Орта Азия елдерінің президенттері Арал тағдырын талқылайды

4.jpg

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшыларының саммитіне қатысу үшін Түрікменбашы қаласына келді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Сапар барысында Елбасы мемлекеттер басшыларының шағын және кеңейтілген құрамдағы отырыстарына қатысып, Түрікменстан Президенті Гурбангулы Бердімұхамедовпен кездеседі деп жоспарланған.

Айта кетейік, 1993 жылдың 4 қаңтарында Ташкентте Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Халықаралық Аралды құтқару қорын құру туралы бірлескен коммюнике қабылдаған болатын. Сол жылдың 26 наурызында  Қызылордада Орталық Азия мемлекеттерінің басшылары Арал теңізі мен Арал маңы проблемасын шешу, Арал теңізін сауықтыру және әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету жөніндегі бірлескен іс-қимыл туралы шешім қабылдаған еді. Мұнан кейін де Мемлекет басшылары бірнеше мәрте бас қосып, теңіздің проблемалық мәселелерін талқылады. Ал соңғы кездесу осыдан 9 жыл бұрын (2009)  Алматы қаласында өтті.

Айта кетерлігі, еліміз Тәуелсіздік алған жылдан бастап-ақ Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Арал проблемасына әлемдік қоғамдастық назарын жиі аудартып, Біріккен Ұлттар Ұйымының биік мінберінде де көтерген еді. Мәселен, 2017 жылы 27 қыркүйекте БҰҰ-ның 2015 жылдан кейінгі даму кезеңіне арналған күн тәртібін қабылдау жөніндегі саммит барысында Қазақстан Президенті: «Жойылып бара жатқан Арал теңізінің мәселесі біздің өңірге ғана емес, бүкіл әлемге қатер төндіреді. Теңіздің тартылуы салдарынан жыл сайын 75 миллион тоннаға дейін шаң мен улы тұзды жел көтеріп, оның тозаңы қазірдің өзінде Еуропа мен Антарктидадан табылып отыр. Дүниежүзілік банктің қолдауымен біз Арал теңізінің солтүстік бөлігін қалпына келтірдік.  Біз БҰҰ-мен және халықаралық қоғамдастықпен бұрынғы Семей ядролық полигоны аймағын сауықтыру жөнінде белсенді түрде ынтымақтастық орнатып отырмыз. Орталық Азия елдері бұл экологиялық проблемалармен күресу үшін көмек күтеді», - деген болатын.



Ұқсас тақырыптар