Қытай сарапшысы: Назарбаев билігі Қытай қаржысына мұқтаж


 

Қытайдың шетелге әртүрлі себеппен қоныс аударған демократиялық күштері мол. Олар социалистік мемлекеттің қитұрқы саясатын әр деңгейде талдап-таразылап, болып жатқан оқиғаларға өз бағаларын беріп отырады. Билік басына Ши Жинпин келгеннен бері мыңдаған Қытай демократтары саяси қуғынға ұшырап, түрмеге түскен. Аман қалғандары шекара асып босып кеткен. Солардың бірі – Ли Юнфың. Ол Қытайдағы күнделікті оқиғаларды барлап, Батыс басылымдарына, шетелге кеткен Қытай оппозициясының мерзімді басылымдарына жариялап отырады. Оның әлемдегі қытайлар көп оқитын «Хуанши шы бао» басылымында жарық көрген мақаласы Қытайдағы қазақтар мәслесіне арналыпты. Автор қысымға ұшыраған қазақтардың жағдайын Қазақстан қалай қабылдады? Қазақстандық белсенді топ нендей шараларды қолға алды? Одан қандай нәтиже шығуы мүмкін? Қазақстан билігі Қытай үкіметіне батыл сұрақ қоюдан неге тайсақтайды? Осы сұрақтарға астарлы түрд жауап беруге тырысқан. Ықшамдап, тұщымды тұстарын ұсынып отырмыз. Біздегі әр оқиғаны бақылап, барлап отыратын шетелдіктердің барлығын білу бір басқа, одан ой түю маңызды. 2017 жылдың 4 шілдесінде жарық көрген мақала геосаяси ахуалға да аз-кем тоқтала кеткен.

 c6f8b132faa91864bcf6ef197631b6b8-big.jpg

Тегі, тілі, діні мен мәдениеті ортақ, тарихы бір, дербес өмір сүруді қалайтын қазақ халқы Шыңжаңнан Қазақстанға қоныс аударып, исі түркі жастарының бодандықтан бостандыққа ұмтылысын нығайтуға зор үлес қоса бастады. Қытай коммунистік партиясы (ҚКП) тұтас түркі жастарының оянуын ерте сезіп, Шынжаңдағы түркі тілдес ұлттардың негізгі бөлігі саналатын қазақтардың адамдық құқығына қол сұғып, паспорттарын жинап, әртүрлі сылтаумен қысымын күшейте түсті. Қазақстаннан білім алған қазақ жастарын орынсыз тергеп-тексеріп, олардың кері қайтуына түрлі кедергі жасаған. Қытайлар екі ел арасындағы қазақтардың байланысын үзу арқылы жандана бастаған түркі тілдес ұлттардың бостандыққа ұмтылысын, еркіндік қозғалысын шектеуді көздейді.

Дәл қазір Қытайдың Батыс өңірін коммунистік партия барынша қыса түсуді көздеп отыр. Оңтүстік Шынжаңдағы ұйғыр ұлтын аямай жаныштаған олар енді Солтүстік Шынжаңдағы қазақтарға тырнағын батыра бастады.

«Еркін Азия» радиосының хабарларына назар салсаңыз, Шынжаң билігі жыл басынан бері (2017) паспорт жинау туралы қаулы шығарып, қазақтарға паспорттарын тапсыруды, Қазақстаннан алған ықтиярхаты болса, оны да жергілікті биліктің сақтауына беруді қатаң ескерткен.

Жергілікті бір тұрғынның тілшілерге айтуына сүйенсек, Шынжаңдағы қазақтар, әсіресе, жастар жергілікті әкімшілік пен полицияның қысымына ұшыраған. Олардың Қазақстанда оқуына тиым салған. Балалары Қазақстанда оқитын отбасыларға балаларын қайтаруын талап еткен. Соның салдарынан мыңдаған студент оқи алмай қалған.

Қазір Қытайдан Қазақстанға барып, сол елдің азаматтығын алғандардың саны 200 мыңға таяу. Ал ықтиярхатпен Қазақстанда жүргендер одан да көп. Олар Қытайға қайтса, шекарадан шығуына қатаң тиым салынады.

