Таяу Шығысқа соғысқа кеткендер қайтып жатыр ма?

4.jpg


Көптеген елдерде үкімет шетелде экстремистер қатарында соғысқа қатысып, кері қайтып жатқан азаматтарына не істерін білмей отыр. Соғыс ошағынан оралған "жихадшылар" саны күрт артқан Қырғызстанның шешімі дайын тәрізді.

Қырғызстан "халықаралық террорлық ұйымдар" қатарында болған деген күдікке ілінгендермен енді өз аумағында үлкен айқасқа түсіп жатқанға ұқсайды. Соңғы бір жылдың ішінде ел территориясында жүргізген 28 қауіпсіздік операциясы барысында билік "Сирия мен Ирактағы террорлық топтармен қатысы бар" деген күдікпен бірқатар адамдарды ұстаған.

Жалпы жағдай толық анық болмаса да, тұтқындаудың жиілеп отырғаны байқалады. Тақырыпқа терең бойламас бұрын тарихына тоқтала кетсек.

Қырғызстан Орталық Азияның басқа мемлекеттеріне қарағанда анағұрлым ашық ел саналады. Елдегі бұқаралық ақпарат құралдары түрлі тақырыптарды, соның ішінде экстремистік топтарға қатысы бар деген күдікке ілінгендерді тұтқындау әрекеттерін де талқылай алады. Алайда, бұл екінші жағынан Қырғызстан содырлар немесе халықаралық террорлық топтармен байланысы бар адамдардың кіріп кетуіне "ең оңай" елге айналуы мүмкін деген сөз.

Аймақтағы өзге елдерде де шетелден қайтып жатқан содырлар бар, бірақ, мәселен, Өзбекстан мен Тәжікстанда бақылау күшті болғандықтан, Қырғызстанмен салыстырғанда олардың саны анағұрлым аз.

Сонымен, Орталық Азиядан кеткен содырлар Таяу Шығыстан көптеп қайтып жатыр ма? Бұл сұраққа Қырғызстанның мысалы арқылы жауап іздеп көрейік.

БАҚ ХАБАРЛАРЫ

Біз мұнда 2016 жылғы қазан мен 2018 жылғы наурыз аралығында қырғыз жерінде содырлардың қалай пайда болғаны туралы хабарларды талдаймыз. Материалда бүкіл Орталық Азия бойынша мәліметтерді жинауға тырыстым, бірақ мұнда кей деректердің болмауы да мүмкін, сондықтан, терроризм күдігіне ілініп, қамауға алынғандар саны осы мақалада айтылғаннан көп болуы да ықтимал.

Мен тек Сирия мен Ирактағы террорлық топтарға қатысы бар деген күдікке ілінгендерді ғана қосып отырмын. Мақалада "Хизб ут-Тахрир", "Таблиғи жамағат", "Якин Инкар" тәрізді "жергілікті" болып саналатын ұйымдарға кірді дегендерді есепке алған жоқпын. Бірақ, 2016 жылғы қазаннан 2018 жылғы наурыз аралығында әлгі ұйымдарға мүше болды деген күдікке іліккендер де тұтқындалып жатты.

Қырғызстан билігінің дерегінше, 600-ге жуық ел азаматы Сирия мен Ирактағы экстремистік топтарға қосылуға кеткен және бұлардың арасында әйелдер мен балалар да бар. Кейбірі сол жақта қаза тапқан. Бірақ, Өзбекстан мен Тәжікстан сияқты қырғыз үкіметін де Таяу Шығыстағы соғыстан қайтуды ұйғарғандардың қайда барып, не істейтіні толғандырады.

2016 жылғы тамыздың 30-ында жанкешті терроршы Бішкектегі Қытай елшілігінің қақпасын бұзып кіруге әрекет жасады. Өзін бомбамен жарып өлген жанкештінің шабуылынан бірнеше адам жарақат алды. Сол жылғы қазанның басында Сириядағы "Ислам мемлекеті" (ИМ) террорлық тобының қатарына қосылды деген Қырғызстан азаматтары туралы видео интернетте жарияланды.

