Биыл ән атасы Әміре Қашаубаевтың туғанына 130 жыл толып отыр. Әншінің мерейтойы жақында өзінің кіндік қаны тамған Ақбұлақ ауылында аталып өтті. Ақбұлақ ауылы – Шығыс Қазақстан облысы Семей қаласына қарасты шағын ауыл. Қалаға үш жүз шақырымдай қашықтықта орналасқан. Кеңестік кезде Ақбұлақ совхозы болған бұл ауылдың құрылғанына биыл 50 жыл. Шағын ауыл десек те бұл жолы ауыл әкімшілігі, тұрғындары мен тумалары, ауылдан қанаттанған түлектер мұндай жауапкершілікті мойындарына ала отырып, қос мерекені жоғары деңгейде атап өтті. Дүние жүзіне танымал Әміренің тойын республикалық деңгейде алғаш атап өткен осы ақбұлақтықтар десек артық болмас.
Қос атаулы мерекені өткеру қомақты қаржыны, қажырлы еңбекті талап ететіні белгілі. Бұл міндеттердің барлығын да ауыл тұрғындары өздері көтеріп алған. Әміредей аңызды өмірге әкелген топырақтың киесі бұл жолы да ақбұлақтықтарды бір кісідей ұйымшылдыққа біріктірген. Ақбұлақ ауылының әкімі Нұртай Теміржановтың айтуынша, елді мекендегі шаруа қожалықтары, ауылдан шыққан кәсіпкерлер, кезінде ауылдан көшіп кеткен тұрғындар, әр жылдардағы түлектер барлығы бір кісідей ат салысып, қаржылай қолдау танытып, жүкті жұмыла көтерген. Осы ауылдың тумасы, «Дизайн Мебель» жиһаз фабрикасының директоры Сағатбеков Мақсат Қалиханұлы тойға қаржылай көмек көрсетумен қатар, аламан бәйге және түрлі спорттық жарыс ойындарының бағалай жүлде қорына демеушілік жасай білді. Бұл күні – Ән ата ауылында ән қалықтаған, күй ойнап, ат жарысқан, көңіл серпіліп, ду думан болған күн болды.
Ауқымды шараға жазушы, Сәтбаевтанушы, драматург, аудармашы Медеу Сәрсеке, Әміретанушы, белгілі музыка зерттеуші ғалым Жарқын Шәкәрім сияқты зиялы қауым өкілдері, Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов бастаған әкімшілік топ, ШҚО бойынша Абыралы өңірінің облыстық мәслихат депутаты Марат Құрманбаев, қазақтың Ақселеуінің інісі, заңгер Асылхан Сейдімбеков, Семей қалалық Мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бастығы Назерке Аққожина, Амангелді Жікенов, Жоламан Құжиманов, Бақыт Үдербаева, Гүлмира Сарина сынды әр қаладан келген дәстүрлі өнер дүлдүлдері, Ақбұлақ ауылының әр жылдардағы тұрғындары арнайы келді. Қонақтар, алдымен, Ақбұлақ ауылындағы Әміре ескерткішіне гүл шоқтарын қойып, әнші рухына тағзым етті. Ауыл тумалары ата-бабалар басына барып құран оқып, дұға бағыштады.
Салтанатты жиын ашық алаңда Әміре Қашаубайұлының 130 жылдығына және Ақбұлақ ауылының 50 жылдығына арналған мерекелік шарамен ұласты. Ресми бөлімде сөз алған Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов: «Бүгін халқы перзентін ұлықтап, әнін дәріптер қуанышты күн. Бұл күн қазақ әнінің оты маздаған қасиетті мереке», - деп атады. Әміренің дауысын тауып, ортаға қосқан Жарқын Шәкәрімнің иығына шапан жапты. Өз кезегінде Шығыс Қазақстан облысының әкімі Даниял Ахметовтің, Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының құттықтау хаттары оқылды.
