5 миллион қазақтың қамын жеген азамат

23622486_1555447154563351_6259338147527933558_n.jpg

Осыдан 5-6 жыл бұрын болса керек, маған Астанадан ақын Ауыт Мұқибекұлы ағам қоңырау соқты. Аман-саулыққа қаратпай:

– Тоқаш, ана заңды оқыдың ба? – деді бірден.

– Қай заңды?

Мен жөпелдемеде ойыма ештеңе оралмай шын сұрадым.

– Көші-қон туралы заңды айтам.

Күйініп, ашуланып тұр. Көші-қон туралы жаңа заң әзірленіп, оны ел болып талқылап, шулап жатқан тұс. Онда оралмандар азаматтық алу үшін Қазақстанда 5 жыл тұрақты тұру керек, келген елдерінен сотталмағаны туралы анықтама әкелуі тиіс дегендей сыңаржақ, зәндемі баптар бар еді. «Шулатып жатқандардың» ішінде ең белсендісі – осы Аукең. 

– Енді шеттен келген ағайын 5 жылсыз азаматтық ала аламйтын болды, – деді кейіп.

Мен:

– Ааа, солай ма? Бұлар жынды екен ғой, олары несі? – деймін жорта...

Күйіп кетті.

– Осы сендер, – деді содан соң, – алпысыншы жылдары оралғандардың балалары құсап... Жандарың ашымайды ғой, жандарың ашымайды... «Абай» порталына мақала жаздым. Оқыңдар. Ойларыңды айтыңдар. Енді қозғалмасақ, 5 миллион қазақтың күні қараң...

Осылай деді де, телефон тұтқасын тастай салды. Біздікі «мен айтқаннан не өзгерер дейсің?!» деген баяғы енжарлық еді. Сол заңның жыры ұзаққа созылды. Кесірі мыңдаған қазаққа тиді...

Сол жылдары  шеттен ағылған қазақ көші бұралаң да қиын шақты бастан өткерді. Әлдекімдердің, қазаққа қаны қас топтың яки ірі шендінің кесірінен бұрмаланған заңды қалпына келтіру, бүгінгі тілмен айтқанда, «оңтайландыру» оңайға түскен жоқ. Әсіресе, Қытайдағы қазақтардың тағдыры қыл үстінде тұрды (қазір тіптен сондай күйде). Осы заңның кесірінен мыңдаға қазақ азаматтық ала алмай, кейбірі кері қайтуға мәжбүр болды. Олқы заңның кесірінен құжаттарын уақтылы рәсімдей алмай, жарамдылық мерзімін өткізіп яки жоғалтып алған қазақтар қанша ма? Олар соның зардабын әлі де тартып жүр. Шетелдегі 5 миллионнан артық (бұл дерек айтылғалы 20 жылдан асты, қазір өскен болуы мүмкін) қазақ үшін барын салған, бүкіл ақпарат құралдарына үн қатып, қоғамдық пікір тудырып, өзі де жатпай-тұрмай депутаттардың, министрлердің, партия жетекшілерінің, саяси топтардың ортасына кіріп, заңның олқы тұстарын түсіндіріп, балама заң әзірлеп, жүздеген хат жазып, сол хаттарға тиісті жауап болмаса, ақпарат арқылы қайтара қаузап, керек жерінде көші-қонға жауапты мекемелердің жауапсыздығын, немкеттілігін, біліксіздігін батыра айтқан топтың бірден бір өкілі, көп жағдайда жалғыз жортқан, ашынғанда ағайынын да аямаған – Ауыт Мұқибекұлы.


 23621307_1555446837896716_8350427143205990900_n.jpg

Кейін бұл оқиғаларды, сондағы жазылған мақалалар мен айқастарды "Көш, көшке кім өш?!" деп кітап қып шығарды.