Бішкектегі жарылыс туралы видео (30 тамыз 2016 жыл):

Осы оқиғалардан кейін Қырғызстан қауіпсіздік шараларын күшейтті, бірақ қырғыз арнайы органдары жүргізген операциялар барысында терроризмге күдіктілердің барлығы бірдей қармалмаған тәрізді.

Жаңа, 2017 жылы 39 адамның өмірін жалмап, кемінде 70 кісіні жарақаттаған Стамбулдағы Reina түнгі клубында болған жарылысты Қырғызстан азаматы ұйымдастырыпты-мыс деген ақпарат тараған, бірақ кейін бұл хабар жалған болып шықты, қазір ол шабуылға күдікті ретінде ұсталған Өзбекстан азаматы қамауда отыр.

2017 жылғы қаңтардың екінші жартысында Қырғызстан билігінің назары Бішкек маңындағы Манас әуежайы маңына құлаған түркиялық жүк ұшағының апатына ауды. Апаттан Қырғызстанның 35 азаматы қаза тапты. Оппозициялық "Ата-Мекен" партиясының басшысы Омурбек Текебаев бұл ұшақтағы жүктің бір бөлігі Қырғызстан президентіне тиесілі болған деген болжам айтты. Бірақ терроризм мәселесі ұмыт қалған жоқ. Ақпанның 9-ы күні Қырғызстанның үкімдерді орындау қызметінің басшысы Таалайбек Жапаров "Ел түрмелерінде экстремизм мен терроризмге қатысы бар деп айыпталған 300-ге жуық адам отыр" деп хабарлады. Ол "басқа қылмыстарға қарағанда дәл осы қылмыс түрлері бойынша айыпты деп танылғандар саны жылдам көбейіп келе жатқаны" туралы айтты. Бірақ, ол бұл пікірді растайтын қандай да бір нақты дерек келтірмеді.

2017 жылғы сәуірдің 3-інде Санкт-Петербургте Қырғызстан азаматы Акбаржон Жалилов метро вагонына кіріп, қолындағы бомбаны жарып жіберді деп хабарланды. Шабуыл салдарынан күдіктінің өзімен қоса тағы 14 кісі мерт болып, 40-тан астам адам жараланды.


2.jpg


Санкт-Петербург метросындағы жарылысқа күдікті саналатын Акбаржон Жалилов.


Сол кезде Мәскеуде жүрген Қырғызстан Сыртқы істер министрі Ерлан Абдылдаев сәуірдің 4-інде журналистерге берген сұхбатында: "Қырғызстан терроризм зұлымдығымен күресу үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды", – деп мәлімдеді.

Қазір саралап қарасақ, Абдылдаевтың сол мәлімдемесі жай сөз болып қалмағанын, сол кезден бастап Қырғызстан террормен күрес науқанын шындап қолға алғанын байқауға болады.

Сәуірдің соңына дейін Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитеті (МҰҚК) Сирияда соғысқа қатысып қайтқан деген күдікке ілінген үш қырғыз азаматын ұстады: олардың екеуі Ош қаласында, ал үшіншісі Жалал-Абадта қолға түсті деп хабарлады ТАСС және Интерфакс агенттіктері.

МАРДЫМСЫЗ АҚПАРАТ

Қолға түскендер туралы ақпарат өте мардымсыз, одан кейінгі бір жыл ішінде тұтқындалғандарға қатысты да мағлұмат жоқтың қасы. Алғашқы болып Ошта тұтқындалған 25 жастағы жігітті МҰҚК "Жабғат ан-Нусра" ұйымына мүше болды деп айыптады. Комитет дерегінше, Ошта тұтқындалған екінші "содыр" – 1994 жылы туған жігіт. "Ол террористік топ құрамына 2013 жылы қосылып, кейіннен Сирияға кеткен", және "оның тұтқындалғандарды жаппай өлтіру операцияына тікелей қатысқаны анықталған" деп хабарлады билік орындары. 2016 жылғы ақпанда оған ТМД елдерінде Жеңіс күні мерекесі (9 мамыр) кезінде жарылыс ұйымдастыру миссиясы тапсырылған деген болжам айтылды.

Сәуірдің 24-і күні МҰҚК Жалал-Абад облысында 2016 жылы Сириядағы соғысқа қатысқан "халықаралық террорлық ұйымның мүшесін" қолға түсіргенін хабарлады. Ол Сирияға тағы адам жинау мақсатында Қырғызстанға оралған делінеді.

