G7-ге кіретін мемлекеттер Американың алюминий мен болат импортына қатысты енгізген жаңа тарифтеріне қатысты наразылықтарын білдіріп, АҚШ-тың қаржы министрі Стив Мниучинді сынның астына алды. Ал Францияның министрі Бруно Ле Мэр бірнеше күннен кейін «сауда соғысы» басталып кетуі мүмкін екенін айтты, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігі ВВС басылымына сілтеме жасап.
Трамп твиттер парақшасында АҚШ-ты көп жыл бойы басқа мемлекеттер сауда саласында талап келгенін айтты. Оның айтуынша, болатқа енгізген тариф америкалық металлургтерді қорғап, ұлттық қауіпсіздік үшін маңызды рөл атқара алады.
Сонымен қатар АҚШ президенті америкалық фирмалар Еуропа мен басқа мемлекеттерде көп кедергіге тап болатынын жеткізіп, «Ақылдырақ болатын кез келді», деп жазды.
Жақында АҚШ-тың сауда министрі Уилбур Росс Қытайдың вице-премьері Лю Хэмен Бейжіңде кездесіп, сауда мәселесін талқылаған. Ол АҚШ пен Қытай арасындағы сауда дефицитін жою үшін ауыл шаруашылығы мен энергетика саласы бойынша жаңа келіссөздер жасауға үмітті. Айта кету керек, ол Бейжіңге Вашингтон қытай тауарларына 50 млрд доллар қосымша тариф енгізетінін айтқаннан кейін бірнеше күн өткен соң барды.
Ал бейсенбі күні Росс баж салығы болатқа 25 пайызға, алюминиге 10 пайызға артқанын айтты. Бұл өнімдер АҚШ-тың мұнай өндірісінде, құрылыс саласында кеңінен қолданылатын шикізат саналады. Ал Канада, Мексика мен Еуроодақ 2017 жылы АҚШ-қа 23 млрд доллар тұратын болат пен алюминий экспорттаған. Бұл Американың былтырғы жылғы болат пен алюминий импортының жартысына жуығын қамтиды. 2017 жылы бұл екі металлдың импорты АҚШ-та 48 млрд долларды құраған.
Ростың мәлімдемесінен кейін Еуроодақ, Канада, Мексика келіссөздер өткізді. Франция президенті Эммануэль Макрон Трамптан аталған тарифтерді «заңсыз» деп тануын сұрады. Ал АҚШ президенті Еуроодақпен жүргізілетін сауданың балансын реттеу қажеттілігі туғанын айтты. Ал Еуроодақ болса америкалық 10 беттен тұратын тауарлар тізіміне тариф енгізді. Канада 1 шілдеден бастап АҚШ экспортына 25 пайыздық тариф енгізетінін мәлімдеді. Бұл тарифтер америкалық болат, тұтынушылық тауарлар мен, йогурт, кофеге қатысты болады деген болжам бар.