Әміре Парижде тоғыз концертке қатысты
Әміренің тойында алғысқа бөленген Жарқын Шәкәрім «бұрын Ақбұлаққа қанша шақырса да келе алмағандығын, бірақ бүгін келмеске болмайтындығын» айтты. «Бүгін Әміре Қашаубайұлының Парижде ән айтқан күні – 14 шілде. Ол маусым айында Мәскеуден шықты, айдың аяғында жетті. Шілденің 20-на шейін ән айтты. Тоғыз концертке қатысты. Мен Әміре атаның немересі болып кеткен адаммын. Мен оны өзім айтып тұрғаным жоқ. 70 жылдары Күләш Әміреқызы тірі болды. Әміренің дауысы табылған күні бірден телефон соқты. «Жарқын балам, мен Әміренің қызымын. Сен не істедің?», - деді. «Не істедім, апа?», - дедім. Содан «ой айналайын-ау, менің балам болдың» деді. Міне, содан бері Әміренің баласымын», - дейді естелігімен бөліскен Жарқын Шәкәрім. Ол Әміре туралы жеті кітап жазған. Оның біреуі орыс тіліне аударылған. Сөз арасында осы тойда көрсетілетін «Әміре» фильмі жайлы да ой қозғап өтті. Туындының тарихи кеңесшісі болған ол: «Бұны түсірген Голливудтың режиссеры Джеф Веспа маған келді. Мен онымен бір күн күні бойы жүрдім. Оның Әміре жайлы сұрақтарының бәріне жауап қаттым. Деректердің бәрін айтып бердім, қай жылы туды, қай жылы қайтыс болды, қанша баласы бар. Қандай ән айтты, соның бәрін айттым. Мына кинода менің дерегімнің бәрі дұрыс. Әміренің фильмінде біз айта алмай жүрген бір нәрсені керемет жеткізген. Бағана Медеу аға да айтып кетті. Дүние жүзінде Әміренің екінші орын алғанын құр білгенімізбен, қалай алғанын білмей жүрдік. Кинода соны керемет суреттейді. Мен 74 жылы Мәскеуден Әміренің дауысын тапқанда, италияндық әнші Энрико Карузо, америкалық әнші Марио Ранца, орыс әншісі Федор Шаляпин арасында тізімде Әміренің дауысы бірінші тұр. Мен таңқалдым сонда. Ойпырым-ай дедім. Сөйтсек, Әміренің дауысында ғажап бір үн бар екен. Жалпы қазақтың өнерін, ән өнерін шетелге кім танытты дегенде тек қана Әмірені айтуымыз керек», - деп ойын жалғаған Әміретанушы мұндай той бұрын-сонды болмағанын, ән атасына арналған керемет тойдың бірінші рет орын алғанын айтып, ұйымдастырушыларға алғысын жеткізді. Әміренің дауысын тапқан кезде көзінен жас шығып кеткенін айтқан ол бүгін Әміренің туған жеріне келгенде де еңкілдеп тұрып жылағысы келгенін жасырмады.
Әмірені құртқан қызғаныш
Әміреге көрсетіліп жатқан құрметке өз ризашылығын жеткізген жазушы Медеу Сәрсеке: «Күллі адамзат қоғамын өлшемге салғанда мойындалған, тарихи анықталған бір шындық бар. Ол – халқыңа адал қызмет ет. Ол қызметті кезінде бағаламауы мүмкін. Әр түрлі оқиғалар бөліп жіберуі мүмкін. Бірақ мына Әміренің мысалының көріп тұрсаңыздар, кезінде талантымен дүние жүзіне шықты. Парижге шықты. Германияға барып ән салды. Ал сол еңбегінің бәрін керемет талантымен алып тұр. Соны кезінде Луначарский бастаған нарком бағалады. Көтерді. Қандай бақыт. Қазақстанның бірінші нөмірлі халық әртісі атанды. Әмірені Шоқаймен кездесіп, сонымен дәмдес болған дейді. Оның барлығы рас. Енді біреу сәлем беріп тұрғанда кездеспесең, шамасы қанша. Бірақ амал не? Әмірені құртқан анау дейді, мынау дейді, бірақ, бар пәле қызғаныш. Ол өнер адамдары. Сол Әміренің бағының асып бара жатқанын көріп, қызғанып, әрқашан орға итерген. Бүгінде сол қызғаныштың бәрі тоқтады. Бүгінде Әміреге бүкіл халықтық той болып жатыр. Қазірде неше кітап шықты. Биыл тағы шығады. Кино шықты. Осының бәрінде Әміренің дауысы, таланты алып тұр. Сондықтан бұдан табиғи шығатын қорытынды халқыңа қызмет жаса. Талант көнбейді, қайтсе жарып шығады. Міне дауысы да табылды. Құрмет те көбейіп жатыр. Мен ойлаймын Әміренің әлі Семейдегі ескерткішін өзгертуіміз керек. Жалғыз Семей емес, Астанада, Алматыда ескерткіш қою керек. Кеше біз Семейден Жарқын екеуіміз көлікпен келе жатып, ең әуелі, Әміренің қыстауын іздедік. Менің ата-бабамның қыстауына 4-5-ақ шақырым. Соның бәрін тауып, е тәуба міне Әміренің туып-өскен, қозы баққан жері деп көріп, бас иіп келдік. Сондықтан бұл жерде айтар сөзім біреу-ақ. Талант – ол ұлық, өнер ешқашан да өлмейді. Қашанда халықыңа қызмет жаса, шамаң келгенше. Сол анықталады, тарих бағалайды», - деген баталы тілегін жеткізді. Ақсақал абыздың бұл сөзі көпшілікке ой салды.
