Әуезовтің тұңғышы

6.jpg


Мұғамила Әуезова – ұлы жазушы Мұхтар Әуезовтің тұңғышы. Өзі де әкесі туралы естелігінде «Тұңғышы едім әкемнің» деп жазғаны бар-ды. Қаламгердің тұңғыш қызының туғанына – 100 жыл.

Мұхтар Әуезовтің Семей мұғалімдер семинариясын оқып жүріп, «Еңлік – Кебек» пьесасын жазғаны мәлім.

1917 жылы 7 маусымда қазақ театрының алғашқы шымылдығы Ойқұдықта «Еңлік – Кебек» пьесасымен ашылады. Авторы – Мұхтар Әуезов. Осы шығармасы жазушыға үлкен шабыт беріп, өнерін ұштауына, жалпы қазақ өнерінің өркендеуіне жол ашты. Сол жылы Райхан Кәкенқызына үйленіп, отау құрды. Одан Мұғамила (1918), Шоқан (1919) атты екі бала көрді. Тұңғыш баласының есімін «Мұғамила» деп атасы Әуез қойса, екінші баласының есімін «Шоқан» деп ұлы жазушының өзі қойған екен.

 

Балалық шақта бір сыр бар


7.jpg

«Анам Райхан ата-анасы мен алты ұлдың арасында еркелеп өскен жалғыз қызы еді. Әкесі Кәкен – Тобықты ішіндегі Торғай руы. Торғай – Абайдың үшінші атасы – Ырғызбайдың үлкен ағасы. Әкелері – Айдос, аналары – Айнара. Торғай елінің адамдары ел ішінде жақсы танылады. «Абай жолында» да Торғай руының біраз адамдарының аттары аталады. Торғай ішіндегі Кәкен дейтіннің ауылы байлығымен аты шыққан, қазақша айтқанда, жуан ауыл екен. Кәкен ата ел арасында атағы белгілі Бесбесбай батырдың інісі екен. Кенжесі қыз болып, оның атын Райхан деп қойыпты. 1916 жылдың бедерінде Райхан­ның жасы он алтыға шығыпты. Ол уақытта, бала болашағын жастайынан ойлайтын қазақтар өзара алдын ала құдалық сөйлесіп қоятыны белгілі. Райханды да сол жөнмен көршілес отырған болыс баласына атастырып қояды. Ол болыстың үш әйелі болыпты. Болыстың алғашқы әйелдерінен бала болмай, тоқалы ғана бала көтеріп, содан бір ұл туады. Зарықтырып көрген бала­сын әлпештеп өсіреді. Содан өзі де бір ерке болса керек. 16-17 жасқа жеткен­де, соған әпергісі келіп қыз әжесіне сездіріп­ті. Ішінен өз есебін іске асырмақ­шы болған тәрізді. Өйткені алты бірдей ұлға алты байдың қызын әкеліп, оларға енші­лерін бөліп беріп, Кәкеннің шаруасы шамалы ортайып қалған кезі екен.

1916 жылы Семейде жүрген әкем ауылына каникулға келеді. Ауылға келгенінде хакім Абайдың ұлы Тұрағұл ағасы ақыл қосып: «Мынау арада менің Кәкен деген досым бар. Оның алты ұл, алты келіні, солардың 15-16 жасар қарындасы бар. Өзін жастар жағына жібермейтін де көрінеді. Ел көзінен тасалау ұстайтын тәрізді. Соны қалай көресің? Ұнаса айтарсың», – дейді.

Тұрағұл ағаның өтінішін жерге тастамай, Кәкен ата қызын Мұхтарға ұзатады. Өкінішке қарай, Шоқанның бір жастан аса берген шағында елде сот болып, төрт жылдай бірге тұрған Мұхтар мен Райхан айрылысып бітеді. Сот шешімі бойынша мені шешеме беріп, Шоқанды әкеме бермек болады. Сот процесі өтіп, сәл бір үзілістен кейін анамды еліне аттандырмақ болғанда, ауыл-аймақ әкем мен мені іздеп шарқ ұрады. Қызы ретінде, мен шешеммен бірге еріп кетуім керек. Сонда ауылдың бар баласы: «Мұхтар ағам Мұғашты алдына отырғызып, бағана мына дөңді асып кеткен», – деп жазады Мұғамила ана өзінің естеліктерінде.

