Адам өміріндегі ең бір қызықты, қуанышты да ұмтылмас белеcі – оның үйленіп, жеке отау тігуі. Қазақ халқының ұлын үйлендіріп, қызын ұзатуда ғасырлар бойы желісін үзбей жалғасып келе жатқан өзіндік салт-дәстүрлері бар. Бұл салт-дәстүрлер бүгінде де қазіргі заман талабына қарай мазмұнын жаңартса, енді бірі әлі де болса түрін, атауын бергенмен, ішкі мәнін сақтап, сабақтасып, халықтың әдет-ғұрпына айналған. Сондықтан, үйленуге байланысты салт-дәстүрлерде қалыңдық атастырудан бастап шаңырақ құрғанға дейінгі толып жатқан әдет-ғұрыптар халқымыздың күнделікті өміріндегі өзіндік этникалық қасиеті, ерекшелігі нормасына кіреді.
Неке құру үшін әдетте заңдар мен экзогамдық нормаларға, әлеуметтік, таптық, күйеу мен қалыңдықтың этникалық және рулық құрылысына сәйкес шектеулер болады. Қазақтар әлі күнге дейін жанұя құруда дәстүрлі тиымдарды қатаң сақтайды. Мысалға, барлық жерде жеті атасы толғанға дейін туыстар арасында өзара қыз алыспайды.
Үйлену салты негізінен құдалық, үйленуге дайындық, той және тойдан кейінгі әдет-ғұрыптар сияқты циклдерден құралады.
Құдалық – этномәдени кеңістіктегі құрылымы күрделі институт. Құдалықтың құрылымы бірінен соң бірі болып жататын бірнеше ғұрыптардан, ал ғұрыптар әртүрлі атқарылатын жол жоралғылардан тұрады, сондай-ақ жөн-жоралғыларда берілетін әрқилы кәделер болады. Құдалықта атқарылатын ғұрыптар мен жөн-жоралғылар, берілетін кәде-сыйларды құдаласушы екі жақтың, қыз бен жігіттің араларындағы материалдық, құқықтық, этикалық қарым-қатынасты реттеуге айрықша қызмет атқарады.
Құда түсу салтындағы құдаласу, құда түсу ғұрпы алдымен қыз көру жоралғысынан басталады. Көңілдеріне жаққан соң, жігіттің әкесі қыздың ата-анасына туыстығы бейтарап, жөн білетін адамды «жаушы» етіп жібереді. Қыз жақтың қарсы емесін, сұралатын қалыңмал мөлшерін шамалаған соң, жігіт жақ қыз айттыруға өз туыстарын жібереді. Қыз айттырушылар ақшалай немесе мал түрінде «сырға салар» кәдесін береді. Бұдан кейін құда (жігіт әкесі) келісімді үлкен кәделердің, яғни «ілу», «сүт ақы», «той малы» қандай көлемде болатынын, есік көруге кімдер баратынын шешеді. Артынан «шатыр байғазы», «қыз көрсетер», «жан ашыр» секілді салт-жоралғылары мен сыйға тартылатын кәделерімен жалғасын табады.
А. Бейсегулова
«Ұлттық құндылық» жобасы аясында
Алматы қаласы Ішкі саясат басқармасы тапсырысымен
«Педагогикалық ғылымдар академиясы» ҚБ
Mezgil.kz