Белгілі ғалым, техника ғылымдарының докторы, "Сопылар ісі" бойынша 12 жылға сотталған Саят Ыбырай мерзімінен бұрын бостандыққа шықты. Бұл туралы "Мезгіл" сайтының журналисіне ғалымның адвокаты Абзал Құспан хабарлады.
– Дәл қазір Өскемендегі облыстық соттың алдында тұрмын. Жаңа ғана облыстық аппеляциялық сот Семей қалалық сотының шешімін бұзып,Саят Ыбырайды босатуға шешім қабылдады. Өздеріңіз білетіндей, Саят Ыбырай 12 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Кейін рақымшылық бойынша 1 жылын қысқартқан. Саят Ыбырай 7 жылдан артық мерзімін түрмеде өткізді. Яғни, жаза мерзімінің үштен екі бөлігін өтеді. Негізі жарты мерзімі біткен соң босауы керек еді. Құдай қаласа, бүгін бостандыққа шығуы керек. Қазір қажетті құжаттар толтырылу үстінде. Бүгін отбасы мүшелерімен қауышады деп күтіп отырмыз, – деді Абзал Құспан.
Саят Ыбырай осыдан 7 жыл бұрын "дінаралық алауыздық туғызды" деген ұйғарыммн ұзақ жылға сотталып еді. Содан бері жыл сайын ғалымдар, қоғамдық белсенділер мен отбасы мүшелері ғалымды түрмеден босатуды сұрап, бірнеше мәрте хат жазған. Саят Ыбырай түрмед бірнеше кітап жазғаны жайлы жазылған болатын.
"Мезгіл-ақпарат"