Осылайша, тұңғыш қыз бен тұңғыш ұлын бауырына басып, анасынан жырақ алып кетеді. Бір жарым жасында Шоқан шетінеп кетеді де, Мұғамила ана әкесінің қам­қорлығында қалады.

«Сол бір қаһарлы күндерде туған шешемнен ажырап қалғаныма іштей өкситінмін. Шешеммен кейін табыстым. Отыз жылдай қолымда тұрып, 1976 жылы қайтыс болды. Шешеммен табыс­қан­нан кейін, әкемізбен арамыздың біраз уақытқа суып кеткені де рас. Кейіннен әкеме етегімді жасқа толтырып отырып, 15 беттей хат жазғанмын. Алматыға көшіп келгеннен кейін әкем Мағауияның қызы Кәмила апайдың күйеуі арқылы «Мұғашты шақырт, балаларын алып келсін» депті. Сол жолы Валентина Николевна мен Ләйла да асты-үстіме түсіп күтті. Сөйтіп, қайтадан араласып кеттік. Шешемді әкеммен жолықтырдым. Ол кісі сол баяғы ұяң қалпымен әкемнің бетіне қарай алмады. Екеуі төмен қарап сөйлесті. Сол жолы әкемнің азаматтығына көзім жетті. Ол сыпайы ғана тіл қатып, шешемнен кешірім сұрағандай болды. Осыдан бастап біздің мойнымыздан үлкен бір жүк түсіп, емен-жарқын араласып кеттік. Қазір ойлап отырсам, соның бәріне себеп болған сіңлім Ләйланың жомарт жүрегі, мейірбандығы екен. Ол өте ақыл­ды, ізетті еді. Әттең, ғұмыры қысқа бол­ды» деп жазады Мұғалима ана естелігінде.

Ең қиын кездерде Мұғамила Әуезова әке жанынан табылып, әрдайым бірге өткізді.

 

Ұлылармен ұлымын

Мұғалима Әуезованың ұлы Бақтияр Сүтжанов анасы туралы естелігін бөліскен еді.

– Анам Мұғамила Мұхтарқызы туралы көпшілік Мұхтар Омарханұлының өмір дерегі арқылы ғана біледі. Алайда оның өмір жолы қалың жұртшылыққа мүлдем беймәлім. Әңгіме әлқиссасын анам мен әкемнің таныстығынан баста­ғым келеді, – деп жалғады әңгімесін Бақтияр аға. – Анам мен әкем бала күннен бірге өскен. Әкемнің ағасы Ахметбек Шикібаевтың үйінде таныс болған. Мұхтар Омарханұлы Ленинград­қа оқуға кеткенінде, анамды сол үйге қалдырған екен. Кейін Мұхтар Омархан­ұлы анамды алып кетеді. Ұлы жазушының басына іс түсіп, сотталғанда, Ахметбек ағамыз анамды жетімсіретпей қолына алады. Өкінішке қарай, Ахметбек Шикібаев­тың өзі сотталып, ату жазасына кесіледі. Оның сотта қаралған ісі туралы нақты мәліметтер жоқ. Дегенмен НКВД оған «Халық жауына» көмектесті деген айып таққаны белгілі. Бір айта кететіні, Мұхтар Омарханұлының өмірдерегінде ол туралы ешнәрсе айтылмайды. Бостан­дық­қа шыққан жазушы қызымен қайта қауы­шып, өмірін қалпына келтіре бастайды.

