Брюссельдегі басқосу – биліктің ойыны


1-2.jpg

Белгияның Брюссель қаласында кешеден бері қазақстандық оппозиция өкілдері мен қоғам белсенділері, журналистер құрамы біріккен топ «Жаңа Қазақстан» форумын өткізіп жатқаны хабарланды. Араларында Қазақстанның қуғындағы экс-шенеунігі, бұрынғы Премьер-министр Әкежан Қажыгелдин бар топ кешелі-бүгін Еуропарламент өкілдерімен кездесіп, Қазақстандағы саяси ахуалды әрі геосаяси аймақты толғандырған түрлі мәселелерді талқылағаны айтылды.

Қазақстаннан Айдос Сарым, Дос Көшім, Ермұрат Бапи, Әміржан Қосанов, Расул Жұмалы, Дәурен Бабамұрат секілді елга танымал саясаткер-қоғам белсенділері бастаған он беске жуық адам қатысқан форумға жұрт елеңдеп қарап отыр. Қатысушылардың «Азаттыққа» айтуынша, олар жуырда болуы мүмкін «билік транзитінің» жай-күйін, тақ мұрагерін белгілеудегі тосын жайттарды, егер сондай жайттар болған жағдайда еліміз тап келер әртүрлі саяси тығырықты алдын ала болжап, билік ауыстырудың либералды жүйесін сақтаудың жолын талқыламақ.

Әкежан Қажыгелдин форум өткізу идеясын қазақстандық белсенділер көтергенін айтқанымен, нақты кімнің ұсынысы екеніне тоқталмаған. Ол Қазақстан билігі жемқорлыққа белшесінен батқанын, мұны бүгінгі жүйе реттеуге қауқарсыз екенін тілге тиек ете келе, өзінің Қазақстандық жарқын әрі сенімді қоғам орнатуға бастайтын жаңа Конституция жобасын әзірлеп отырғанын жеткізген.

Бұл басқосу аяқастынан неге яки кімге керек бола қалды деген сұрақ төңірегінде алыпқашпа әңгіме көп. Әлеуметтік желілерде кейбір қолданушылар басқосуға үміт арта қараса, енді бір тобы бұл биліктің кезекті ойыны дегенге саятын пікір білдіріп жатыр. Еуропа төрінде бас қосқандарға сенімнен гөрі күдікпен қарайтындардың қарасы мол. Сол пікірлердің бірнешеуі мына ойға саяды.

Біріншіден, дәл қазір, яғни осы бірер жылдың ішінде жоғары билікте ауыс-түйіс болуы неғайбыл. 78 жасқа толған Президент Нұрсұлтан Назарбаев ойда-жоқта биліктен бас тартып, сайлау өткізуге әл-әзір дайын емес. Өзі де 2020 жылға дейін биліктен кетпейтінін бұған дейін мәлімдеген. Назарбаев тақ мұрагері тақырыбын осыған дейін қалай жабық ұстаса, әлі де ол тақырыпты айналып өтуге ыңғай танытып келеді. Демек, форум қатысушыларының жуырда болуы мүмкін билік транзиті бос әңгіме. Шығыс елдері, оның ішінде Қырғызстаннан өзге Орталық Азия басшылары өз еркімен билікті босатқан емес... Яғни, бұл биліктің өз ойыны.

Екіншіден, бұл басқосуға Еуропа төрінде жүрген, өзін қуғындағы оппозиционер санайтын Әблязов келген жоқ. Егер шынымен ел оппозициясы шетелде бас қосса, Әблязовтың бұл басқосудан сырт қалуы мүмкін емес еді. Қазір біздегі тегеуірінді биллікке бірден бір қауіпті қарсылас – Әблязов тенденциясы. Оны мойындамасқа шара жоқ.

Үшіншіден, Әблязовтың сыртта жүріп Қазақстан демократиялық таңдауы партиясын құруға ниеттеніп, әлеуметтік желілерде белсенді жұмыс істеуі Ақорданы шырт ұйқысынан оятты. ҚДТ-ны экстремистік ұйым деп ресми түрде бекітіп, әлеуметтік желілерде оны қолдағандарды қуғындай бастады. Брюссельдегі басқосудың дәл осы шақпен тұспа-тұс келуі күдік туғызбай қоймайды. Егер сыртта жүрген оппозиция серкелерінің бәрі бірігетін болса, алда-жалда Жақиянов - Қажыгелдин - Әблязов үштігі тізе қосып, одан өзге де түрлі себеппен шетел асқан қалталылар ауыз жаласса, бұл билік үшін ең ауыр сынақ болары сөзсіз. Жақиянов тыныш жатқан сайын ел ішіндегі өз сүйкімін арттырып келеді. Ал Қажыгелдиннің шетелде жүргеніне 20 жылға жуықтаса да ел ішінде беделі едәуір. Әблязов болса қалталы әрі өзінің билікке кеткен кегін алмай қоймауға серт еткен бірден бір адам. Бұлар бірігер болса, ел ішіндегі оппозициялық санаға бейім әлеуметтік топтарға жан бітеді. Ақпараттық заманда олардың бәрін қуғындау мүмкін емес.


1-1.jpg


Демек, билік Әблязов пен Қажыгелдиннің тізе қосуынан қорқады. Екеуі бірігіп, Еуропарламентте қимылдаса, оны шектеу қиын. Оның алдын алудың бірден бір жолы – онсызда елге келуге кетары емес Қажыгелдинді ішке тарту. Қажыгелдин елге оралуы мүмкін екені туралы бұған дейін де бірнеше мәрте сөз болған...

Төртіншіден, Брюссельге барғандардың ішінде Қазақстанның оппозициясы дерлік ешкім жоқ. Негізінен, қоғамдық белсенділер мен саясаткерлер. Олар аракідік оппозициялық ой айтқанымен, билікпен бірге жұмыс істеуді мақсат тұтатын және солай істеп келе жатқан тұлғалар. Жоғары биліктің ұзақ жылдық «өнімдері».

Қысқаша қайырғанда, бұл басқосудан елден ерек жаңалық күтудің керегі жоқ. Егер шынымен билік жүйесін өзгертіп, жаңа бастамалар көтеруді көздеген болса оларды ешқашан Еуропаға жеткізбес еді.

Қажыгелди көп өтпей Қазақстанға оралуы мүмкін. Оралмаған күннің өзінде ол билікпен ымыраға келіп, алдағы уақытта болмай қоймайтын «билік транзиті» кезінде ойынға араласуды көздеуі ғажап емес. Өзінің сайлауға түсуге мүмкіндігі болмағанымен, белгілі дәрежеде биліктің ауысуы кезінде өзіне жақын адамдардың билікке келуіне ықпал етуді көздемей тұрмайды.

Еркін АЗАТБЕК, «Мезгіл».



Ұқсас тақырыптар