БҰҰ-ның Ақтау саммитінде қабылданған Каспий конвенциясын мойындауы, оның халықаралық маңызы бар екендігін көрсетті. Бұл жайында Тарих ғылымдарының докторы, профессор, саясаттанушы Сайфулла Сапанов Baq.kz тілшісімен сұхбаттасу барысынада айтты.
Сарапшы, Каспий елдерінің бесінші саммиті тарихи маңызы бар шара екендігін және ол жерде Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі туралы конвенцияға қол қойылғандығын айтып өтті.
«20 жылдан аса уақытт мұндай конвенция қабылданбай келді. Оның себебі КСРО ыдырағаннан кейін Каспийде геосаяси жағдай қалыптасты. Өйткені кейбір мемлекеттер өздерінің геосаяси мүдделерін жоғары қойып, әр саммит кезінде Каспийдің мәртебесіне қатысты келіспеушіліктерін білдіріп келді. Қазақстанның ұстанымы Каспийдің тек құқықтық мәртебесін мойындау болатын. Бірақ ол жерде үлкен геосаяси ойын басталып кеткеннен кейін бұл мәселе ұзаққа созылып кетті. Дегенімен, көптеген жұмыстардың жүргізілуі нәтижесінде Ақтау саммитінде дипломатиялық келісімге қол қойылды. БҰҰ бұл конвенцияны мойындауы, оның халықаралық маңызы бар екендігін көрсетеді», - дейді ол.
Сонымен қатар ол, конвенцияның экономикалық тиімділігіне тоқталып, теңіздегі сауда кемелері үшін ортақ тариф белгіленетіндігін жеткізді.
«Елбасы Ақтаудағы Құрық портын ашты, ол да геоэкономикалық, геосаяси маңызға ие және бұл саммиттің алдында өзге мемлекеттерге үлгі ретінде жасалған үлкен шара болып есептелді. Өйткені конвенцияның қабылдануы барлық мемлекеттер үшін геосаяси ғана емес, экономикалық та тиімді болу керек. Осы конвенциядан кейін теңіздегі сауда кемелері үшін ортақ тариф бекітіледі. Бұрын ондай болмады, мәселен Әзірбайжан өз бағасын қойды, Ресей өз тарифін қойып келгендіктен ол тиімсіз еді. Сондықтан Каспий теңізінің ортақ экономикалық аймаққа айналуы өте маңызды. Оны барлық мемлекеттер түсініп отыр, оның үстіне АҚШ тарапынан Ресей мен Иранға санкциялар салынып жатқандықтан оларға да тиімді болып тұр», -деді С. Сапанов.
Сөз арасында сарапшы Каспий теңізіне көз тігіп отырған сыртқы ойыншылар өте көп екендігін, алайда келісімге сай енді бөтен ойыншылар енгізілмейтіндігін айтып өтті.
«Каспий теңізіне көз тігіп отырған сыртқы ойыншылар өте көп. Оның ішінде Америка құрама штаттарының да мүдделері бар. Өйткені теңіз жағалауында көптеген америкалық мұнай компаниялары жұмыс істеп жатыр. Одан кейін Каспий теңізі жағалауы елдері арасында көптеген жайттар түсінбеушілік тудырып келген. Жақында БАҚ-та Маңғыстауда Американың әскери базасы ашылады деген қауесет тараған болатын. Міне, осы конвенцияда еш мемлекет Каспий жағалауын бөтен ойыншыларға жалға беруге немесе базасын бере алмайтындығы нақты айтылды. Сондықтан бұған дейінгі қауесеттің барлығы ауаға ұшты», -дейді ол.
Саясаттанушы, әлі де атқарылатын іс көп екендігін, оның ішінде Каспийдің түбін бөлу, еркін экономикалық аймаққа кіріп-шығу мәселелері болашақта нақтыланатындығын жеткізді.
«Жалпы бұл мәселелер бойынша да ортақ шешімге келді. Бұрын теңізді бөлу, оның акваториясын бөлуде келіспеушіліктер болатын. Конвенциядан кейін енді олардың барлығы нақтыланады, өйткені Каспий ортақ теңіз. Дегенімен экоресурстарды, фаунасын, флорасын, энергетикалық ресурстарын ортақ және еркін пайдалану және тасымалдау мәселесінде де үлкен алға басушылық болды. Бұған дейін көптеген талқылаулар болды, дегенімен қазір уақыт келді деп есептеледі», -дейді сарапшы.
С. Сапанов бұл конвенцияның Ақтауда қабылдануы – Қазақстан мемлекетінің Каспийді милитаристік мақсатта қолданбау тұрғысында ұзақ уақыт бойы атқарған дипломатиялық жұмысының жетістігі деп білетіндігін жеткізді.
«Бұл мәселе осы уақытқа дейін неге шешілмей келді десек КСРО ыдырағаннан кейін, аяқ астынан «Каспий теңіз бе әлде көл ме» деген мәселені тудырды. Кеңес одағы тұсында ондай мәселе болған жоқ, Каспий теңізі деп есептелген. Одақ ыдырағаннан кейін Ресей өзінің геосаяси, экономикалық мақсаттарымен Каспийді көл деп қарау керек деген ұсынысын енгізді де, теңіз конвенцияларына қатысты конвенцияны Каспийге қабылдамауға тырысты. Иран да солай істеді, тіптен Әзербайжан да соған мүдделі болды. Бірақ Каспий теңізінің құқықтық мәртебесі қабылданды, енді оған ешкімнің таласы жоқ. Оның арғы жағында осы бес мемлекеттің экономикалық мүдделері де ескерілетін болады, саяси және қауіпсіздік жағынан да маңыздылығы артып отыр», -деді ол.
«Енді өзге мемлекеттердің кемелері апаттық жағдайға ұшырап жатса жақын жердегі елдің кемелері емін-еркін кіріп, оған көмек көрсете алады. Конвенция болмаса емін-еркін кіруге рұқсат жоқ еді. Бұған дейін осылай кірген жағдайда айыппұл немесе салық төлейтін. Жалпы Каспий теңізі дүниежүзі бойынша ең «тентек» теңіз болып есептеледі екен», -дейді саясаттанушы.
Сондай–ақ, ол саммитің Қазақстанда өтуі біздің мәртебемізді тағы бір рет арттырғандығын жеткізді.
«Өйткені халықаралық саясатта Қазақстан үлкен бастамамен шығып, оның нүктесін қоя білді. Бұл тұрғыда көптеген талас болды, әлемдік саясаттанушылар, зерттеушілер конвенцияға қол қойылмайды, келеңсіздік күшейе түседі дегендей айтып жүрді. Алайда бес мемлекет басшылары үлкен салихалы саясатпен, көрегенділікпен және қазіргі жағдайдағы қалыптасқан геосаяси мәселеге байланысты орынды шешім қабылдады деп есептеймін», - дейді ол.
Әділет МҰСАХАЕВ
Baq.kz