Солтүстік Корея мен АҚШ арасында 12 маусымда өтетін саммит болмай қалуы әбден ықтимал. Бұл туралы Ким Чен Ынның дипломатиялық өкілі бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында мәлім етті. Мұның себебі неде?
О баста екі жақ мақұлданған келісім соңғы күндері неліктен керісінше сипат алды? Солтүстік кореялық дипломаттар қазіргі уақытта кездесуге келісім бергенімен, АҚШ-қа бірден мойынұсынғысы келмей отырғаны байқалады.
–Егер шын мәнінде АҚШ бізге деген көқарасын толыққанды өзгертпесе, онда біз саммитті өткізуден бірден бас тартамыз. Мұның барлығы бүгінгі таңда тікелей АҚШ-қа қатысты болып тұр, Егер Ақ үй ішкі ісімізге еріксіз араласа беретін болса, онда біздің жоғары басшылығымыз саммит өткізу мәселесін қайта қарауы мүмкін, – деп мәлімдеді Солтүстік Кореяның дипломатиялық өкілдері.
Әрине, Корей түбегіндгі мемлекет өкілдерінің жанайқайы түсінуге тұрарлық. Келісім бойынша елдегі ірі ядролық полигонын бұзып, жермен-жексен етіп жатқан Пхеньян билігінің Америкаға қазір сенбей отырған жайы да бар.
Осыдан бірнеше күн бұрын, яғни 18 мамыр күні АҚШ президенті Дональд Трамп «Егер Ким Чен Ынмен келісімге келе алмасақ, онда таяу уақытта Солтүстік Кореяда «Ливия сценарийінің» қайталануы мүмкін» екендігін мәлім еткен.
–Егер біз келісімге келе алмасақ, ондай жағдайда Ким Чен Ын Каддафидің тағдырын қайталайды. Мұндай сценарий орын алуы да ықтимал. Егер келісім жүзеге асатын болса, Ким Чен Ыннан бақытты адам болмайды! – деп мәлім еткені белгілі Трамп.
22 мамыр күні өз басшысының сөзін қайталаған АҚШ-тың вице-президенті Майк Иенс «егер Солтүстік Корея президенті келіссөзден бас тартса, жағдай күрт қиындайды. Трампен ойнауға болмайды», – деп қоқан – лоқы жасағаны белгілі.
Солтүстік Корея дипломаттарының 12 маусымда Сингапурде өтетін екі ел арасындағы саммитке қырын қарап, қисық пікір айтуының астарында осындай сыр жатыр. Қалай айтқанда да, АҚШ алдын ала өктемдік жасайтынын аңғартып қойды. Десек те, 12 маусымға дейін әлі біраз уақат бар. Жағдай өзгерер…
Берік БЕЙСЕНҰЛЫ
Айқын газеті