Еуропа Одағы Иранмен есеп айырысу үшін АҚШ санкцияларын айналып өтетін қаржы институтын құрады.
Еуропа Одағы (ЕО) Иранмен есеп айырысу үшін АҚШ санкцияларын айналып өтетін қаржы институтын құрады. Бұл туралы ЕО-ның сыртқы саясат жөніндегі жоғарғы өкілі Федерика Могерини мәлім етті, деп хабарлайды Азаттық.
Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей және Қытай өкілдері арнайы мәлімдемеде Тегеран ядролық келісім шарттарын орындайтынын растайды. Бұның алдында ядролық келісімнен АҚШ шығып кеткен еді. Аталған бес ел Иранның мұнайы мен газын экспорттауды қолдауға келіскен.
АҚШ, Ұлыбритания, Франция, Германия, Ресей және Қытай 2015 жылы Иранмен ядролық келісімді қабылдаған. Құжат Тегеран ядролық бағдарламасынан бас тартқан жағдайда Иранға салынған халықаралық санкцияларды алып тастауды қарастырады. Биыл мамырда АҚШ президенті Дональд Трамп Вашингтонның Иранмен арадағы ядролық келісімнен шығатынын мәлімдеген. Вашингтон одақтастарынан Ираннан мұнай сатып алмауды талап етіп, санкция салатынын мәлімдеп доқ көрсеткен.
Еуропаның инвестициялық банкі Ирандағы еуропалық кәсіпорындардың жобаларын қолдаудан бас тартты. Бұның алдында Швецияның көлік құрастыратын Volvo компаниясы Иранда жүк көліктерін құрастыруды тоқтатқанын мәлімдеген. Volvo Вашингтон енгізген санкцяларға байланысты Иранмен ақша айырбасын жүргізе алмай отыр.