Әкем Бөкебай Ауыл шаруашылығы техникумын бітіргеннен кейін, совхозда қызмет етіп, барлық туған-туысын асыраған. Ол жылдары ауыл шаруашылы­ғына айрықша көңіл бөліне бастайды. Елге жаңа мамандар керек болды. Осылайша, Алматыға оралған әкем анаммен қайта жолығып, екеуі шаңырақ көтереді. 1940 жылы тұңғышы Нариман дүниеге келсе, 1942 жылы мен өмір есігін ашыппын. Алматыда әкем қалалық атқарушы комитеттің ауылшаруашылық бөлімін басқарып, қызметте үлкен жетістіктерге жетеді. Отбасымызбен Красин көшесіндегі екі бөлмелі үйде тұрдық. Бәріміз бірге Красин мен Горький көшесінің қиылысындағы мейрамханаға жиі баратын едік. Үлгілі отбасылардың бірі болдық. Бірақ біздің үлгілі отбасылық өміріміз біреулерге ұнамаған секілді. Ет жақынымыздың бірі әкемнің туған жеріне барып, «қажетті» деректерді жинаса керек. «Бөкебай Сүтжанов – байдың баласы» деген анық­тама алдырып, тиісті органдарға жіберіп отырады. Бұл туралы әкеме зейнетке шыққасын бұрынғы партия комитетінің қызметкері айтып берді. Ол кездері байдың баласы болғандар қызметте жоғарыламайтын. Әкем білікті де білімді маман болғандықтан, оны ауыл аймаққа жиі жіберетін. Жұмысын жиі ауыстыруға тура келді. 1948-1950 жылдары Созақ қаракөл қой совхозының директоры болды. Әкем өз ісіне адал, жұмысына жауапты еді. Малшы ауылды жиі аралап, көбінде колхоздың тірлігіне араласты. Жалғыз өзі қыстауларды атпен аралай­тын. Ол жылдары қыс аязды болатын. Қасқырлар да көбейген кез. Әкем ешнәрседен қорықпайтын. Ең жүйрік, мықты 4-5 аты болды. Малды ауылға шыққан сайын аттарын ауыстырып отыратын. Әкемнің аңшылыққа шыққан кездері де есімде. Оның қайсарлығына тәнтімін. Қаншама қасқырдың терісімен оралатын. Атам сол терілерді өңдейтін. Анамның шешесі Райхан әжем тон тігетін. Райхан әжем – нағыз қолөнер шебері еді. Түлкі терісінен тымақтар, түрлі тондарды тіпті дүкендегіден де әсем қылып тігетін әжемнің еңбекқорлығы тіптен бөлек. Өмірінің соңына дейін қолөнершілікпен айналысып, жиенде­ріне қамқорлық танытты.

Атам нағыз шаруа, еңбекке адал, шыдам­ды кісі еді. Бүкіл үй шаруа­шы­лы­ғын өзі жүргізіп, маған көп нәрсені үйретті. Бір жолы әкемнің рұқсатымен атпен алыс сапарға да шыққанбыз. Атам менің бойымда ер жігітке тән мінезді қалыптастыруға ерекше атсалысты. Арабша хат тануды да үйретті.

Созақта тұрған жылдары анам өзбек биін керемет билейтін. Жазда совхозда жұмыс азаятын. Сол кездері отбасымыз­бен «Манкентке» демалуға баратын едік. Кешқұрым ашық алаңда оркестр сүйемел­деуімен әдемі кеш өткізіліп, түрлі байқау жасайтын еді. Сондай кештерде анам мен әкем вальс билеуден бірінші орын алатын. Оларға тең келетін ешкім болмады. Әкем студент кезінде бал билерін жетік меңгергені сонша, тіпті биден сабақ беріп, қосымша ақша табатын. Қазақтың баласы ленинград­тық­тарға вальс үйрететінін елестету де қиын. Ол кездегі билер қазіргідей емес, вальс, вальс-бостон, танго сияқты шынайы билер болатын. Үйімізде патефон мен пластинкалар көп еді. Анаммен бірге патефонмен әндер айтатынбыз. Абайдың «Көзімнің қарасын» шырқайтын едік. Абайдың өлеңдер жинағы, қара сөздері үйіміздің төрінде тұрды.

