О, сорлы Ресей…

4.jpg


АҚШ ақыры Сирияға соққы берді. «Соғыс басталып кете ме екен?!» деген жұртшылық біртіндеп сабырға келді. Соңғы екі күннен бергі ғаламды алаңдатқан мәселе тыншыған сияқты. Бірақ қуаты кеміген Ресей, қанша қоқаңдағанымен, АҚШ-қа ештеңе істей алмады, Путин Трамптың алдында дәрменсіз екен.

Сирия мәселесін реттеуге қатысты Женева мен Астанада әр тараптың өкілдері қаншама рет кездесу өткізгенімен, бәрі де түйіннің тезірек шешілуіне мүдделі емес. Бүгінгі жағдай да соны көрсетті.

Сирияға қатысты дағдарыс көптен бері созылып келеді. Әсіресе бұл түйінді тезірек шешуге соңғы жылдары Ресей-Иран-Түркия араласты. Сирияның оппозициялық күштері  мен үкімет өкілдерін де қатыстырды. Бірақ әлемнің сан түрлі мемлекеттерінің мүддесі тоғысқан жерде мәселе шешілмеген күйі тұр. АҚШ осымен екінші рет Сириядағы әскери және өндірістік нысандарға күйрете соққы берді. Бұл жолы да жағдай шиеленісті. «Үшінші дүниежүзілік соғыс басталып кете ме?» деп алаңдағандар да  кездесті. Бірақ жеме-жемге келгенде уәдеден тайқып кететін ресми Мәскеу бұл жолы мәселеге араласпады. Өйткені қанатты ракеталық бомбалардың түскен жері Ресей жауынгерлері мен әскери техникалары тұратын аумақ емес. Сөйтіп, әлем демін ішіне алып барып бір басылды. Бірақ қазіргі айтылып жатқан пікірлерге назар аударатын болсақ, «қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бар жақ» болып тұр. Ресей –жалғыз, алайда имспериялық пиғылы асқынған ел дәрменсіз болса да, әрекетін қоятын емес. Өйткені, Сириядан айрылғысы келмейді. Адам өліп, балалар құрбандыққа шаланып, ел қанға бөгіп жатса да, Мәскеу дегенін істеп отыр. Бірақ әлемде одан басқа да қожайын бар. Ол –АҚШ. Бәрі неден басталды?

Осыдан бірер апта бұрын Батыс баспасөзі Сирияның Дума қаласына химиялық шабуыл жасалғанын мәлім етті. Соның салдарынан 75 адам қаза тауып, 1000-нан астам тұрғындар зардап шекті. Батыс  мемлекеттері «аталған химиялық шабуылды Сирияның үкіметтік әскері мен Ресей тарапы ұйымдастырды» деп екі жаққа айып тақты. Алайда ресми Мәскеу де, Дамаск де тағылған айыпты мойындамады. Қалай десек те, болар іс болды, адам өлді, кісі шығынға ұшырады.

Кеше АҚШ пен Ұлыбритания және Францияның әскери әуе күштері Сирияның химиялық қару жасайтын бірқатар өндірістік орындарына жойқын соққы берді. Әуеден соққы жасар алдында телеарна арқылы халқына пікірін білдірген Дональд Трамп «біздің бұл әрекетіміз сөзінде тұрмайтын Ресей президентіне жауабымыз болып табылады» деп мәлімдеді.

–2013 жылы Ресей президенті Владимир Путин әлемге  Сириядағы химиялық қарудың халыққа қарсы қолданбауына кепілдік беретінін жариялағаны белгілі. Алайда бұл уәденің барлығы да жоққа шықты, орындалмады. Асадтың үкіметтік армиясы өткен аптада халыққа қарсы химиялық қару қолданды. Біздің Сирияның бірқатар әскери нысандарға соққы жасауымыз осы әрекетке жауап болып табылады, – деді президент Дональд Трамп.


5.jpg


Алғашқы дерек көздеріне қарағанда, кеше түнде жасалған соққы химиялық қару жасалатын бірнеше өндірістік кешенге бағытталған. Әзірге кісі өлімі туралы ақпарат жоқ.