Экстремизм айыбы тағылғандарды ұстау барысында "халықаралық террорлық ұйым" деген тіркес жиі айтылады.

Маусымның 28-інде МҰҚК "халықаралық террорлық ұйым құрамына" кіріп, Қырғызстанда бірнеше жарылыс жасауды жоспарлаған Қырғызстанның төрт азаматын тұтқындағаны туралы мәлімдеді. Шілденің 19-ында МҰҚК Ош облысының Қара-Суу аймағында "1980 жылы туған М.Б." деген адамды ұстағандарын хабарлады. Халықаралық террористік ұйымның құрамына енді деген күдікке ілінген оның "Сирия-Ирак аймағындағы қарулы жанжалға қатысқаны" айтылды. Тамыздың 14-і мен 19-ында "халықаралық террорлық ұйым" қатарына адам жинап жүрген екі кісі тұтқындалды, олардың бірі – "1994 жылы Ош облысында туған Н.Н." деген адам. Кейін, қыркүйектің 25-інде 1995 жылы туған М.М., қазанның 23-інде 1986 жылы туған Жалал-Абад тұрғыны (Интерфакс), желтоқсанның 11-інде 1989 жылы туған Н.Х., желтоқсанның 28-інде "Сириядан қайтып келіп, Қырғызстанда террорлық әрекеттер ұйымдастыруды ойластырып жүрген" адам (Интерфакс), ақпанның 16-сында 1992 жылы туып, Сирияда жаттығып келген "жасырын террорлық топтың белсенді мүшесі", ал наурыздың 12-сінде "терроршы" деген күдікпен тағы бір адам тұтқындалған.

Бұлардың барлығы – "Сирия-Ирак аймағында" соғысқа қатысып, жаттығудан өткен "халықаралық террорлық ұйымның ықтимал мүшелері" деген күдікпен ұсталғандар. Алайда олардың нақты қай топтың құрамына кіргені айтылмайды.


3.png


Қырғызстан картасы.


Бұған қоса Таяу Шығыста белсенді әрекет етіп жатқан белгілі бір экстремистік топтардың құрамына кірді деп айыпталған қырғыз азаматтары жайлы деректер де болды. 2017 жылғы маусымның 14-інде тұтқындалған Я.У. есімді азамат "Жамаат Таухид уа Жиһад" тобының мүшесі болған деп хабарланса, шілденің 21-інде ұсталған 22 жастағы Ош тұрғыны "Ислам мемлекеті" экстремистік тобының құрамына кірді деп айыпталған. Бұған қоса, тамыздың 29-ында Шу облысындағы атыс кезінде ИМ экстремистік тобының құрамында болған деген күдікке іліккен екі адам оққа ұшқан. Қыркүйектің 2-сінде террорға қарсы операция барысында "ИМ тобы содыры" қолға түссе, қазанның 12-сінде "Жабғат ән-Нусра" ұйымына қосылды делінген Ош облысының тұрғыны, қазанның 13-інде "Ахрар әл-Шам" ұйымында болған деген күдікпен Жалал-Абадтың "У.А." есімді тұрғыны, желтоқсанның 14-інде "Жабғат ән-Нусраға" кірді деген күдікпен Жалал-Абаттың 21 жастағы тұрғыны ұсталған.

Бұлардың барлығы – Қырғызстан азаматтары, бірақ 2017 жылғы сәуір мен 2018 жылғы наурыз аралығында Қырғызстанда бұлардан басқа адамдар да тұтқындалған.

АДАМ ЖАЛДАУҒА КЕЛГЕН ШЕТЕЛДІКТЕР

Қырғызстанның Мемлекеттік ұлттық қауіпсіздік комитетінің айтуынша, елден "Сирия-Ирак аймағына" адам жинауға келген аты аталмаған ТМД елдерінің азаматтары да қолға түскен.

