2018 жылдың 15 маусымында «Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінде «Музей түні» өтеді. Бұл Алматы облысының тұрғындары мен қонақтарына қазақ халқының тарихы мен мәдениетінен ақпарат алуына мүмкіндік беретін іс-шара. Қазіргі заманғы «Музей түнінің» форматы әртүрлі жастағы аудиторияны қызықтыра алатын мүмкіндікке ие. Бұл туралы аталған музейдің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып Mezgil.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
«Есік» мемлекеттік тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Мухтарова Гүлмира Райылқызы «биылғы жылы мұндай шараны төртінші рет өткізгелі отырмыз. Осы аралықта біз өз аудиториямызды, олар бізді танып-біліп қалдық деуге болады. Осы жылы біздегі «Музей түні» Қазақстан музейлері дәстүрге айналдырған мамыр айында емес, маусымда өтейін деп отыр. Бұл арқылы біз музейде өткізілетін осындай форматтағы шаралар белгілі бір мерзімге «байланып» қалмайтынын, бұл музейдің жылына бір рет (мүмкін үлкен музейлерде бірнеше рет болуы да мүмкін) бір мезетте тарихқа, мәдениет пен музейге қызығатын үлкен аудиторияны жинауға үлкен аудиторияны шақыруға мүмкіндігінің бар екендігін көрсетеміз. Бұл біздің инновациямыз болғандықтан, біздің іс-шарамыз «Инновациялық фестиваль» аясында өткізілетіні заңдылық деп ойлаймын», - дейді ол.
«Музей түні» алдымен «Алтын адамның құпиясы» атты жастардың квесімен басталады. Бұл жастардың тарихтың жұмбақ тұсын табуға жол ашатын тартымды ойын. Музей аумағында қазақтың ұлттық ойындары алтыбақан, арқан тарту және ақсүйек ойындары ойналады. Сонымен қатар шығармашылық ойындар да болады. Яғни «Пазырық кілемінің» суреттерін, гипстен жасалған түрлі мүсіндерді бояуға және матадан жасалған гүлді түйреуіштерді жасауға мүмкіндік туады. «Ұста Дәркембай» музейінің шеберлері осы түні арнайы шеберлік сабақтарын көрсетсе, археология институтының қызметкері Станислав Потапов тарихи бұйымдарды қайта қалпына келтіру жұмыстарын көрсетеді. Сонымен қатар «Музей түні» аясында Домбыра-пати өтеді және Алматылық И.Л.И PlayBack театры өз өнерлерін көрсетеді. Айжан Бекқұлова мен Әуес Сағынаев заманауи үлгідегі этно-топтамаларын көрсету арқылы шараның көркін кіргізе түспек. Қонақтар концерттік бағдарламада «STEPPE SONS» заманауи этно джаз және қазақтың көп ішекті шертпелі аспапты «АСЫЛТАС» ансамбльнің өнерлерін тамашалайды. Шара осы түннің символикалық оқиғасы «Сақтардың отын» жағумен аяқталады.
«Есік» қорық-музейі 1970 жылы Есік қорғандарының бірінен сақ ханзадасы табылған аумақта орналасқан. «Алтын адамның» киіміндегі алтын тоғалар мен әшекейлер Қазақстан Республикасының ұлттық символдарында қолданылып жүр. «Музей түні» 2015 жылдан бастап өткізіліп, оны шамамен үш мыңнан астам адамдар тамашалап келеді.
Осы жылы «Музей түні» 7–17 маусым аралығында Алматы қаласындағы «АРГО» Азаматтық қауымдастық ассоциациясының қолдауымен өткізілетін Орта Азия Инновациялық фестивалімен қатар өткелі жатыр.