Бір қайнауың кем болды: Жанар Айжанова Ернар Айдарды "фонограммаға мініп алған" деп айыптады

Таяуда көрермен көзайымына айналған “Жұлдызды жекпе-жек” жобасының екінші маусымы көрерменге жол тартты. Былтыр аталған жобаның жеңімпазы Қайрат Нұртас атанғаны естеріңізде болар?! Биыл Ерке Есмахан, Ернар Айдар сынды ел алдында жүрген танымалдар бақ сынауда, деп хабарлайды Stan.kz ақпараттық агенттігі.

Алдыңғы аптада Ерке Есмахан 10 жылдан кейін сахнаға қайта оралған Зарина Омаровамен жарысып, басым түсті. Ал өткен сенбіде хитмен Ернар Айдар әріптес-досы Ғазизхан Шекербековпен “жекпе-жекке” түсті. Қазылар алқасының құрамында болған Жанар Айжанова қатысушылардың өнеріне қатысты әділ бағасын беруге тырысты. Ол нағыз еркектердің әнін айтып, патриоттық танытқан Ғазизханға алғыс айтып, Ернар Айдарды “фонограммаға мініп алған” деп айыптады.

“Ернардың өзінің шап-шағын даусына арнап айтып жүрген репертуары бар. Кей әншілердің керемет кең диапазонды әндері бар, бірақ репертуардан өмірі жарымайды. Өзіне қандай ән келетінін таңдай алмайды. Не әрі емес, не бері емес, әйтеуір жүреді. Ал Ернар өзіне сай келетін әндерді айтып жүр. Демек Ернардың талғамы мықты. Ернардың сахнаға жай шыға салғанын көрген емеспін. Өзін, халықты сыйлағаны шығар. Өзінің әдемі имиджі бар. Сол қасиетін жақсы көремін”, – деп атап өткен Жанар Айжанова мақтаумен қатар хитменді сын “қамшысымен” сабап алды.

“Енді өтірік мақтай беруге болмайды. Ернар негізі дайындығың аз сияқты, тойға барып, сен де әбден фонограммаға мініп алған балалардың бірісің. Сондықтан бір қайнауың кем болды. Жігітке серуен де серуен, сергелдең де серуен. Бірақ бүгін өзіңнің де көзің жетті, жанды дауыспен ән айта аласың. Фонограммасыз да сен Ернар Айдарсың. Бүгіннен бастап әрі қарай жалғастырсаң, даусың кең диапазонды әндерге жетеді. Сондықтан өзіңді аяма, сонда халық сені төріне шығарудан шаршамайды”, – дейді Жанар Айжанова.



Ұқсас тақырыптар