«Бізге Нұрсұлтан Назарбаев аталарың көмектеседі»


«Мезгіл» ақпараттық сайтының поштасына Қытайдан келген екі отбасының жанайқайы жетті. Әр жылдары Қазақстанға қоныс аударған екі түтіннің бірінің әйелі, бірінің күйеуі Қытайға кеткен күйі оралмапты. Соңғы кездері мұндай мысалдар ел арасында өте көп тарап жатыр. Ата-анасын іздеген бүлдіршіндердің зар еңірегеніне қарап, шыдап отыру мүмкін емес. Сайт тілшісі екі отбасы мүшелеріне арнайы хабарласып, мәселенің мән-жайын ұғысқан еді.

 30120886_1657861297629637_848997178_n.jpg

Әйелім «саяси үйренуге» кіріп кетіпті

– Менің есімім – Жеңіснұр Аятхан. 1986 жылы Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданында дүниеге келгем. 2007 жылы 4 сәуір күні Атамекенге өз еркіммен оралдым. 2009 жылы Қазақстан азаматтығын алдым. Қазір Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданы Еңбек ауылында тұрамын. 2013 жылы Қытайдың Санжы облысы Құтыби ауданында дүниеге келген Гүзәлнұр Жеңісқызымен шаңырақ көтеріп, отбасын құрдық.

IMG-20180411-WA0074.jpg

Жарым Г. Жеңісқызы 2005 жылы Қазақстанға оралған. Осы жақта мектеп бітірген. Қазақстан азаматы.

Гүзәлнұр Жеңісқызы 2016 жылдың 15 маусымында Қытайда тұратын әпкесінің шақыруымен Санжыға кеткен. Біз соған дейін өте тату-тәтті тұрдық. Арамызда ұрыс-керіс болған жоқ. Ортамызда екі баламыз бар. Ол Қытайға кеткенде кішісі 8 айлық еді.

Бір айға дейін балаларымның анасымен «Вичат» арқылы сөйлесіп тұрдық. Ол өте көңілді болатын...

Кейін аяқ астынан хабарласуымыз қиындай бастады. Мен оған қашан қайтасың деп сұраған едім, ол мен енді бара алмаймын дегенді шығарды. Себебін түсіндірген жоқ. Дауысында әлдебір діріл бар. Мен оған: «Мына жас балаларға обал. Мені емес, балаларыңды ойласаңшы» деп хат жаздым. Жауап жоқ. Ақыры ренжіп, оны «вичаттан» өшіріп тастадым. Содан арада бір жылдай өтті. Мен күдер үзіп, заңды түрде ажырасуға арыз тастадым. Сот менің арызым бойынша, ажырасу туралы шешім шығарды. Қанша ауыр болса да, екі баламды өзім асырап, күн кшіп жатқанмын...

2017 жылдың 2 желтоқсаны күні «Вичатқа» Гүзәлнұр қайта қосып алып, сөйлесуімді өтінді. Тым құрыса балаларымды көрсетші, сағындым деді. Біз қайта хабарласа бастадық. Ол осы кезде 2016 жылы Қытайға барғанда барлық құжаттарынан айырылғанын, құжаттарын іздеп таба алмағанын, сол себепті Қазақстанға қте алмағанын жеткізді. Мен Қазақстанға баруым керек, маған балаларымның туу туралы куәлігі бойынша анықтама жіберсең, паспортымды жасатып, елге жетем дедім. 2018 жылы қаңтардың ортасынан бастап тағы хабарсыз кетті.

Кейін маған бір қыз хабарласып, оны «саяси үйрену» лагеріне алып кетті, енді хабарласпаңыз деді. Содан бері еш хабар-ошар жоқ. Қазір екі балаға өзім қарап отырмын. Күндіз жұмысқа кеткенде 2 және 4 жасар екеуін үйге қамап кетемін. Басқа амалым жоқ. Жұмыс істемейін десем, банктен алған кредитім бар. Ай сайын 45 мың теңге төлеймін.

Менің ойымша, оның балалардан бас тартуы мүмкін емес. Ол 2016 жылы әлдбір қиыншылыққа, Қытай полициясының қысымына ұшыраған болуы мүмкін. Ол жағын ашып айтпады. Екі балам: «Мамам қашан келеді? Ол қайда кетті?» деген сайын сай-сүйегім сырқырайды. Әлдеқашан Қазақстан азаматы болған оны не үшін қыспаққа алды? «Саяси үйрену» лагеріне неге әкетті? Еліміздің Сыртқы істер министрлігінен Гүзәлнұр Жеңісқызының тағдырына араша түсуін, балаларымен қауышуына қолұшын созуын сұраймын!

 30421909_1657862007629566_81449678_n.jpg

Күйеуім Қытайдан келе алмай қалды

– Менің есімім – Айкамал Рашибек. 2015 жылы Қытайдың Іле аймағы Күнес ауданы Нарат қалашығынан Қазақстанның Алматы облысы Сарқан ауданына көшіп келгенбіз. Құдай қосқан жарым Бақытәлі Керімбекұлы (1979) Қытайда мектепте матматика пәнінен сабақ беріп, денсаулығына байланысты ерте пенсияға шыққан. Осы жаққа келген соң емделіп, денсаулығы жақсарып келе жатқан еді. 2 дәрежлі мүгедек екеніне анықтамасы бар. 2017 жылы қаңтардың 25 күні Қытайға кеткен. «Өзі келіп, түсініктеме бермесе, пенсиясын тоқтатамыз» деген соң амалсыз жолға шыққан. Кетерінде көп өтпей ораламын деп еді. Сол күйі келе алған жоқ. Міне, бір жылдан асты. Біз болсақ, үйсіз-күйсіз, кім көрінгеннің босағасында жүрміз. Екі баламыз бар. Қызымыз 2013 жылы Қытайда, ұлымыз 2015 жылы Қазақстанда дүниеге келген.

Бастабында 2-3 ай «Вичат» арқылы хабарласып тұрдық. Паспортымды алып алды, берген соң барамын дейтін. Кейін мүлдем хабарсыз қалдық. 

IMG-20180411-WA0030.jpg

Туыстар арқылы анда-санда хал-жайын біліп тұрамын. Олар көп сөйлемейді, «аман-есен, алаңдама» дегеннен артық сөз айтпайды. Естуімше, бірнеше рет ауруханаға жатып шығыпты.

Қазір қатты қиналып жүрміз. Кей кезде ішер ас таппай қаламыз. Екі баламен жұмыс істей алмаймын. Жуырда Алматыдағы Серікжан Біләшұлы, Қыдырәлі Оразұлы бастаған белсенді жастар жағдайымды білген соң, қайырымды кісілер арқылы азын-аулақ қаржылай көмек берді.

Күйеуімнің де, менің де «ықтияр хатымыз» бар. Азаматтық алайық деген едік, «Оралман куәлігінің» уақыты бітіп, өткізе алмадық.

Мен Президент Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан, Сыртқы Істер министрі Қайрат Әбдірахмановтан, басқа да ел ағаларынан екіге бөлінген отбасымызды біріктіруге көмктесуін сұраймын!

Қатты қиналдым, барар жер, басар тауым жоқ. Сіздердің көмектеріңізге мұқтажбын. Екі балама: «Нұрсұлтан Назарбаев аталарың бізге көмектеседі! Ол кісі біздің тағдырымызға араша түседі» деп айтып, көз жасыма ерік беремін. Аяулы ел ағалары, шиеттей екі баланың болашағы үшін олардың әкесі Бақытәлі Керімбекұлын елге әкелсеңіздер екен. Басқа сұрарым жоқ. Ары қарай өз күнімізді көрер едік.   


(Айкамал Рашибекқызының видеоүндеуі) 


 




 



Ұқсас тақырыптар