Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесі берілмеді

Қазақстан Қытай азаматы, этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға босқын мәртебесін бермеді. Бұл туралы Азаттыққа Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан хабарлады. Қорғаушының айтуынша, Сауытбайдың босқын мәртебесін беруді сұраған өтінішін 4 қазанда Талдықорған қаласында Көші-қон комитетінің жанынан құрылған комиссия қараған. Бұл туралы www.azattyq.org сайты хабарлады.

37082416_1852138031496514_3058080357577392128_o.jpg

- Босқын мәртебесін сұраған өтінішті Талдықорған қаласында бергендіктен комиссия жұмысы осы қалада өтті. Комиссия құрамында Сыртқы істер министрлігі, Ішкі істер министрлігінің өкілдері және Қазақстанның басқа да органдарының өкілдері болды. Бұл күтпеген шешім деп айта алмаймын. Комиссия отырысының хаттамасы дүйсенбі (8 қазан - ред.) қолыма тиеді. БҰҰ-ның босқындар ісіне жөніндегі комиссариатына хат жаздым. Енді БҰҰ-ның азаптауға қарсы комитетіне жазамын. Олардан Қазақстанға нота жіберуді сұраймын. Осы нота арқылы [Сайрагүл Сауытбайға] Қазақстан босқын мәртебесін беруі мүмкін. Сайрагүл Қазақстаннан алты ай шартты жаза мерзімін алды ғой. Осы жазаны ол Қазақстан аумағында өтеуі тиіс. Комиссия шешімін сотқа бере қоймаймын. Бір жыл уақыт бар, - дейді адвокат Азаттыққа.

Азаттық адвокаттың сөзіне қатысты Қазақстан Сыртқы істер министрлігіне жауап алмақ болған. Министрлік өкілі ақпаратты анықтау қажет екенін айтып, кешірек хабарласуды өтінді.

Қытай қазағы Сайрагүл Сауытбай Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыпталып, қамауға алынған. Тамызда Алматы облысының Панфилов аудандық соты Сауытбайды Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өтті деп айыптап, алты ай бас бостандығынан айыру, бірақ оны "жазасын жеңілдететін ерекше жағдайына" байланысты шартты жазаға алмастыруға үкім кескен.



Ұқсас тақырыптар