Әміре үйленгенде атам күйеу жолдас болған
Ақбұлақ ауылында кіндік қаны тамған Әміренің әні ақбұлақтықтарды рухтандырып тұратындай. Осы ауылда өскен әр адам «Әміре өскен жер екен, дауысы зор болған екен, тау-таста анық естілген екен» деген аңызды естіп өскені жасырын емес. Осы орайда ауыл тұрғыны Төкен Мадияновтың мына бір әңгімесіне назар аударсақ. «Ауылымызда үлкен мереке болып жатыр. Әміре бізге жақын ата. Бір елміз – тарақты. Әміре ата мен менің үлкен атам Мадиян екеуі құрдас әрі жақын жолдас болған. 1972 жылы ауылымыздағы мына Әміре ескерткіші ашылған кезде Мадиян ата осы ауылда тұрған. Ескерткіштің ашылуында сөз сөйлеп, бірге жүрген кездегі естеліктерімен бөліскен. Әміреге тай-құлындай тебісіп, бірге өскен жолдасым едің. Сен жоқсың, атың жаңа жаңарып жатыр, жаңа шығып жатыр. Міне басыңа келіп тағзым етіп, осы ескерткішіңді ашып тұрмыз деп көзіне жас алып жылағаны бар екен. Және сол Мадиян атамның өзінің айтуы бойынша, Әміре менің әкем Шәйкеннің ауызына түкірген екен. Әнші болсын деп ырымдаған ғой. Бірақ әкем әнші болған жоқ. Алайда сырнай, баян тартқан. Ақындығы да бар еді. Елге сыйлы, керемет құрметті адам болған. Әміре мен менің атам қатты дос болған дедім. Сол кездерде Әміре ат айдаушы болып жиын-тойларға барғанда ән айтып халыққа таныла бастаған екен. Енді деректер әртүрлі болады ғой. Біздің алған мағлұматтарымыз сол. Әміре үйленген кезде атамыз Мадиян күйеу жолдас болған екен. Ол кісі 87 жасында 1975 жылы қайтыс болды. Ал Әміре 46 жыл өмір сүрген. Соны атам өзі анда-санда еске алғанда айтып отыратын. Өзіміз де ақсақал жасқа жеттік, кейбір деректерді ұмытып қаласың», - дейді Төкен ата. Бүгінгі шағын ауылдың бұрын үлкен болғанын, тек үлкендер қалғанын, жастардың бәрі қалаға кеткенін айтты ауыл ақсақалы. «Бірақ осы тойды шағындығына қарамай, әкіміміз бар, клуб меңгерушісі бар, ауыл үлкендері бар, жастары бар түгел жабылып, екі айдан бері дайындық жасап, дүрілдетіп өткізіп жатырмыз. Енді осы той жалғасса екен деп ойлаймыз. Шағын ауылға мынадай той жасау оңай емес. Ұйымдастырушыларға, ауыл жігіттеріне, ауылдың мұғалімдеріне, келіншектеріне айтар алғысымыз зор. Қазір салтанатты шарадан кейін ауыл асханасында ас беріледі. Ауылдың келіншектері дастархан жайып, қонақ күтіп жатыр. Ауыл тұрғындарының түгелі осы тойдың қамымен жүр, ешқайсысы бос емес», - деп аталық ризашылығын жеткізді.
