Қазақстан: Түрік бауырларға көмегіміз дайын!

Түркияның оңтүстігінде болған жойқын жер сілкінісіне байланысты Қазақстан билігі Түркияға көмек қолын ұсынып, арнайы мәлімдеме жасады.

thumbs_b_c_2c97588dcef2d00ae13c3a056753bbe7.jpg


Осыған дейін президент Тоқаев Түркия президенті Режеп Тайып Ердоғанға көңіл айту жеделхатын жолдаған еді. Онда:

«Түркия Республикасында болған аса күшті жер сілкінісі салдарынан көптеген адамның қаза тапқаны туралы суыт хабарды зор күйзеліспен қабылдадым. Осындай қиын сәтте жақындарынан айырылған отбасыларға, сондай-ақ бүкіл түрік ағайындарымыздың ауыр қайғыларына ортақтасып, Қазақстан халқының және жеке өзімнің атымнан көңіл айтамын», – деп жазылған.


Артынша Қазақстан президентінің баспасөз хатшысы Руслан Желдібай әлеуметтік желідегі ресми парақшасында:

«Президент Үкіметке Түркияның оңтүстік-шығысында болған жойқын жер сілкінісінің салдарын еңсеруде шұғыл көмек көрсетуді тапсырды. Сыртқы істер министрлігі мен Төтенше жағдайлар министрлігі түрік билігімен байланыс орнатты.Жақын арада Түркия Үкіметінің өтініші бойынша зардап шеккен өңірлерге қазақстандық құтқарушылар мен дәрігерлер ұшады», - деп жазды.


Ал Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған бұл шетін оқиғаға қатысты:

«Бұл Түркия тарихындағы 1939 жылдан бергі ең жойқын жер сілкінісі болды. Қаза тапқандардың саны - 912 адамға, жараланғандар саны - 5385 адамға жетті», - деп мәлімдеді.


Бұған дейін хабарланғандай,Түркияның оңтүстік-шығысында 7,8 магнитудасына дейін үш рет жер сілкінді. 7,8 балдық ең қуатты жерасты дүмпуі Кахраманмараш провинциясындағы Пазарджик ауданында жергілікті уақыт бойынша 04:17-де, 7 км тереңдікте болды. Содан кейін әртүрлі аймақтарда - Адана, Анкара, Анталья, Газиантеп, Кайсери, Мерсин, Трабзон, Урфада жарты сағат бойы жер сілкінген.


Mezgil.kz



Ұқсас тақырыптар