Әміре атам туралы фильмді көріп, көп ойландым. Әйгілі әншінің қиын тағдыры, әншілік зор қуаты туралы болуға тиісті фильмнің өн бойынан атамды іздеп таба алсамшы. Ғасырда бір туатын, тіпті тумайтын, қайталанбайтын дауыс иесі туралы фильмді шетелдіктер түсіреді де-генде бір күдігім болып еді, сол күдігім расқа шықты.
Алғаш рет Әміренің Париждегі дауысын тапқан атақты музыка зерттеушісі Жарқын Шәкәрім фильмнің кеңесшісі болды дегенде көп нәрседен үміттеніп едім. Енді оған да көзім жетіп отыр, ол кісінің өзін де жолатпаған екен ғой. Өйткені, «Егемен Қазақстанда» (25.04.2018) бұл жайды ол бірауыз сөзбен-ақ жеткілікті айтып беріпті. Фильмде «ұлттық емес, еуропалық менталитет басым» депті. Басым емес, сол Еуропаның өзі деуге болады. Жер түбіндегі Парижге жанын шүберекке түйіп барған әншінің орыстың французданған қызымен көңіл жарастырған эротикалық көріністерден басқасын қайдам, қазіргі қызуқанды жастар қандай ой түюі мүмкін. «Атамыз жүргіш болған екен ғой» демесіне кім кепіл?! Ал енді сол Парижден тапқан «перизатын» Мұстафа Шоқаймен таныстыруын айтсайшы?!
Әмірені ойнайтын актерде алты аласым, бес бересім жоқ. Жақсы рөлдері бар шығар. Ал енді Әміре рөліне лайық емес. Бұл жөнінде «Егеменде» айтылған пікірлермен келісемін. Шынында «Мен не деймін, домбырам не дейді?» демекші, әнші бір жақта, домбыра бір жақта. Біз білетін Әміре шебер орындаушы, асқан виртуоз болғанына да дау жоқ. Жалпы, қазақтың ғажап әншілерінің бәрі керемет музыкант та болған. Ал енді дауыс жоқ. Таңдаған әншісі өмірі бір тойып тамақ ішпеген адам тәрізді. Айтатыны әркім де қиналмай-ақ шырқай беретін кілең тойдың әндері. «Балқадиша», «Әй-әй, бөпем» деген тәрізді. Фильмнің бірден-бір жетістігі — Әміренің қайталанбас дауысын халыққа жеткізуге мүмкіндік жасау керек еді. Олай емес. Әр әншінің оң жамбасына келе бермейтін, Әміренің ғажайып дауыс диапазонын әйгілейтін «Ағаш аяқ», «Хисметтің» фильмде ұшқыны да жоқ.
Аз айттың не, көп айттың не, осылай да фильм түсіре беруге болады екен ғой. Осындай бір сыни пікір айта қалсаңыз, қазіргі деңгей тұрғысынан келіп «түсінігі жоқ адам ғой, бұл фильмнің жанры да, жағдайы да басқа ғой» деп өзіңді тұқыртатынын да білемін. Түсінбейтін несі бар. Меніңше, ең алдымен, халық түсінбеген, қабылдамаған фильмнің ешкімге керегі жоқ. Әншейінде орыстарды қайталаудан, олардан үйренуден жалықпаймыз ғой. Ал енді ұлттық фильм түсіруге келгенде неге солардан үйренбейміз? Үйренетін нәрсені неге үйренбейміз, егер осы фильмді орыстар түсіргенде дәл осындай деңгейге түспес едік. Қысқасы, Сламбек Тәуекел ағам айтпақшы «ұлттық фильмді ұлттық режиссер ғана жасайды».
Аталмыш фильм жөнінде халқымыздың белгілі, тұлғалы азаматтарының бірен-сараны да өз ойын ашық білдіріп жатыр. Осы орайда Қазақстанның Халық артисі, екі мәрте Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Досхан Жолжақсыновтың «Жас қазақ» (4.05.2018) апталығында білдірген пікірі де біздің ойымызбен ұштасып жатыр. Белгілі өнерпаз былай дейді: «Көрдім. Отбасымды ертіп барып, сәуірдің 5-і күні көрдік. Бірақ әнші Әмірені таба алмадым. Біріншіден, бұл Әміре емес. Әміре болмағаннан кейін оған сын тағып та қажеті жоқ. Екіншіден, бұл жарнама. Жарнама болғанда да жалаң жарнама. Әміре болғаннан кейін, бұл ұлттық дүние болуы керек. Бұл ондай емес.
Фильмдегі Әміре бірде күйші боп кетеді, бірде джаз стилінде өнер көрсетеді. Масқара болғанда, фильмнің соңында Әмірені ойнаған жігіттің әнінен кейін Әміренің өз дауысын береді. Жер мен көктей. Музыканттарының құлағы кеміс, режиссердің көкірегі таяз-ау деймін!».
Бұдан артық не айтуға болады? Тура көкейіміздегіні дөп басқан. Расында да фильм ұлттық болуы керек еді.
Бірлі-жарым өзгеріс, толықтырулар енгізсе, Жүсіпбек Аймауытовтың «Әншісі» (Әмірхан) дайын сценарий еді ғой. Әміре арқылы осы фильмде қаншама тұлғаларымызды көрсетуге болар еді. Мұстафа Шоқай бір-екі жерде жылт етеді. Онда да маңызды көрініс емес. Әміренің Серке Қожамқұловқа айтқан әңгімелері, А.Жұбановқа екі қызын табыстауын фильмнің өн бойынан керемет диалог, көріністермен көрсетуге болмас па еді.
Қ.ИМАН.
Алматы ақшамы