Тамыздың 11-інде "халықаралық террорлық ұйым" құрамына адам жинап жүрген "ТМД елінің азаматы" тұтқындалды деген хабар тараған, қазанның 14-інде "Интерфакс" агенттігі дәл осындай күдікпен тағы бір ТМД елінің азаматы қолға түскенін хабарлады. Қарашаның 1-інде ТАСС ақпарат агенттігі "Сирия-Ирак аймағындағы соғысқа кісі жинап жүрген ТМД елінің екі азаматы қамауға алынды" деген ақпарат таратты, ал желтоқсанның 15-інде ТАСС пен Интерфакс таратқан хабарда "Қырғызстанға адам жинау мақсатында" келген ТМД елінің 25 жастағы азаматы тұтқындалғаны айтылған. Желтоқсанның 27-сінде МҰҚК Сириядан Қырғызстанға келіп, одан әрі Ресейге барып террорлық шабуыл жасауды жоспарлады деп айыпталған "ТМД елінің

азаматын" қолға түсіргенін хабарлады (Интерфакс). Қаңтардың 29-ында Ирак пен Сириядағы соғысқа қатысып келіп, Қырғызстанда терроршылар ұясын ашпақ болған ТМД елінің үш азаматының ұсталғаны туралы ақпарат тарады. Ақпанның 2-сінде МҰҚК қызметкерлері халықаралық террорлық ұйым басшысының пәрменімен "Қырғызстанда террорлық топ құрып, оған басшылық жасаған" ТМД елінің азаматын ұстағаны туралы хабарланды.

БҰЛ АДАМДАР КІМ?

Кей ақпараттарда "тергеу мақсатында" күдіктілердің аты-жөндері аталмайтыны айтылған. Баспасөзде жарияланған хабарлардың жартысынан көбінде есімдерінің бас әріптері, жасы, туған немесе тұратын жері ғана көрсетіледі. Оларды көбіне "сотқа дейінгі қамау орындарында" ұстайды. Бұл адамдар туралы ақпарат сонымен тәмәм болады.

Тамыздың 10-ында Баткен облыстық соты "ИМ тобының үш мүшесіне" үкім шығарғаны туралы ТАСС ақпарат агенттігінің хабары көзіме түсті. Сот оларды ұзақ мерзімге бас бостандығынан айыруға үкім еткен. Жаңалықта үш адамның осыдан бірнеше ай бұрын "террорға қарсы операция кезінде қолға түскені" ғана айтылған. Демек, бұл үшеуі жоғарыда аталғандардың қатарында болмауы да мүмкін.

Қолға түскендер туралы хабарлардың кейбірінде күдіктілердің (ақпарат бергендер оларды ешқашан "күдікті" деп атамайды, бірден "содырлар" не "терроршылар" дейді) жарылыс жасауға қажет материалдары, шағын қарулары болғаны айтылады, террорға қарсы операциялар кезінде экстремистік мазмұндағы кітаптар да табылады. Жоғарыда айтылғандай, күдіктілердің кейбірі Қырғызстанға қатарына адам жинау мақсатымен келгендер. Алайда көбі "террорлық шабуыл жоспарлағандар", бірақ ол жоспарлар туралы билік нақты мәлімет бермейді.

2016 жылғы қазан мен 2017 жылғы наурыз аралығында "халықаралық террорлық ұйымның құрамында болды" деген айыппен Қырғызстанда түрмеде отырған адамдар туралы ешбір ақпарат таппадым. Бәлкім, ондай ақпараттар жарияланған да шығар, бірақ ондайлардың саны көп болмауы тиіс, себебі осы уақыт ішінде мен жинақтап, зерттеген мыңдаған беттің арасынан көзге түскен болар еді.

Санкт-Петербург метросындағы жарылыстан кейінгі бір жылға жуық уақыт ішінде 40 адам тұтқындалып, екеуі өлтірілген.

Қырғызстанда қолға түскен бұл адамдар қауіпсіздік күштері террорға қарсы кең ауқымды операциясын бастағанға дейін көзге түспей жүрген бе? Әлде Бішкек Санкт-Петербургтегі жарылыстан соң Кремльге және басқаларға "террор қаупін азайтуда қолдан келгеннің бәрін істеп жатырмыз" деген ниетін көрсеткісі келді ме? Әлде мұнда өзге бірдеңе болып жатыр ма?

Қырғызстандағы соңғы науқан осындай сан түрлі сауал тудырып отыр.

Азаттық радиосы



Ұқсас тақырыптар