АҚШ-тың Қорғаныс министрі Джеймс Мэттис химиялық қару өндіретін және өңдейтін кәсіпорынға үсті-үстіне соққы берілгенін растады. Сонымен қатар, Сирияға қарсы әскери қимылдарға  Ұлыбритания мен Франция әуе күштері де қосылды. Министр Джеймс Мэттис сөйтіп, соққы берудің алғашқы кезеңі аяқталғанын мәлім етті. Бұл әрекет алдағы уақытта да жалғасуы мүмкін.

Жалпы ғаламды алаңдататын бір нәрсе бар: Сирияда соғыс болып жатқанына бірталай жыл болды. Құрып кетудің алдында тұрған мемлекетті Ресей мен Иран және Түркия тарапы  құтқарып қалды. Бұған дейін де Сирияда химиялық шабуыл жасалынған. Сол кезде де АҚШ президенті конгрестің рұқсатын алмастан қанатты ракетамен Сирияның үкіметтік әскерлеріне соққы берді. Сол жағдай тағы да қайталанып отыр. Бір қызығы, 7 сәуірдегі химиялық шабуылды кім жасады, Ресей ме, жоқ әлде, Башар Асадтың әскері ме? Мұны ешкім мойнына алмайды. Бет бақтырмайтын Мәскеу бұл жолы да тайқып шықты. Сонда орын алған оқиғаның түйінін кім шешеді? Химиялық шабуылдан адам бақилық болғаны рас қой. Ақырында жазықсыз тұрғындар жапа шекті. АҚШ-тың бұл жолғы әрекетін не деп түсіну керек? Әлем халқының назарын аудару ма? Өйткені осыдан бірнеше күн бұрын Ауғанстанның Құндыз қаласында Құран оқып отырған 100 шақты бүлдіршін америкалық авиацияның соққысынан көз жұмды. Осы қанды оқиғаны Ақ үй тарапы ұмыттырғысы келді ме екен? Сирияға қатысты аяқ астынан жасалған шешімді осылай деп қана түсінуге болар. Дәл қазір мәселенің ақ-қарасын анықтау ғана қалды. Шын мәнінде химилық шабуыл жасалды ма? Осыған қатысты Францияның Қорғаныс министрлігі бірқатар құпия құжаттарды жариялап жіберді. Онда химиялық дәрінің қайда жасалғаны туралы айтылған. Оның Сирияда екені де атап көрсетілген. Бірақ улы газды кім шашты, Сирияның үкіметтік әскері мен жоқ әлде, ресейліктер ме? Бұл мәселе енді анықталатын шығар. Бірақ ешкім мойнына алмайды. Ол – ақиқат.

Кеше осы мәселені зерттеу үшін Дамаск қаласына Химиялық қаруға тыйым салу жөніндегі халықаралық ұйымның өкілдері келіп жетті. Мамандар  енді мәселенің ақ-қарасын анықтайды. 7 сәуір күні 75 адам қаза тауып, 1000-нан аса тұрғын зардап шеккен ауыр оқиғаны негізі «Белые каски» үкіметтік емес ұйымының өкілдері дүниежүзіліқ бұқаралық ақпарат құралдары және әлеуметтік желі  арқылы таратып жіберген. Сонан кейін ғана әлем бұл оқиғаға алаңдап қарай бастады. Қорытындысы міне: Сирияға АҚШ, Франция және Ұлыбритания тарапынан соққы жасалды.

Аталған үш елдің әскери әуе күштері Сирияның бірқатар өндірістік әскери нысандарына 103 қанатты ракета жіберген. Күл-талқаны шыққан нысанға алайда барлығы да дөп тиген жоқ. Сирияның бірқатар бұқаралық ақпарат құралдары мен әскери әуе қорғаныс күштері қарсыластар жіберген ракетаның 71-ін талқандағанын айтып, мақтанып, жарыса жазуда. Бірнешеуі нысанадан ауытқып кеткен. Бұл деректің рас, өтірігін ешкім де білмейді. Алайда толықтай кеңестік және ресейлік өндірістен шыққан С-200, «Бук» басқа да әуе күштеріне қарсы қорғаныс кешенімен қаруланған сириялық армия қазір де қуатты техникалармен толықтырылуда. 2011 жылы Башар Асадтың мемлекеті Ресейден  «Панцирь-С1» деп аталатын 36 зениттік ракеталық кешен сатып алғаны белгілі. Демек, қарсыластардың шабуылына шамасы келгенше жауап беріп жатқан сириялықтарды қолдап, қорғап тұрған ресейлік әскери техникалар екені айтпаса да, түсінікті.

