңге сомада жаңа қарыз берді», - деді Д. Ақышев.
Д. Ақышев Qazaq Banki, Эксимбанк және Астана Банкі, осы үш банкке қатысты, барлығы сот банктерді мәжбүрлеп тарату туралы шешім қабылдау процесіне байланысты екендігін айтты.
«Стандартты тәжірибеде, шағым болмаған кезде бұл процесс 1-2 ай уақыт алады. 14 жұмыс күні өткеннен кейін соттың банктерді мәжбүрлеп тарату туралы шешімі заңды күшіне енген күннен бастап ҚДКҚ Қазақстанның жұмыс істейтін қай банкі аталған банктердің салымшыларымен төлем бойынша агент ретінде жұмыс істейтінін және салымшылармен есеп айырыса бастайтындығын жариялайды», - деп түсіндірді ол.
Д. Ақышев Bank RBK-ның ахуалы тұрақты деп айтты. «Қазіргі уақытта бұл банк белгіленген пруденциялық нормативтерді және сақталуға тиіс өзге де нормалар мен лимиттерді сақтайды. Цеснабанкке келер болсақ, ол тұрақты режимде жұмыс істеуде және клиенттердің төлем және аударым операциялары бойынша шарттық міндеттемелерін уақтылы орындауда», - деп қорытындылады Д. Ақышев.