ҚКП билігінің Шынжаңдағы қазақтардың паспорты мен ықтиярхатын жинап алуы халықаралық ұйымдардың назарын өзіне аударды. Дәл осы тұста Астана қаласында дүниежүзі қазақатарының V кезекті құрылтайы өтіп жатты. Бұл жиынға әлемнің 40 елінен жүздеген қазақ диаспорасы, халықаралық ұйым өкілдері қатысты. Құрылтайға Қазақстанның жоғары билік өкілдері, ҚР Сыртқы істер министрлігі, ұлттық қауіпсіздік мекеме басшылары, саясаттанушылар мен қоғам қайраткерлері қатысты. Олар Қытайдағы қазақтардың қиын жағдайынан хабар алып, Шынжаңдағы түркі тілдес ұлттардың адамдық құқығының тапталып жатқанын ішкерлей ұға түсті. 

Бұдан соң 20 маусым күні Қазақстанға танымал тұлғалар мен профессорлар, қоғам белсенділері журналистерге арнап баспасөз мәслихатын өткізіп, Қытайдың қазаққа жасап отырған қысымын аяусыз сынап, ҚР Сыртқы істер министрлігіне үндеу жолдады. Ол ҚР СІМ-не Қытай тарапына қысым тудыруды, сол арқылы Шынжаңдағы қазақ ұлты мн басқа да түркі тілдес ұлыстардың адамдық құқығын шектемеуіне ықпал етуді талап етті. Олардың мақсаты – тұтас қазақ қоғамы мен түркі тілдес мемлекеттердің, халықаралық ұйымдар мен БҰҰ-ның назарын Шынжаңдағы жағдайға аудару еді.

Бұрын Шынжаң билігі Оңтүстіктегі ұйғырларды темір құрсауға алып, барынша басып-жаншыса, Солтүстік Шынжаңдағы қазақ, қырғыз, өзбек секілді түркі тілдестерге жұмсақ саясат ұстанып келген. Қазақтар тығыз қоныстанған Солтүстік Шынжаңда біраз жыл бойы «қой үстін бозторғай жұмыртқалады». Сол жылдары қазақтың игі-жақсылары Оңтүстіктегі қанды қақтығысқа үнсіз ғана назар салып, жарылыс пен қантөгіс ішінде күн кешкен ұйғырлардың жан айқайы мен көз жасына қарап, өткенді еске алатұғын...

Қытай билігі күн санап күшейіп келе жатқан ислам қаупі мен түркілік бірлестіктердің күшеюінен сескеніп,  қазақтарға шүйліге бастады. Олардың паспорттарын жинағанда барып, бір қауіптің барын сезген қазақтар кезек өздеріне келгенін түсінді.

Қытай билігі неліктен күтпеген жерден қазақтарды қыса бастады?

Мұның себебі, Орталық Азиядағы қазақ, ұйғыр, өзбек, қырғыз, түркімен секілді ұлттардың тілі, діні, мәдениеті, тарихы ұқсас. Олардың өзара ынтымақтастығы жыл санап нығайып келеді.

Гоминдаң кезінде Шынжаңды билеген қанішер Шыншысайға қарсы бұрынғы Кеңес одағының көмегімен Шынжаң қазақтары «Үш аймақ төңкерісін» жасап, Шығыс Түркістан үкіметін құрған (Шығыс Түркістан үкімет емес, Республика болып бекітілген, Өзінің әскері, ақшасы, т.б. мемлекетке қажетті барлық жағдай қарастырылған еді – редакция). Гоминдаң үкіметі коммунистерден жеңілген соң, Шығыс Түркістан үкіметінің басшылары коммунистермен келіссөз жүргізуге барар жолда таңғажайып жағдайда ұшақтары опат болды. Содан кейін олар коммунистерге еріксіз берілді. Өткен ғасырдың 60 жылдары коммунистердің қысымына шыдамаған қазақтар Қазақстанға үдере көшкен Іле оқиғасы туылды. ҚКП бұдан тарихи сабақ алды.

Қазір бүкіл әлем интернет арқылы біртұтастыққа ұласып, ақпараттық дәуірге аяқ басқан тұс. Орта Шығыстағы «қызғалдақ төңкерісі»мен «араб көктемі» революциясы араб дүниесі мен түркі әлеміне еркіндік рухын сеуіп, түрлі қозғалыстардың құрылуын тездетті. Әртүрлі діни және саяи күштер әлемдік оқиғалардың арасына қосылып, тездеп тарай бастады.

