Алматыда жазушы Сырбай Мәуленовтің 95 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді

4.jpg


Алматыда белгілі жазушы Сырбай Мәуленовтің 95 жылдығына арналған салтанатты жиын өтеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Алматыдағы Қазақстан Жазушылар одағында Қазақстанның Халық жазушысы, Абай атындағы Қазақ КСР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Александр Фадеев атындағы сыйлықтың лауреаты Сырбай Мәуленовтің 95 жылдығына арналған салтанатты шара ұйымдастырылмақ.

Шараның бағдарламасына сәйкес, Қазақстан ақындары мен жазушылары, Қазақстан Жазушылар одағының басқарма төрағасы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Ұлықбек Есдәулетов сөз сөйлейді. Қазақстан Республикасына еңбегі сіңген қайраткер Есенғали Раушанов Сырбай Мәуленовтің өмірі мен шығармашылығы туралы баяндама оқиды. Шара қонақтарына арнап мерекелік концерт қойылады.

Шара 15 маусым күні болады.

Сырбай Мәуленов 1922 жылы 17 қыркүйекте Қостанай облысы, Жангелдин ауданы, Торғай кентінде туған. Екінші Дүниежүзілік соғысқа қатысқан. Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетін бітірген. 1943-1950 жылдары Қостанай облыстық радиокомитетінде редактор, «Большевиктік жол» газетінде бөлім меңгерушісі, редактордың орынбасары, 1951-1955 жылдары Қазақ мемлекеттік көркем әдебиет баспасында редакция меңгерушісі, 1957-1961 жылдары Қазақстан Жазушылар одағында әдеби кеңесші, «Қазақ әдебиеті» газетінде бас редактордың орынбасары, 1964-1971 жылы «Жұлдыз» журналының, 1971-1977 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінің бас редакторы болды.

Тұңғыш өлеңі Жамбыл облысының «Колхозшы» газетінде 1937 жылы жарияланса, «Өлеңдер» атты алғашқы жинағы 1948 жылы жарық көрді.

Қырыққа жуық жыр жинақтарының авторы. «Таңдаулы өлеңдер» атты таңдамалысы (1958), «Шаңқай түс» жинағы (1966), «Таңдамалылары» (2 томдығы, 1972), 1982-1984 жылдары үш томдық шығармалар жинағы басылып шықты. Оның «Жаңа көктем» (1956), «Дала таңы» (1957), «Көгілдір таулар» (1964), «Жер нәрі» (1970), «Апрель жапырақтары» (1972), «Таңдамалы лирикалары» (1972), «Жапырақтар жанады» (1972) өлеңдер жинақтары орыс тілінде Мәскеуде басылды.

«Жер нәрі» атты әдеби портреттер мен очерктер жинағы (1966), республика еңбекшілерінің халық шаруашылығын өркендетудегі қажыр-қайратын көрсететін «Үркер төбеде тұр» (1971) кітабы, естеліктер мен портреттер, этюдтер кітабы жарық көрді.

Балаларға арнап «Барлаушы бала» (1961), «Құлыншақ» (1963), «Бала жолбарыс» (1963), «Қорқақ торпақ» (1966), т.б. өлеңдер мен әңгімелер жазды. Орыс және туысқан халықтар әдебиеті шығармаларын қазақ тіліне аударды.



Ұқсас тақырыптар