Қазақстан Республикасы Сыртқы Істер министрлігі өкілдері Қытайдың Шынжаң аймағына барады. Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында Вице-министр Мұxтар Тілеуберді айтты. Ол Қытайдағы қазақтар мәселесі бойынша ертең, 17 сәуірде Қытай үкіметімен келіссөзге Үрімжіге баратынын xабарлады.
Үкімет сағатында депутат Бекболат Тілеухан вице-министр Мұхтар Тілеубердіге Қытайда қуғын көріп жатқан қазақтардың мәселесі жайлы сауал қойған. Депутат "Қытайдағы қиын жағдайға ұшыраған қандастардың мәселесін Сыртқы істер министрлігі (СІМ) арқылы халықаралық нормаларға сүйеніп шешуге болмай ма?" деп сұрады. Тілеуберді депутатқа жауабында олардың Қазақстанға келіп оралман мәртебесін алғанын, бірақ Қытайда тұрақты тіркеуден шықпай, сол елдің жеңілдіктерін алып келгенін айтты.
"Олар тұрақты тіркеуден шықпағанына байланысты қамалып отыр. Себебі олар тұрақты тіркеуден шықпағандықтан қосымша әлеуметтік төлемдерді алып отырған. Сол себепті жергілікті билік бұған тыйым салып отыр. Осындай мәселелер туындап отыр. Сондықтан біз жеңілдіктер жасағанда оны жан-жақты қарап, сол елдегі (Қытайды айтады - ред.) талаптарға қайшы келмейтіндей жасауымыз керек. Бұл мәселе бойынша Қытай үкіметімен келіссөз өткізіп жатырмыз. Мен ертең өзім Үрімжіге шығамын. Сол жақтағы қазақ диаспорасының мәселелерін талқылауға барамын" деді Мұхтар Тілеуберді.
Осыған дейін Қытайдағы қазақтардың қуғындалып жатқаны баспасөзде аз айтылған жоқ. Олардың қатарында бірнеше Қазақстан азаматы да бар екені жазылды. Олардың алды Қытай түрмесінен босап, елге оралған.
Қытайдың Шынжаң билігі Қазақстанға келген, осы жақтан ықтиярхат алған, Қазақстандық туыстарымен сөйлескен, намаз оқыған көптеген қазақтарды тұтқындап, саяси лагерлерге, кейбірін түрмеге қамап жатқаны жайында ақпарат көп.