Бүгіндері қазақ көші, оралмандар мәселесі, Көші-қон туралы заң жайында не жазылды екен деп БАҚ беттерін ақтарсаңыз, әр жылдары түрлі тақырыпта, түрлі мәнерде жазылған, кейбірінде осы заң үшін қолғабыс еткендерге алқау айтса, енді бірінде кесірленгендерді жеріне жеткізе сынаған Ауыт Мұқибекұлының есіміне жолығасыз. Соның бәрі қазір артта қалды. «Заң түзелді, қандасым, сен де түзел» деген осы заң мен шетелдегі қазақ мәслесін қозғаған кітабы да жарық көрді. Енді шеттен келген ағайындарға азаматтық алу, елге бейімделу, заңдық құқығын қорғау мәселелрі нақты заңмен, заң болғанда да жетілген, толыққан заңмен бекітілген. Заңды дайындаған жұмыс тобына Аукеңнің өзі бастан-аяқ қатысып, әр бап, әр сөз үшін айтысып-тартысып, ақыры өз мақсатына жетті. Қажет кезінде Президентке де талай мәрте хат жазды. Жай жазған жоқ, жүрегіндегі сырын, мақсатын қазақы тәсілмен айшықтап, жеріне жеткізе жазды. Қанша шырылдаса да түсінбеген билік өкілдеріне күйінгенде, лауазымды тұлғаларды сотқа берем деп те елді елеңдетті. Ақыры, оның үнін жоғары-төменнің бәрі естіді.

Аукеңнің осы жылдардағы жолына назарыңыз түсер болса, небір емен есіктерді еркін ашып, ой-пікірін жеткізгенін, кекірейген кей шенділерді, өз жұмысын орнымен атқармайтын жергілікті жердегі атқамінерлерді, оралмандар десе жиырыла қалатын шіренген «тұлғаларды» аямай сынағанын көресіз.Мақалаларында шеттегі қазақтың Қазақстаннан басқа отаны, арқа сүйер панасы жоқтығын сән мерте жұрт санасына құйды. Жазғанда сылдыр сөзбен емес, уәлі уәжбен, нақты мысалмен, елдегі және әлемдегі көші-қон процесінің жалпы ахуалымен салыстырып, «Болашақта Қазақстан Қазақстан болып қалуы үшін» алыстағы ағайындарға гуманитарлық-мәдени, әлеуметтік көмектің аса қажеттігін дәлелдеп жазады. Қандастардың ел тәуелсіздігінің бекем болуы үшін қосқан үлесінен қосар үлесінің әлдеқайда мол екенін, шеттен келгендердің ішінде білім-ғылым, өнерден бөлек, ауылшаруашылығы, бизнес, техника саласын білетіндердің молдығын, оралғандардың басым бөлігін жастар құрайтынын, бұл – Қазақстанға құйылған ең үлкен инвестиция екенін әлденеше мәрте қайталап, әр сұхбаты мен мақалаларында жіпке тізіп отырды. Қандастар тек алу үшін емес, беру үшін келгенін, сол мақсаттарын жүзеге асыру үшін  ең бастысы кемел заң, дұрыс көзқарас, ыстық пейіл қажеттігін жеріне жеткізе түсіндірумен болды.

Осы тұста бір нәрсенің басын ашып алу маңызды. «Ауыт Мұқибекұлы нақты іспен емес, тек заң-заң деп қақсайды, сол шудан пайда тапқамыз жоқ, керісінше, жергілікті тұрғындарға жеккөрінішті болдық» дейтін сыңаржақ пікірлер бар. Мұндай қиыс көзқарас, қиғаш ой жетілмегендіктің, қоғамның ішкі өзегін дұрыс бағамдай білмеудің сипаты. Біз өркениетті, әділ қоғам құру үшін ең алдымен бекем де мығым, бұлжымас заң жасауымыз қажет. Заңы солқылдақ елдің болашағы бұлыңғыр. Кемел заң қабылданған екен, оны бұлжытпай орындау әрбір азаматтың міндеті. Егер дұрыс орындамаса, қоғам боп қадағалау, талап ету парыз. 

