АҚШ президенті Дональд Трамп Ким Чен Ынмен мамыр айына дейін кездесуге келісті. Осылай деп мәлімдеді Оңтүстік Корея президентінің ұлттық қауіпсіздік бойынша кеңесшісі Чон Ый Ён Ақ үй басшысымен арада болған келіссөзден кейін, деп хабарлады Baq.kz ақпарат агенттігі РИА Новости сайтына сілтеме жасап.
Чон Ый Ённің айтуынша, Оңтүстік Корея мен АҚШ КХДР мәселесін шешуге оптимистік тұрғыдан қарап отыр. Мұнымен қатар, ол Пхеньян «айтқандарын жүзеге асырып, іске көшпейінше» КХДР-ның қысым жасай беретінін жеткізді.
«Корея республикасы АҚШ-пен, Жапониямен және өзге де көптеген серіктесімен Корей жартылай аралын жаппай денуклеаризациялауға дайын», — деп қосты ол.
БАҚ-тың хабарлауынша, Трампқа Ким Чен Ын жіберген хат табысталған. Мұнымен қатар, Чон Ый Ён Ким Чен Ынның келіссөздер барысында Солтүстік Кореяны толықтай денуклеаризациялауға дайын екенін жеткізді.
Ақ үй өкілі Сара Сандерс Трамптың Ким Чен Ынмен кездесуге дайын екені туралы ақпаратты растады.
«Ол (Трамп) белгіленген уақытта, белгіленген жерде Ким Чен Ынмен кездесуге келісімін берді. Біз Солтүстік Кореяның денуклеаризацияланғанын асыға күтіп жүрміз. Сондай-ақ барлық санкция мен максималды қысым осы қалпында қалуы тиіс», —деп мәлімдеді Сандерс.