Қазақ тілін, Мемлекеттік тілді «непонятный язык» деп кемсітіп, сатушыларға мен түсінетін тілде сөйле деп дүрсе қоя берген, оларға араша түскен Әсел Назарбаеваны соққыға жығып, аяусыз балағаттаған ресейлік Диана Перегуда сотта жеңіліп, екі жылға шартты түрде бас бостандығынан айырылды.
(Әсел Назарбаева)
Дәлірек айтсақ, Диана Перегуда Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 293 бабы, 1-тармағы бойынша кінәлі деп танылып, 2 жылға шартты түрде сотталды. Оқиға 2016 жылы болғандықтан, Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жарияланған рақымшылыққа ілікті. Жауапкер Диана Перегуда жәбірленуші Әсел Назарбаеваға 1 миллион теңге көлемінде материалдық және моральдық шығын өтеп беретін болды.
(Диана Перегуда)
Оқиға осыдан екі жыл бұрын, 2016 жылдың 27 қарашасында Розыбакиев – Әл-Фараби жақтағы «Мега» маңайындағы «Zeta» жиһаз дүкеніне болған. Сатушылар орыс тілін білмегені үшін оларға дүрсе қоя берген Перегуданы сырттай бақылаған дүкен клиенті Әсел Назарбаева оқиғаға араласып, мән-жайды түсіндірмек болған. Бұған ашуланған Пререгуда «Аузыңды жап, мәмбет» деп оны ұра бастаған. Назарбаеваны шашынан сүйреп, жерге жығып, тепкінің астына алған. Тіпті барлық сатушыға қарата айқайлап, «өңкей малсыңдар» деп айғайға басқан. Назарбаева сол жерде полиция шақыртып, арыз жазған. Содан бері полиция бұл істі ұсақ бұзақылыққа жатқызып, бірнеше мәрте жауып тастауға тырысқан. Әселдің табандылығы арқасында 2018 жылдың 9 қаңтарында іс сотқа әзер жеткен. Созбақталған соттың нүктесі бүгін қойылды.
Сот жауапкер қазақ тілін білмейтіндіктен, орыс тілінде өтті. Істі жүргізген судья – Кван Елана Робертовна. Шыны керек, бұл оқиға қоғамның назарын аударып, Назарбаеваны қолдауға келген адамдардың қарасы мол болды. Бүгін өткен соттың шешімі түнгі 22.30-да бірақ оқылды.
Таңқаларлығы, Перегуданың қорғаушыларының (адвокаттары) екеуі де қазақ. Олар сот барысында өздерінің клиенттерін барынша ақтап алуға жанын салды. Әсірсе, «мәмбет» деген сөзге филологиялық талдау жасатып, оны «Мұхаммед пайғамбардың қысқартылған аты, қазақтарда көп кездесетін кісі есімі. Мұнда тұрған түк те жоқ» деуге дейін барды.
Назарбаеваның адвокаты белгілі заңгер Абзал Құспан «Абай» сайтына берген сұхбатында: «Мамбет деген 3 түрлі мағынада қолданылады. Біріншісі – адам аты. Мұхаммед, Махамбет деген сияқты адам аттарының қысқаша атауы. Екіншісі – топономика. Яғни, жер-су атауларын атағанда қолданылады. Үшіншісі – адамды балағаттау, кемсіту мақсатында. Енді өзіңіз ойлап қараңыз, Перегуда әлгі жерде айқайға басып, долданып жатқанда Әселді кемсіту, балағаттау мақсатында айтқаны түсінікті ғой. Сосын мен оған контр-аргумент келтірдім. Ресей СІМ Консулдық қызметінде арнайы шет елге шығатын Ресей азаматтарына арналған кодекс бар. Онда жергілікті ұлттың ар-намысына тиетін сөздер мен әрекететрді анық көрсетіп жазған. Орталық Азия елдері Қазақстан, Өзбекстан мен Қырғызстанға да келушілер үшін арнайы анықтама бар. Сонда, Қазақстанда «мамбет» деген сөз балағатғ адамның ар-намысына тиетін сөз. Орысша мағынада – «быдло» дегенді білдіреді деп анық жазылған», деп нақты анықтамасын ашалап айтқан. Ол бұл ойын сот барысында да тәптіштеп жеткізді.
Сонымен Назарбаева жеңіске жетті. Назарбаева «мәмбет» емес екен... Шовинистік идеямен уланған Перегуданы еліне қайтару ісі қолға алынуы мүмкін. Бұл Назарбаеваның ғана емес, қазақ тілінің, қазақ қоғамының жеңісі.