Қаракөл қой шаруашылығы шаруа­шылықтың өркендеген түрі болған­дықтан, әкемді Ташкентке жиі шақы­ра­тын. Тіпті арнайы «Кукурузник» ұшағын жіберіп, анам мен әкемді Ташкентке алдыратын еді. Ташкентке көлікпен баратын болса, мені де өздерімен бірге ала кететін. Ол кісілердің Ташкентте жақсы араласатын отбасылық достары болды. Сол үйлерде жиі қонақта болдық. Отбасымызбен бірге Түркістанға барған сапарымыз да есімде. Сонда анам бір зергерге 8 алтын жүзік жасатқан еді. Сол жүзіктердің біразын ол әкемнің туған-туысына сыйға тартқанын білемін. Қожа Ахмет Йассауи кесенесіне барғанбыз. Ол кездері туризм дамымаған, кесене жабық болатын. Бір ақсақал кесенені ашып беріп, ішін аралатты. Қазіргідей шектеулер болмайтын. Құдықтан су іштік, кесенесін көріп, қолымызбен ұстадық. 1990 жылы кесенеге қайта келгенімде, балалық шағымдағы сол сәттер еріксіз көз алдыма оралды. Сегіз жасар бүлдіршін араға 40 жыл салып, кесенеге қайта оралғандай әсерде болдым.

Әкемнің жұмысы жақсы жүрген­діктен, анам үй шаруасымен айналысты. Бастауыш сынып мұғалімі болып, еңбек еткен кездері де бар. Оқу, жазу-сызуды ерте үйрендім. Бес жасымда әліппемді құшақтап, мектепке барғаным да есімде. Бір жағынан анамды көру үшін ерте бардым. Талғардағы мұғалімдер кеңесі мені, әлі кішкентай деп, үшінші сыныпқа қайта жіберді. 1952 жылы Талғарға көштік. Әкем колхоз төраға­ларын даярлайтын мектеп директоры болды. 1953 жылы қарындасым Гүлжахан өмірге келді. Осы жылдары біз Мұрат Әуезов ағамыздың отбасымен, анасы Фатима тәте, Үміт, Ильфа әпкелермен, Азат пен Болат бауырларымен және Ани әжемен жақын араластық. Мұрат – анамның туған бауыры. Ол екеуміз түйдей құрдас болдық, арамыз бір жарым ай ғана. Балалық шақта өрбіген достығымыз, сыйластығымыз өмір бойы сақталды. Жазғы-қысқы каникулдары­мызды бірге өткізетінбіз. Алматыда кинотеатр, музей сияқты мәдени ошақтарды, Мәдениет паркін араласақ, Талғарда табиғатты тамашалайтынбыз. «Тарзан» кинофильмі жарыққа шыққан соң, балалармен ағаштан ағашқа секіруді әдетке айналдырдық. Фатима тәте екеумізге «Орленок» велосипедін алып берді. Талғарда мұндай велосипед ешкімде болмайтын. Мұраттың отбасымен араласқаннан бері көпшіл, бауырмал болуды үйрендім. Бұлай айтып отырғаным, отбасында еркелеп жалғыз өстім. Нариман денсаулығына байланыс­ты үнемі емдеу шипажайларында болатын. Ал Гүлжахан дүниеге келгенде, он жасқа келіп қалғанмын. Осылайша, ағалы-інілі, әпкелі болу дегенді жақсы білмейтінмін. Мұраттың отбасы тату-тәтті тұрды. Олардың отбасы туралы жақсы естеліктер бар. Бұл отбасынан қазір Ильфа мен Мұрат қана қалды. Менің отбасымның жақын адамдарынан ешкім қалмады.

1955 жылы Алматыға көштік. Біз есейіп, студент атанғанымызда өмір сүру де қиындай түсті. Анамыз КазЖенПИ-ге, кейіннен КазПТИ жатақханасында коммендант-тәрбиеші болып жұмыс істеді. Ауылдан оқуға келген қаракөз­де­рі­міз білім мен ғылымнан бұрын Алма­ты­ның тыныс-тіршілігіне ұзақ уақыт үйренісе алмай жүретіні жасырын емес. Бірақ анам қаншама қазақтың қызына үлгі-өнеге бола білді. Ол ақжарқын­ды­ғымен, қоғамда өз-өзін ұстау мәнерімен, тартымды да ерекше киіну стилімен кез келген жанды өзіне баурап алатын. Осылайша, қаншама студент қыздардың екінші анасына, ақылшысына айналды. Оқуын бітіріп жан-жаққа кеткен студент қыздар қаншама жылдар өтсе де, анама амандасуға арнайы келіп, алғысын жаудырып жататын. Тіпті өздерінің студент балаларын оқуға әкеліп, тапсы­ратын. Анам беделді, қызметіне адал еді. Оған дәлел – алғысхаттары, медальдары.

Анам – ешкімге ұқсамайтын жандар­дың бірі. Ақылы көркіне сай биязы мінезді, өте ұстамды, отбасына қамқор­шы болды. Аналық мейірімі мол бола тұра, ерік-жігері мықты, мінезді еді. 1974 жылы жарты өмірін ауруханада өткізген ағам Нариман өмірден өтті. Басынан өткізген қиындықтарға қарамастан, өте мейірімді, талантты әрі көпшіл болатын. Талантымен көзге түсіп, Львовта кандидаттық диссертация­сын қорғап, қызметте үлкен жетістіктерге жеткен еді. Докторлық диссертациясын қорғап үлгермеді. Бұл – фармацевтикалық химия бойынша Қазақстандағы алғашқы докторлық жұмыс болар еді. Сұм ажал осылайша, ағамды ойламаған сәтте арамыздан алып кетті. Ерік-жігері мықты әкем бұл қайғыны көтере алмай кетті. Түрлі сырқаттарға душар болып, ауыр аурудан бес жылдан кейін ол да арамыздан кетті. Сол сәтте анам мойымай, біз үшін өз-өзіне мығым, ұстамды болды. Тіпті «баласының өліміне еш елең етпеді, қайғырмады» деген де айыптар тағылды. Анам сонда «Өмір бойы ауырып, енді сауыққан сәтінде аяқ-асты дүниеден өткен ұлыма қайғырмайды деп ойлайсыздар ма?!

Мен – анамын. Мен үшін бұл – үлкен қайғы. Бірақ сол қайғыға берілсем, екі баламды кім ойлайды» деп даналығын көрсетті. Сырттай өте жұмсақ мінезді болып көрінгенімен, анамның берік міне­зіне, қайсарлығына тәнті болатын­мын. Бір жолы анама «Сізді танкімен де қорқы­ту қиын» деп айтқаным да бар. Анам нағыз батырдың қызы екенін мойындаймын.

Анамды жерлегеннен кейін ұзақ уақыт өз-өзіме келе алмай жүрдім. Үйге келген бетте өзімді әлсіз сезініп, ұйқыға кеткенім есімде. Түс көрмейтінім рас. Басына орамалын тартқан анамның елесін көргендей болдым. Дүйім жұрт жиылған үлкен зал. Оған баруға қанша талпынғаныммен, қас-қабағымен жақындамауымды түсіндірді. Залға көп адамдар келіп, анамнан ақыл-кеңес сұрап келіп жатты. Мұнда анам кім екенін де нақты білмеймін. Бірақ анам биікте тұрғаны есімде. Оянған сәтте бұл елес жоғалып кетті. Бұл түс емес екеніне сенімді болдым. Бұл елес анамның бақилық болмағанын, басқа әлемге ауысқанын дәлелдегендей болды. Көп уақытқа дейін осы елес есімнен кетпей жүрді. Анам өзге әлемнен арнайы миссиямен келген жан сияқты еді. Ал қазір ол сол әлеміне қайта оралды деп түсіндім. Зиратына қанша барсам да, онда анам жатпаған сияқты. Анам әлі де жанымызда бізді қорғап жүретінін сеземін. Осы естеліктерді жазып отырып, оралмасқа кеткен сол сәттердің барлығы көз алдыма келеді. Анам туралы сөз еткенде көзіме еріксіз жас үйіріледі.