Әміре мен Халел Ғаббасов бір ауылда туған
Осы тойда айтылғандай, Әмірені өмірге әкелген Ақбұлақ топырағынан нәр алған қазақтың тұлғалары жетерлік. Шараға арнайы келген қонақ Асылхан Сейдімбеков «Ақбұлақ – Халел Ғаббасовтың да кіндік қаны тамған жер деген жаңалықты жеткізді». «Әміре Қашаубаев – жаңа ғана Октябрь революциясынан кейін ес жиып жатқан қазақ халқын еуропа еліне алып шығып, қазақтың кім екенін, таныстырған алғашқы қазақ. Біз Әміре атамыздың жақын бауырлары боламыз. Соны өзіміз мақтаныш көреміз. Жалпы қазаққа Әміре бөтен емес. Ақбұлақ ауылы тек қана осы Әміре атамызды емес, қазақ халқына өзінің белгілі ұлдарын берген қасиетті топырақ, қасиетті жер. Соның бірі, сол кезде қазақ автономиясын алғаш құрған Алаш ардақтылары Әлихан Бөкейхановтың оң қолы болған, Мәскеудің М.В. Ломоносов атындағы университетін алтын медальмен бітірген ең бірінші қазақ Халел Ғаббасов деген азамат болған. Ол осы Ақбұлақ ауылында туған. Сол кезде мына Семейде шығып жатқан алғашқы Алаш автономиясының ең бірінші басылымы «Сарыарқа» газетінің бас редакторы болды. Халел Ғаббасовтың тағы да бір өміршеңдігі – Әлихан Бөкейхановтың жекелей ұсынысымен, яғни тапсырмасымен бірінші Ленинмен, онан кейін Сталинмен қазақ автономиясын алып қалу жөнінде бірнеше рет келіссөздер жүргізген», - дегені пікірін білдірді А.Сейдімбеков. Биыл өзінің мұрындық болуымен Халел Ғаббасовқа арнап «Алаштың Бекзаты» деген кітаптың жарық көргенін де айтып өтті. Осы кітапты және біраз жыл бұрын шыққан «Ән атасы – Әміре», «Алаштың Ақселеуі» деген кітаптарды той иелеріне сыйға тартты.
Ақбұлақ ауылына – 50 жыл
Бұл күн Әміренің тойымен қатар, Ақбұлақтың да тойы екендігін айттық. Осы орайда сөз алған ауыл ақсақалы Болат Мұңлықбаев ауылдың іргетасын қаласқан ардагерлердің еңбектерін атап өтті. «Бүгін Әміре атамыздың 130 жылдығымен қоса, Ақбұлақ ауылының мына Қайнар совхозынан енші алып, ірге теуіп, совхоз болып құрылғанына 50 жыл толып отыр. Ортамызға сол кездегі осы совхозды басқарған азаматтар, осы совхозда еңбек етіп, қой бағып, трактор айдап, шопыр болып, жылқы баққан, сиыр баққан азаматтардың ұрпақтары келіп отыр. Ол кісілердің өздерінің көбі өмірден озып кетті. Сол кезде 19 жаста осында трактор жүргізіп, Ақбұлақтың іргетасын қаласқандардың біреуі менмін. Мына Дегелең деген 60 шақырым жерден құрылысшылардың дайындаған кірпішін тасыдық осында. Енді өзіміз де 70-ке келіп қалдық. Сол кездегі үлкендерден қалған азаматтары мен азаматшалырынан тірі қалған қазір он шақты ғана адам ғой деймін. Солардың біреуі – Әлімбеков Науқанбек аға болатын. Ол кісі міне сексеннің сегізіне келді. Онан кейін мұнда Жолдасбек Уаханов деген кісі отыр, сексеннің екеуіне келген. Одан кейін Мәкіш Рахимова деген апамыз отыр, сексенге келген. Ол кісі де ең бірінші осы Ақбұлақ совхозындағы Қажы ата қыстағында қой баққан болатын. Сабырхан Масақбаев деген ақсақал келіп отыр. Ол кісі де осы Ақбұлақ совхозының атақты шопандарының бірі болған. Сонау Семейден екі көзі көрмесе де өзінің бүкіл ұрпақтарыменен Қайырбай Тоқтасынов деген ақсақал келіп отыр», - деп алдыңғы буын өкілдеріне тоқталып, ауыл іргесінің сөгілмеуін тіледі Болат Мұңлықбаев. «Әміре атамызды дәріптеп жатыр гой, біз ес білгенде тек ол кісілердің Әміре Қашаубаев деген атын ғана еститінбіз. Міне соны жарыққа шығарып, киноға түсіріп жатыр. Бәріңіз де аман болыңыздар», - деген аталық тілегін айтты.
