«Жазушы өмірбаяны – әдебиет зерттеушілері үнемі көңіл бөліп келе жатқан мәнді проблема. Неге десеңіз, қаламгер өмірбаяны оның шығармаларының жазылу тарихы мен философиялық-дүниетанымдық көзқарасындағы эволюцияны айқындауда жетекші қызмет атқаратындығын ешкім де жоққа шығара алмас» деп ұстазым, филология ғылымдарының докторы, профессор, әдебиетші-ғалым Арап Еспенбетов айтқандай, Ш.Құдайбердіұлының нақты деректер мен құжаттарға негізделген ғылыми ғұмырнамасын жүйелеу керек. Бұл – Шәкәрімнің өмір жолын толыққанды тану бағытында ғана емес, сонымен қатар ақыннның әдеби мұраларының хронологиялық тұрғыда даму, өрістеу ерекшеліктерін айқындауда да үлкен маңызға ие болмақ.
Мұндайда «Өзге ақын-жазушыларға қарағанда, Шәкәрімнің ғұмырнамасы айқын емес пе?» деген ой-пікір қылаң берері анық. Шындығында, Шәкәрім – өз өмірін өлеңмен де, қарасөзбен де жазып кеткен ақын. Ақын-ның «Мұтылғанның өмірі» атты өмірбаяндық жыры, «Жылым – қой, жұлдызым – июль», «Серігім жалғыз Әупіш қасымдағы», «Жасымнан жетік білдім…», «Жолама қулар маңайға», «Қырықтан соңғы қырымды» деген өлеңдері ақын ғұмырнамасынан сыр шертеді. Ақын баласы Ахаттың «Менің әкем, халық ұлы – Шәкәрім» атты естелігі арқылы да ақынның әр кезеңдегі өмір белестері туралы кең деректерге қанығамыз. Ақын мұрасын зерттеуші ғалымдар да Шәкәрімнің өмір жолына тоқталмай кетпейді.
М.Түңлікбаев еңбектерінде де,
А.Омаровтың «Шәкәрімнің өмірбаяны», Д.Сейсенұлының «Шәкәрім» атты мақалаларында да ақынның ғұмырнамасы тарамдата жазылған. Әйтсе де, қаламгердің шығармашылық өмірбаянын ғылыми негізде жазу жалғасын таба беруі шарт. Бұл не деген сөз? Бұл – ақын ғұмырнамасы туралы жазылған азды-көпті еңбектерді ескере отырып, тың дүниелерді табуға, шаң басып архив сөрелеріндегі құжаттарды сөйлетуге тырысуымыз керек деген сөз. Ғылыми ізденістерге қол жеткізетін дәл бүгінгі уақыт екендігі айқын.
«Мен өтермін, кетермін, Жоқтарсың мені бір кезде» деп ақынның өзі айтып кеткендей, Шәкәрімді жоқтар кезіміз енді туды.
– Үш-ақ түрлі өмір бар: бәрі де мас,
Бір рәуішті болады шал менен жас.
Ең керекті дегенің – ортаншы өмір,
Түгел қолың жетпейтін бір жанталас.
Ақынның балалық, жастық шағы, жігіттік кезеңдері, кемел ақыл биігіне жетіп, ел ағасы болған сәттері, жас кезінде жырға қосқан «Алпыстан ары бармаңдар, Байқамай шал боп қалмаңдар» дей отырып, «Жастықтан қызық іс болмас, Кәріде ақыл, күш болмас» деген кәрілікке қадам басқан өмір кезеңдері жан-жақты мол әдеби мұрасымен бірге қалың оқырман халыққа, елімізге терең насихатталып жатар уақыт та болды емес пе?!
Қанша жыл денесі құр құдықта жатып, кәусар жырлары кеңестік саясаттың ықпалымен насихатталмай кел-гені де аян. Ақын ақталған 80-90-жылдары Шәкәрім мұрасы, өмір жолы зерттеу нысанына алынғанымен, кейінгі кездері оның шығармашылығы аздаған ғана ғалымдардың назарында қалып қойды.