Айталық, Сирия жылдар бойы соғыстан көз ашпады. Дара билеуші Асад режимін СССР-дың КГБ-сынан шыққан  Путин қолдап отыр. Иран болса, Хомменидің қатаң тәртібінің астында әзер тұр. Саддам Хусейннен қалған Ирак қоғамы жеңілістерін мойындағысы жоқ, қайта гүлдену партиясын құрып, Бен Ладеннің ұйымымен бірігіп, Сүнниттердің әсіредіншіл ұйымын құрып үлгерді. Түркияның да өз ішінде бас көтеру байқала бастады. Ердоған, Путин, Хоммени үштігі бірігіп, Сирия мен Иракта бас көтерген күрд халқын басуға ұмтылуда. Алайда, тарих алға жылжуда. Күрдтер Иракта ДАИШ-ты жеңген соң референдум өткізіп, дербестік алуды көздеп отыр. Олардың үні Сириядан да, Ирактан да естіле бастады. Иранның демократ жастарын қолдап, ұлттық мүдделерін қорғауға барын салып бағуда.

Орталық Азия елдерінде де бірнеше мәрте төңкеріс болды (Қырғызстанды меңзеп отырса керек – редакция). «Араб көктемінің» дүмпуінің жаңғырығы кез келген сәтте Орталық Азиядан да естілуі бек мүмкін. Қытай билігінің Қазақстанмен ынтымағы аясында жылдар бойы көптеген қазақ жастары білім алуға, сауда жасауға Қазақстанға ағылды. Бұл үрдіс түркі тілдес ұлттардың бірігуіне жол ашты. Бұл Қытай билігін ойлантпай қоймайды.

china-great-wall2.jpg

Қытай коммунистік партиясы Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен «Бір белдеу – бір жол» бағдарламасы аясында бөлінген қыруар қаржы арқылы Орталық Азия елдерінің саяси элитасын, ірі шенеуніктерін өзіне тартып, Шынжаңдағы қысымға назар аудартпауға тырысады әрі осы тәсілді одан ары жалғастыру ниетіне бекіп отыр.

Мысалы, Түркия Прзиденті Ердоған бастаған түркі елдерінің саяси элиталары көз алдындағы мүдделері үшін Шынжаңдағы түркітілдес ұлттарға жасалып жатқан қысымды көре тұра көрмеске, біле тұра білмеске салынып отыр. Сол себепті де, Түркия мен Орталық Азия елдерінің саяси байланысы тым шіркін-ай емес. Ал Назарбаевтың Қазақстанды билеп-төстегеніне 30 жылдан асты. Бұл ел жаңашылдыққа, экономикалық реформаға сүйеніп, дамып келеді.

Қытай мен Ресей күштері Орталық Азия елдеріне әртүрлі жолмен экономикалық және саяси тұрғыдан әсер еткісі келсе де, ұлттық басқыншылық пен бодандықтан құтылу жолында дербестікке ұмтылған жалпытүркілік сипат алатын еркіндік қозғалысы Кавказ бен Орталық Азияның байтақ өңірін шарпып, Тәңір тауын асып өтіп, Сібір мен Моңғол үстіртіне қанат жайып, шығысқа қарай жылжып келеді.   

Қазақстан билігі ішкі-сыртқы қысымға төтеп келеді. Назарбаев Қытай коммунистік партиясы негізін қалаған Шанхай ынтымақтастық ұйымы мен «Бір белдеу – бір жол» экономикалық бағдарламасының қаржылай көмегі (инвестиция – ред.) арқылы өзінің саяси билігінің тұрақтылығын ұзаққа созуды көздейді.

Ал ел ішінде қазақ халқы ұлтшыл демократиялық күштерге үміт артады. Саяси билік бұл күштерге қалай жауап қатарын білмей, бас қатырып отырғандай көрінеді.  Шынжаңдағы қазақтардың кісілік құқының тапталуы Қазақстандағы демократиялық күштердің нығаюын тездете түседі. Қытайдағы қазақтардың паспорттарының жиналуы Қазақстан мен Орталық Азиядағы түркілік демократиялық қозғалыстарды алға жетелей түсті деп болжауға болады. Сондай-ақ, бұл үрдіс әлемнің түкпір-түкпіріндегі ұлт зиялылары мен жастарды идея ортақтығына жетелейтін тетік болып тұр. Әрбір түркі халқының арманы – бодандықтан, бұғаудан құтылып, еркін де азат өмір сүру десек, сол жолда күресу барша түркі зиялылары мен жастардың борышы есептеледі.  

 

www.mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар