Белгілі саясаткер, Әкежан Қажыгелдин кезінде Үкіметтің баспасөз хатшысы болған Әміржан Қосанов Брюссельдегі басқосудың ойдағыдай өткенін хабарлап, өзінің фейсбуктегі парақшасында жазды.
"Көп жылдан бері тұңғыш рет, елдің іші мен сыртындағы бірқатар саясаткерлер мен журналистер, қоғам қайраткерлері мен құқыққорғаушылардың елеулі басқосуы өтті. Талқыға салынған негізгі сұрақтардың өзі не тұрады:
Елдің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық хал-ахуалы;
Мемлекет алдында тұрған негізгі геополитикалық түйіткілдер мен түйіндер;
Елдегі негізгі саяси және қоғамдық институттардың дағдарысы кезінде орын алғалы жатқан билік транзиті;
Азаматтық қоғамның жаңа жағдайдағы мұрат-мақсаттары, міндеттері;
Қарапайым халықтың қолына шынайы билік беретін саяси, соның ішінде конституциялық реформа;
Елдегі саяси тұтқындар, адам құқы, сөз бостандығын шектеу мәселелері;
Жеке және арнайы мәселе ретінде ел сыртындағы қандастардың жағдайы, әсіресе Қытай қазақтарының мәселесі;
Билік пен қоғам арасында салиқалы диалог құрып, өркениетті саяси орта қалыптастыратын институттарды құрып, дамыту мәселелері.
Жоғарыда аталған сұрақтар турасында жасы мен көзқарасы әрқилы, бірақ ел деп жүрген белсенді азаматтардың бас қосып, ой қозғауы өте маңызды еді. Жиынға қатысушылардың Қазақстанның ертеңі алдындағы азаматтық, тіпті адами борышын сезіне отырып, ортақ пікірге келгені қуантты. Аса зор маңызы бар бұл сұрақтардың шешуін бір топ шенеунік пен олигархтардың қолына ұстата салуға болмайды. Өмір де, саясат та, әлдеқайда күрделі, сол себепті ондай таңдаудың өзі қате әрі ел тағдыры үшін қауіпті болады! Ұлт қамы деп, кеше Алаш үшін қан төккен ата-бабаларымыз бен ертең, бізден кейін келетін ұрпақ алдындағы жауапкершілікті сезіне отырып, өзіміздің ар-намыс алдында да, ашық сөйлеп, өзгерістерге жол бастамау қылмыс болар еді!
Осының бәрін ескере отырып, біз алдағы уақытта да мемлекет тағдыры туралы әңгімеге жүрегі ел деп соққан барша азаматтарды мейлінше кең тартып, осындай кездесулерді тұрақты түралы уағдаластық. Біздің таңдауымыз – біздің ортақ арманымыз бен еркін таңдауымыздан туған өркениетті, әділетті, демократиялық жаңа Қазақстан.
Сол себепті де осы форматты біз «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАН» деп атауды жөн санадық. Өз жауапкершілігімізді сезіне отырып, біз барша сындарлы саяси күштер үшін ортақ диалогқа ашықпыз.
Біздің осынау мақсаттарымыз Европарламент те, Еврокомиссия да, Европа Кеңесінде өте жоғарғы, Европарламенттің вице-президенті деңгейінде қолдау тапқаны қуантады. Бұл жайт, әсіресе, алдағы мамыр айында Астанада өтетін «Қазақстан-Еуроодақ» Парламенттік ынтымақтастық комитетінің отырысы қарсаңында ерекше маңызды.
Әзірге осы, "Жаңа Қазақстан" форумының басқа жаңалықтары жайлы кейінірек тағы хабарлаймыз" делінген Ә. Қосановтың парақшасында.
Айта кетелік, Бельгияның Брюссель қаласында қазақстандық бір топ қоғам белсендісі, журналистер, оппозиция өкілдері "Жаңа Қазақстан" форумын өткізуді қолға алғаны бұған дейін баспасөзде белгілі болған. Сырттай 10 жылға сотталған бұрынғы премьер-министр Әкежан Қажыгелдинмен бірге олар Еуропарламент, Еурокомиссия өкілдерімен кездесіп, пікір алмасқан.