Былтырдан бері соңғы өзгертулер мен толықтырулар енгізілген заң аясында мыңдаған қандасымыз жедел азаматтық алды. Аукең заңды бұлжытпай орындату үшін қандастардың өзі сауатты, іскер болу қажет әрі өз құқыларын қорғаудың жолын ұққандары жөн екенін жиі айтады. «Нұр Отанның» қоғамдық қабылдау бөлімінде қызмет ете жүріп, шеттегі ағайындардың арыз-арманын шешуге тиіс мекемеге жеткізіп, жарым көңіл жандардың талайына демеу болды. Бұл қызметіндегі атқарған жұмысы бір төбе. Министр, депутат, прокурор, соттардың талайының алдына арызданушы азаматтарды енгізді. Соның арқасында айлап-жылдап азаматтық ала алмаған, сот пен оттың ортасында жүрген, құжаттарын жасата алмай шерменде болған, түрлі түйткілдерге жолыққан қандастардың мәселелері оң шешімін тапты. Жуырда ғана Моңғолия мен Қытайдан келген зейнет жасындағы кісілер бұрынғы тұрған еліндегі еңбек өтілі бойыншатиісті құжаты болса, еңбек еткен жылдары есепке алынып, соған сай зейнетақы алатын болғаны туралы қуанышты хабар жетті. Бұл 27 жыл бойы шешімін таппаған мәселе еді. Аукеңнің заңға жүйрік, түсіндіруге әбжілдігінің нәтижесінде мыңдаған зейнеткерлердің зейнетақылары көбейеді. Бұрын 15-16 мың теңге көлемінде ең төменгі жәрдемақы алатын қарттар үшін бұл үлкен көмек. Алыстағы ағайындардың елге оралуына да осындай оңды өзгерістер септеседі. Бұл Ауыт Мұқибекұлының айрықша еңбегінің бірі. Еліміздегі негізгі партияда шеттегі қазақтардың мұңын түсінетін, оралғандардың нақты проблемаларын жете ұғатын Аукең секілді азаматтардың болуы құптарлық әрі қуанарлық жайт. Қазір оралмандардың көбі "Нұр Отаннан" көмек сұрап, ақыл-кеңес алуға ұмтылатын болды. Онда бара сала Аукеңді іздейді. Проблемасын айтады. Партияға сенімдері күшейе түскен. 

Аукең өте аңғал адам. Сол аңғалдығының кесірін кейде өзі де тартып жүреді. Көші-қон заңының әуресімен жүрген жылдарында талай дос-ағаларынан айырылып, кейбірінің көңіліне дық салған кездері де болды. Бірі түсінсе, бірі ат кекілін кесісті. Меніңше, Ауыт ағамыздың аржағында дық жоқ. Ол еш пендеге бар болмасын, жоқ болсын деп тілейтін мысықтілуден аулақ. Батырып айтса, ашынып айтса, мен шыр-пыр боп жүрген істе маңымдағылар, өзім сыйлайтын достарым бір жағыма неге шықпады деген ішкі қыжыл себеп деп түсінген дұрыс.

Соңғы екі жылдан бері Қытайдағы қазақтардың басынан аса ауыр жағдай өтіп жатыр. Бұл Қытайда тұратын қазақтар үшін ғана емес, арғы беттен тарихи отанына оралған қазақтар үшін де оңайға соққан жоқ. Бірінің ата-анасы, енді бірінің баласы, туған-туысы арғы бетте қалды. Егер Қытай саясаты қырық құбылып, бүгінгідей бұрала кетпегенде, еліміздің көші еселеп артар ма еді, кім білсін?! Кезінде заңнан жапа шегіп, бюрократиядан бұғалық көргендер көптеп оралар да еді-ау... Әлі де кеш емес. Бұл күн де тұрақтап қалмас. Қытай өз саясатының шыңырауына батып барады деп дабыл қағушылар көп. Ішкі Қытайда күнде толқу. Диктаторлардың соңғы тағдыры оңған ел жоқ. Өз ішіндегі саяси талас, қуғындау мен қарсыласын түрмеге отырғызу көп өтпей тоталитарлық режимнің бұғанасын босатпасына кім кепіл? Әлі-ақ керуенді көш қайта қалыптасады деген ойдамыз. Бізге керегі Қытайдан келген зиялы қауым өкілдерінің өзара ынтымағы, бір-бірімен түсінісуі. 

Аукең қазақтың біртуар ақыны Тұманбай Молдағалиевті айрықша жақсы көреді. Тұмағаңды жатқа оқитын, кез келген уақытта өлеңдерінен цитата келтіріп, "Тұмағам осылай депті ғой" деп сағынышпен еске алатын Аукеңді көргенде Тұмағаңды қайта көргендей боламыз. Тұмағаң да Аукеңді баласындай еркелетті. Қасынан тастамайтын. Жиналыстар мен тойларда екеуінің бірге жүргенін талай мәрте көрдік. Бірінен бірі аумайтын. Тұмағаңның баласы десе дегендей-ақ.

 Сол Тұмағаң бір өлеңінде:

"Қайда жүрсем, ойлап сені жүремін,

Сүйікті елім, момын елім, ұлы елім.

Саған ғана арқамды мен сүйедім,

Саған ғана аяғымды тіредім",демеуші ме еді?! Сізді арқа тұтар жастар мол. Сүйікті отаныңыздың әр тасын қадірлейтін болмысыңыздан айнымай ұзақ жасауыңызға тілектеспіз.

Т. Таңжарық.



Ұқсас тақырыптар