Кеше бірқатар шетелдік ақпарат құралдарына жауап берген Сирия президенті Башар Асад «АҚШ пен оның одақтастарының жасаған шыбуылын агрессия» деп атады. Сонымен қатар, ол кезінде Кеңес одағынан және соңғы бес-он жылда Ресейден сатып алған қарулардың өте сапалы және қуатты екенін» айтты.

Бірақ Сирияға қарсы жасалған соққыны әркім әрқалай бағалауда. Қазіргі уақытта әлем екіге бөлінгені белгілі. АҚШ пен Еуропалық одаққа кірген елдер және оған қарсы тарап Ресей, Иран, Қытай және бірнеше мемлекет. Кеше ғана жасалған соққыдан кейін Ресей БҰҰ-ның Қауіпсіздік кеңесін шақырғаны белгілі. Бұл жерде де барлығы бір ортақ пікірге келе алмады. АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесіндегі арнайы өкілі Никки Хейли АҚШ пен оның одақтастарының  Сирияға жасалған шабуылы заңды және дұрыс шешім екенін тағы да қадап айтты.

–Бұған қатысты  талабымыз бен шешіміміз ешқашан өзгермейді. Жазықсыз халыққа жасалған химиялық шабуыл бізді осындай әрекетке баруға итермеледі. Бар жағдайға Сирияның өзі кінәлі. Егер алдағы уақытта да химиялық шабуыл жасалатын болса, біз тағы да әуеден соққы беретінімізді мәлім етеміз. Өркениетті елдер АҚШ-тың қадамын қолдайды және алғысын айтады. Бұл жөнінде мен таңертең ғана президентпен сөйлестім. Егер химиялық шабуыл қайталанса, АҚШ тарапы да үнсіз қалмайды. Сириядағы қарулы қақтығысты реттейтін уақыт өтті, енді басқа шешімдер қабылдануы қажет, –деп мәлімдеді АҚШ-тың Қауіпсіздік кеңесіндегі арнайы өкілі Никки Хейли.

Жалпы АҚШ тарапының әрекетін «халықаралық нормаларға сай келмейді» деп бағалаған Ресей  бұл жолы неге үнсіз қалды? Мұның сыры неде?

АҚШ-тың Ресейдегі елшісі Джон Хантсманның айтуынша,  «АҚШ Сириядағы қай нысанға соққы жасайтыны туралы  бірнеше сағат бұрын Мәскеуге хабарлап үлгерген». Ал өз кезегінде Мәскеу бұл туралы жедел түрде Башар Асадқа мәлім еткен. Дамаск маңындағы әскери өндірістік нысанға шабуыл жасалатынын үш жақ та білген көрінеді. Ол маңдағы халық дереу басқа елдімекенге көшірілген. Адам шығынының болмауы да осы.

АҚШ-тың Ресейдегі елшісі  Джон Хантсман «Сирияға жасалған соққы Ресеймен арадағы жағдайды ушықтырады» дегенге сенбейді.

–Химиялық қаруды ешуақытта халыққа қарсы қолдануға болмайды. Біз сондықтан да әуеден соққы жасадық, –деп мәлімдеді елші.

Германияның канцлері Ангела Меркель «біздің одақтастардың жасаған соққысы дұрыс. Олар бүкіл әлемнің алдындағы жауапкершілікті өз мойнына алды.  Алдағы уақытта Сирия тарапынан осындай жағдай тағы да қайталанбас үшін бұл оларға жасалған сабақ. Осы орайда Германия химиялық қаруды таратпау және қолданбау жөніндегі  халықаралық конвенцияны қолдайды», – деп мәлімдеді.