Қазақ ұлттық университетінің механика-математика факультетінде студент болған кездерімде, ұстаздарым менің жарқын болашағым туралы жиі айтатын. Қызмет бабында да, жеке өмірде де қаншама мүмкіндіктерді босқа жіберіп алған сияқтымын. Десе де, әлі күнге дейін компартия мүшесі болмаға­ным қателік пе, әлде дұрыс шешім болды ма, анықтай алмадым. 1976 жылы өте беделді мекемеге бірінші төраға болу қызметіне шақырылдым. Компартия мүшесі емес екенімді естігенде, партияға мүше емес, орыс ұлтының азаматын ғана қабылдай алатындарын айтты. Осылайша, қызмет­тік мансап жолында компартия мүшесі болмағанымның кесірі болды. Негізі, компартияға ешқандай қарсы­лы­ғым жоқ. Мәселе – менің ұстаным­дарымда. Ешнәрсеге өкінбеймін. Өйткені сатқындық, қастандық жасамадым. Адал өмір сүрдім.

1992 жылы онкологиялық сырқатпен ауырдым. Өмірім осылай аяқталатынына сенімді болдым. Түрлі ойлар, күйзелістер болды. Сөйте тұра, менің қиналғанымды айналамдағылар, әсіресе ең жақын адамым – анамның көрмегенін қаладым. Бәрі жақсы болып, үш жарым айдан соң қалпыма келдім.

Үлкен жазушы Мұхтар Омар-

ханұлы – менің атам екенін мақтан тұтамын. Ол кісіні қатты сыйлайтынмын. Бірақ ешқашан «жазушының жиенімін» деп ешкімге жар салмаппын. Ол кісінің тәрбиесі, ақыл-өсиеті, әрбір қимылы жадымда мәңгі сақтаулы. Осындай данагөй кісінің ұрпағы болудың өзі әрі мақтаныш, әрі ерекше жауапкершілік жүктеді.

Анам – ешкімге ұқсамайтын жандар­дың бірі. Ақылы көркіне сай биязы мінезді, өте ұстамды, отбасына қамқор­шы болды. Аналық мейірімі мол бола тұра, ерік-жігері мықты, мінезді еді. 1974 жылы жарты өмірін ауруханада өткізген ағам Нариман өмірден өтті…

Сол сәтте анам мойымай, біз үшін өз-өзіне мығым, ұстамды болды. Тіпті «баласының өліміне еш елең етпеді, қайғырмады» деген де айыптар тағылды. Анам сонда «Өмір бойы ауырып, енді сауыққан сәтінде аяқ-асты дүниеден өткен ұлыма қайғырмайды деп ойлайсыздар ма?!

Мен – анамын. Мен үшін бұл – үлкен қайғы. Бірақ сол қайғыға берілсем, екі баламды кім ойлайды» деп даналығын көрсетті. Сырттай өте жұмсақ мінезді болып көрінгенімен, анамның берік міне­зіне, қайсарлығына тәнті болатын­мын. Бір жолы анама «Сізді танкімен де қорқы­ту қиын» деп айтқаным да бар. Анам нағыз батырдың қызы екенін мойындаймын.

P.S.

Ұлы Мұқаңдай әкенің тұңғышы – Мұғамила Әуезованың да өмірі оңай болған жоқ. «Жалпы туған анам Райханнан ұзақ жылдар көз жазып қалып, тағдырдың қаншама қиындығын бастан кешсем де, соның бәрі айналып келгенде әкеме деген перзенттік махаббатымды әлсірете алған жоқ» дейтін аяулы ананың, ардақты бейненің есімі әрдайым ел есінде қалары анық.

 

Гүлзина БЕКТАС, Ақбота ИСЛӘМБЕК

Айқын газеті



Ұқсас тақырыптар