Бұл өнерге табынатын адамдардың мерекесі
Қос қуанышта еліміздің дәстүрлі әншілері де өз өнерлерінен аянып қалмады. Амангелді Жікенов (Абай ауданы), Жоламан Құжиманов (Алматы), Бақыт Үдербаева (Семей), Толғанбай Сембаев (Астана), Нұржан Жампейісов (Алматы), Гүлмира Сарина (Астана), Берік Омаров (Семей), Нұридден Иманбаев (Семей), Ербол Айтбаев (Павлодар), Төлеутай Серіков (Талдықорған), Эльмира Тілеубаева (Көкшетау), Мейрамбек Ахметов (Семей), Қайрат Қабышев (Астана), Қайрат Қамимолдин (Семей), Қуаныш Оралбаев (Өскемен) Әміре ауылын әнге бөлеп, республикалық дәстүрлі әншілер фестивалінің көркін кіргізді. Бұл салтанатта Ыбырайдың, Әсеттің, Ақан серінің әндері, Әміре шырқаған әндер домбыра үнімен үйлесе шырқалып жатты. Амангелді Жікенов: «Мынау қалалық әкімшіліктер ауылды ұмытпай, осы ауылдың халқын ұмытпай, елін ұмыптай жасап жатқан іс-шара рухани жаңғыру емей немене. Жаңғырған дүниеміз мәңгілікке жаңғырсын», - деген ойын айтса, Гүлмира Сарина: «Әміре өзінің орындаушылық шеберлігімен, таланттылығымен біздің есімізде қалды. Сондықтан да Әміре ата әлі жасайды. Әміре атаға арналған бірнеше ақынның, өнерпаздың, сазгердің әндері бар. Онымен бөлек біз өзіміз де дәріс беруде Әміре атамыздың әнін үн таспадан тыңдатып отырамыз. Бұл жалпы қазақтың тойы. Жалпы музыкаға, өнерге табынатын адамдардың мерекесі десем болады», - деген пікірімен бөлісті. Әміре ауылында өткен осы ән фестивалінде ақын Несіпбек Айтовтың сөзіне жазылған Ерлан Рысқалидің әні «Әмірені» Нұридден Иманбаев алғаш рет шырқап, әннің тұсауын кесті.
Салтанатты жиыннан кейін фестиваль қатысушылары мен той ұйымдастырушылар «Әміре Қашаубаев -130 жыл» мерейтойылық медалімен және Семей қаласы әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Мерейтойлық медальді шығарушы, «Абыралы-Деге¬лең» қоғамдық қорының президенті, Семей қалалық мәслихатының Абыралы өңірі бойынша депутаты, шара демеушілерінің бірі Марат Құрманбаев: «Әміре атамыздың ауылында бұл той басталып кетті. Мен ойлаймын бұл той тек осы ауылда емес, облыста, еліміздің елордасы Астанада жалғасуы керек. Өйткені ән атасы – Әміре бүкіл қазақты дүние жүзіне білдірткен. Қазір «Туған жерге тағзым», «Рухани жаңғыру» сияқты Елбасының арнайы бағдарламалары бар. Әміре тойы осы бағдарламаға келіп тұр деп санаймыз. Осы жердегі тұрғындардың бұл бастамасы әрі қарай әкімшіліктің қолдауымен өтіп жатыр. Алда Абыралы өңірінің 90 жылдығын атап өту жоспары бар», - дей келе, бірнеше таланттылар мен дарындылар, ғалымдар, министрлер шыққан Абыралы өңіріне арнап экциклопедиялық кітап шығару, қала мен ауыл арасын жалған тұрған тас жолды толық жөндеу, су құбырларын тарту, егістік, мал шаруашылығын қолға алу арқылы туған жердің тынысын ашу жұмыстары жасалатынын жеткізді.
Тойдың ресми бөлімі мәресіне жеткен соң келген қонақтар бабалар рухына бағышталған асқа жиналып, құран оқылды. Меймандар той дастарханынан дәм татты. Бір айтарлығы, ауылда орналасқан асхана ғимаратынан өзге бұл күні ауыл тұрғындарына, қонақтарға арналып арнайы киіз үйлер тігілген. Той дастарханы басында ауылдың іргетасын қаласқан ардагерлер жайлы естеліктер айтылды. Жиналған қауым бұдан кейін тау етегіндегі аламан бәйгеге бет алды. Ол жақта күрес, жүйріктер жарысы, аламан бәйге, қой көтеру сияқты спорттық жарыстар өтті. Сайыстан соң, жеңімпаздар бағалы сыйлықтармен марапатталып, тарқаған қауым ауылдың той алаңына жиналды. Мұнда Семей қалалық мәдениет үйінің, Қайнар мәдениет үйінің, Абыралы өнерпаздарының шығармашылық концерті жұртшылық назарына ұсынылды. Қайнар Мәдениет үйінің директоры Құдайберген Тұрысбеков осы тойға арнап, «Қайнар» халық ән-би ансамблі, «Мейзек» балалар ансамблі, «Қайнар» халық театры өздерінің концерттік бағдарламаларын ала келгенін айтты. Осындай өнер орталары аймақтан талантты, өнерлі жастарды тәрбиелеп шығарып жатқанын, кезінде «Қайнар» халық театры Әміре атымен аталғанын жеткізді. Ал тойдың мәдени шараларына ұйытқы болған Семей қалалық Мәдениет және тілдері дамыту бөлімінің басытығы Назерке Аққожинаның айтуынша, мұндай шараны ұйымдастыру жас ұрпақты тәрбиелеуде зор маңызға ие. «Қазақ барда, қазақтың домбырасы барда Әміре атамыздың әні де, үні де өшпейді, - дейді Н. Аққожина.
Келген қонақтардың барлығы тойға оң бағасын беріп, ризашылығын жеткізіп жатты. Ауқымды шараны ұйымдастырушылар бұл той ауылды бір серпілткенін, халықтың көңілін көтергенін айтады. Ақбұлақ ауылы клубының меңгерушісі Жомарт Садвакасов: «Әміренің 130 жылдығына және Ақбұлақ ауылының 50 жылдығына орай үлкен той өтіп жатыр. Бұл тойда ауыл халқы бірлігін таныттты. Бірлік пен ұйымшылдықтың нәтижесінде осы тойды өткерудеміз. Республикалық деңгейде дәстүрлі әншілер фестивалі өтті. Аламан бәйге, күрес өткізілді. Осының бәрі ауылдан шыққан кәсіпкер азаматтардың, шаруақожалықтардың, жеке кәсіпкерлердің, ауыл азаматтарының жеке қаражаттарымен жасалды. Той ауыл халқының көңіл күйін серпілтті. Ауыл халқы жақсы көңіл күйде мерекелеп жатырмыз. Бәріміз қуаныштымыз, Әміре атамыздың аруағы бір аунап түскен шығар. Той бола берсін. Ел жұрт аман болсын», - деген ойын тілге тиек етті.
Бұл тойды бұрынғы тойдан өзгеше өткізген ақбұлақтықтар кешкілік шоу бағдарламаға куә болды. Ашық алаңдағы телеэкраннан ауыл болып «Әміре» фильмін тамашалады. Той отшашумен қорытындыланды.
Ал ауыл әкімі Нұртай Теміржанов ауыл халқы қалаға үдере көшкен мына кезеңде тойдан кейін ауылдың еңсесі көтеріліп, жаңа тынысы ашылса екен деген үмітін жасырмады. «Осы тойға байланысты біз мына ауылымызға кіреберіс беткейдегі тау етегіне «Әміреге – 130 жыл» деп жаздық. Ол ауыл тұрғындарының ұйғарымы. Әміренің тойы тойланып жатқаны сол кіреберістен басталады. Ауылымызға ауыл белгісі жазылған арка қойылды. Көшелер жарықтандырылып, жарық шамдары орнатылды. Саябағымызды абаттандырдық. Бұл тойдың ауылды көркейтуге де үлесі тиді. Той өтіп кеткеннен кейін де халық игілігіне жарайтындай қолғабыс тиіп жатыр. Тойды ұйымдастыру арқылы ауылдың тұрғындары және кезінде ауылдан көшіп кеткен азаматтар ауылға қол ұшын беріп, осы ауылды көркейту, жандандыру жұмыстарын жасады», - дейді халқына алғысын айтқан ауыл әкімі Нұртай Төлеуұлы. Ауыл әкімі елді мекендегі ұялы байланыс, интернет желісі мәселелерінің де шешілу жолдарының қарастырылып жатқанын, алдағы уақытта ауылға көшіп келетіндер де болса екен деген үмітін де жасырмады.
Әлімбекова Саягүл Қабылбекқызы,
журналист, Алматы қаласы