Алдағы таңда Шәкәрімнің шығармашылық өмірбаянын, мол әдеби мұрасын зерттеу бағытында нендей жұмыстар атқаруымыз керек? Ең алдымен, ақын өмір жолының түрлі кезеңдерін анықтау барысында архив-тік құжаттар мен деректерді табуымыз қажет. Шәкәрімге қатысты жалпықұжаттық дүниелер санаулы ғана. Барлығымыздың ақын өмірбаянын тарамдата айтардағы қолға ұстар деректеріміз де – жоғарыда аталып кеткен дүниелер. Әлі де өз зерттеушісін тосып жатқан деректер баршылық. Мысалы, Шәкәрім өмірінің азды-көпті жылдарын, тіпті жас кезінен бастап, болыстықпен өткізгені белгілі. Осы бағытта Омбы қаласындағы, яки республикалық мұрағаттану орталығындағы мол деректерді шолып шықсақ, көп құжаттарға жолығарымыз хақ. Қазіргі қауіпсіздік комитетінің архивінде нендей дүниелердің жатқаны бізге беймәлім. Пайымдауымша, Шәкәрімге қатысты құжаттық дүниелерді іздестіруге әлі ешкім бел шешіп кіріскен жоқ.
Шәкәрімнің ақындық кітапханасын анықтау бағытында да көп тер төгуіміз қажет. Семей қаласындағы кітапханалардан кімдерді, қандай кітаптарды, еңбектерді оқыды? Ахат Шәкәрім баласының: «…Сол кезде мен әкейдің кітапханасындай мол кітаптары бар кітапхана көрмедім. Бұл мол кітаптарды абдыра, жәшіктерге салдырып, ел қыстаудан көшкенде бір бөлмеге қаматып қойғызатын. Оған ешкім тимейтін. Жылда бір тазарттырып отыратын. Бір күні әкей кітаптарын тазалаттырып, тізім жасатты. Әкей айтып отырды, мен кітаптардың авторларын, шығармаларын жазып отырдым. Үш күнде тізімді жазып зорға бітірдік. Кітаптардың молдығы сондай, авторлардың бар томдарының аттарын жекелеп жазып шығуға мүмкіндік болмады»,– деп басталып тарихқа, философияға, түрлі ғылым салаларына, тіпті музыкаға қатысты көптеген кітаптардың аттарын атауында да үлкен мән жатыр. Тек аттарын тізуге үш күннің кетуі – көп жайлардың сырын ашады. Сонымен қатар Ыстамбұл, Мекке, Мәдина сияқты қалаларға барғандағы ақынның басты мақсаты қандай, нендей дүниелерді оқуға назарын салды, кімдерді оқыды, оларды оқудағы себебі не, нені игеріп қайтты? Міне, осы сұрақтарға қазіргі таңнан бастап жауап іздеуіміз керек.
«Танбаймын шәкіртімін Толстойдың», Шәкәрім Сарыарқаның сары даласында, қалың қазақ ортасында күн кешсе де, сонау жақтағы Толстоймен хат жазысқан. Тең дәрежеде тілдесе білген. Осы бір байланыс тілхатының негізі табылса, шәкәрімтануға қосылған мол дүние болар еді. Біз де өз тарапымыздан хатты табуға біраз талпындық. 2010 жылы Толстойдың «Ясная полянадағы» музей-усадьбасына барып, Мәскеудегі архивтерді қарап біршама іздеу жұмыстарын жасадық. Әйтсе де, нақты дәлел болатын құжат-тарды, не хаттарды кездестіре алмай жатқанымыз бар.
Жалпы, Шәкәрімге қатысты айтар дүние де, жазылар жайлар да жеткілікті. Шәкәрімді жекеменшікке алмай бірлесе жұмыс істесек, тыңнан табылар дүниелер көбейіп, көкжиегіміз кеңейе түсер еді.
Жандос ӘУБӘКІР,
«Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік мекемесінің директоры
Айқын газеті