Солтүстікке 690 отбасы қоныс аударады

Биыл Түркістан, Жамбыл, Қызылорда, Алматы облыстарынан Солтүстік Қазақстанға 690 отбасы қоныс аударады. Бұл бұрынғы жылдармен салыстырғанда 4 есе көп.

 Бұл «Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасы аясында жүзеге асады. Осыдан бірнеше жыл бұрын басталған солтүстікке көшу жоспары біртіндеп жүзеге асып келеді. СҚО, ШҚО, Қостанай, Павлодар, Ақмола облысына халық тығыз орналасқан, жұмыс күші көп оңтүстік өңірлерден жұмыс күшін тарту, қажетті мамандарды шақыру жоспары қолға алынған.

nXpq4dN5.jpg

Солтүстік Қазақстан облыстық көші-қон комитетінің деректері бойынша, өңірге дәл қазіргі уақытта мыңға жуық маман жетіспейді. Солтүстікте негізінен медицина, білім, аграрлық және халыққа қызмет көрсету салаларында әртүрлі мамандық иелеріне сұраныс жоғары. Аққайың ауданының тұрғындары дерматолог дәрігерге қаралу үшін сенбі күні кезекке тұратын, яки облыс орталығына барып қаралатын. Себебі, дерматолог дәрігер аптасына бір рет қаладан келетін. Оңтүстіктен Құлдашвтер отбасы қоныс аударғалы бері бұл мәселе түбегейлі шешілді. Аққайың ауданының науқастарын Гүлчехра Құлдашева қарайды. Дәрігер отбасымен солтүстікке қоныс аударғанына қуанышты. Оның бірнеше себебі бар.

Гүлчехра Құлдашева, дәрігер:   

– Біздің осында көшіп келгенімізге жарты жылдан асты. Шымкент қаласынан маған жұмыс табылмады. Үш балаға қарап үйде отырдым. Солтүстікке мамандарды шақырып жатыр дегенді естіп, қоныс аударуға бел будық. Басында климатына қалай үйренеміз деген қорқыныш болды. Қазір елмен де, жермен де танысып, бауыр басып қалдық. Көшу шығындарын берді, үй сатып алуға мүмкіндік туды. Балаларымыз мектепте оқып жатыр. Жас мамандарды солтүстікке келуге шақырып жатырмыз.

Анестезиолог дәрігер Ергеш Құлдашев болса, келе салып қызметке тұрып, жергілікті биліктен қолдау тапқанын, алдағы уақытта өзінің туыстарын солтүстікке шақыру ойы барын айтады. 690 отбасының 32-сі осы Аққайың ауданына орналасып үлгерген. Жыл аяғына дейін тағы 3 отбасы көшіп келеді. Әкімдіктегілер табиғаты көркем, жері кең ауданға алдағы жылдары бұдан да көп отбасын көшіріп әкелу жоспарлары бар екенін жеткізді.

Солтүстік Қазақстан облысына осы жоба аясында көшіп келушілерге арнап 2021 жылға дейін 3 мың отбасылық тұрғын үй салынбақшы. Үкіметтің көші-қон саясатының 2017-2021 жылдарға арналған тұжырымдамасы бойынша ішкі көші-қонды реттеу жоспары бекітілген. ҚР Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі 2018-2022 жылдары солтүстік аймақтарға (СҚО, ШҚО, Павлодар, Қостанай, Ақмола) 59 мың отбасын көшіру жоспары барын мәлімдеген. 2018 жыл осы межені орындаудың алғашқы жылы.

mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар