Собчак: "Скрипаль ісіне" қатысты Ресей билігіне санкция салу керек

9.jpg


Ресей президенттігіне кандидат, тележүргізуші Ксения Собчак Ресей сыртқы барлау қызметінің бұрынғы офицері Сергей Скрипальді улауға Мәскеудің қатысы бар деген болжам расталса Ресейге қарсы жаңа санкциядар салуы тиіс деген пікір білдірді. Собчак бұл жайында немістің Bild басылымына берген сұхбатында айтты.

"Егер қастандық артында Ресей тұрған болса, жаңа санкция салынбай қоймайды" деді Собчак. Оның сөзінше, "жемқорлыққа батқан билік элитасына", яғни "Владимир Путиннің серіктеріне" қарсы жеке-жеке шектеу шараларын қолдану керек. Собчактің ойынша, қара тізімге ірі мемлекеттік корпорациялар, оның ішінде "Роснефть" және "Газпром" компаниялары ілінуі тиіс.

Сергей Скрипаль мен қызы Юлия наурыздың 4-і күні Солсберидегі сауда орталығында ес-түссіз күйде табылып, ауруханаға жеткізілген. Сергей Скрипальді 2006 жылы Ресей соты "Ұлыбритания тыңшысы" деп айыптап, 13 жылға түрмеге қамауға үкім еткен. 2010 жылы Мәскеу АҚШ-та ұсталған ресейлік он агентті Ресейде Батыс мүддесіне тыңшылық еткен деген айыппен сотталған төрт адамға алмастырған кезде солардың арасында Скрипаль да болған. Ол содан бері Ұлыбританияда тұрып жатқан.

14 наурызда Ұлыбритания премьер-министрі Тереза Мэй Ресейді "Скрипальді улады" деп айыптап, ресейлік 23 дипломатты қайтаратынын мәлімдеген. Ресей Сыртқы істер министрлігі Мәскеу бұған жауап шараларын таяу уақытта жасайтынын ескерткен.

Азаттық радиосы


Ұқсас тақырыптар