Сирияға соққы берген АҚШ-тың әрекетіне қатысты Ресей Сыртқы істер министрлігі «2018 жылы әскери-технологиялық үлес пен күш-қуат  Ресейдің жағында екенін көрсетті. АҚШ –тың кез келген әскери қимылына  біз лайықты түрде жауап бере аламыз» деп мәлімдеді. Бірақ қалай, ол жағы ашып айтылған жоқ.

Ақиқаты, не деп жауап берсе де, бұл мәселеден Ресей сабақ алды ма? Путин енді қайтпек? Ештеңе де істей алмайды. Орын алған оқиғаға қатысты Владимир Путин Түркия президенті Ердоғанмен сөйлескен. Екі президенттің арасында  Сирияға қатысты жағдайды реттеу және әлі де белсенді әрекет ету туралы ғана әңгіме өрбіген.

Қалай айтқанда да, дәл қазіргі уақытта Ресейдің АҚШ-қа қарсы уәжі соншалықты қонымды болмай отыр. Олардың Қауіпсіздік кеңесінде АҚШ, Франция және Ұлыбританияның Сирияға жасаған соққысын айыптау туралы жобасын да  ешкім құптаған жоқ. Тек Ресейді Мәскеу мен Боливия ғана қолдады.  Кейбір ақпарат құралдары бұл мәселеде  Қазақстанның Ресейді қолдамай,  қалыс қалғанын да жазды. Бірақ…

Қазақстанның Біріккен Ұлттар Ұйымы жанындағы тұрақты өкілі Қайрат Омаров Сириядағы жағдайға арналған БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің отырысында тараптарды БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықты бұзбауға шақырды.

– Қазақстан тараптарды БҰҰ Жарғысын және халықаралық құқықты бұзбауға шақырады. Біз Думадағы химиялық шабуылға қатысты жағдай бойынша БҰҰ ҚК мүшелері арасындағы бірліктің жоқтығына алаңдаушылық танытамыз. Қазақстан химқаруды қолдануды айыптайды және зерттеу жүргізу қажет деп есептейді, – делінген хабарламада. Сонымен қатар,  Омаров Сириядағы жағдайды саяси реттеу жолдарын іздестіру бойынша Астана және Женева процестерінің міндеттерін одан әрі қолдау керек екенін мәлімдеді.

Ал Қытай тарапы болса, Сирия мәселесін соғыспен емес, тек қана дипломатиялық жолмен ғана шешуді ұсынады.

Жалпы барған сайын айқын болып бара жатқан бір нәрсе бар: қазір Ресей жалғыз. Жаралы аю. Талпынады, айналасына айбат шегеді. Бірақ дәрменсіз. Қазынадан сыртқа орасан зор шығын кетіп жатыр. Пайдасы жоқ. Тек қана амбициялық пиғыл үшін әрекет етіп отыр. Ал мұндай пиғыл оның өзіне кесір, кесапат, қатер болып тиеді.

… О, сорлы Ресей, он жылдан кейін тағдырың не болады екен?!.

Берік БЕЙСЕНҰЛЫ

 

Фейсбуктегі әлеуметтік парақшадан:

Мұртаза ЖҮНІСҰЛЫ:

– Совет одағы құлағалы 30 жыл болды. Ресей өз-өзін асырап, тік тұрудың қамында. АҚШ бұл соғысты саяси-идеологиялық себептермен жасап жатқан жоқ: газ-мұнай ресурстарын басқару жəне Израильдің болашағы үшін әрекет етіп жатыр…

 Өмір ШЫНЫБЕКҰЛЫ:

–«Tomahawk» ракетасының ең қарапайым түрі 500 мың доллар тұрады.

Ал ұшып бара жатқан нысанды жоюға арналған Tomahawk Block IV ракетасының құны – 1,5 млн миллион доллар.

«Бүгін АҚШ одақтастарымен бірге 103 ракета атты» деп жатыр..

АҚШ –бай мемлекет..

Бұл шығындар америкалық салық төлеушінің әлеуметтік жағдайына көп әсер ете қоймайды..

Ресейдің не жаны қалады екен?

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар