«Шынын айту керек қазір жақсы дүниелерді шетелдіктер әкетіп жатыр. Бізде өнерді бағалау, әсіресе сурет өнерін бағалау кенде қалып отыр». Бұл туралы Қазақстан Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов Baq.kz ақпарат агенттігіне берген сұхбатында айтты.
- Өмірбек Орынбасарұлы, сіз Суретшілер одағы төрағасы қызметіне жақында кірістіңіз. Құтты болсын айта отырып, одақтың бүгінгі жағдайымен, жай-күйімен танысқымыз келеді?
- Бізде бейнелеу өнерінің тарихы басқа салаға қарағанда кішкентай. Күні-кеше ғана Әбілхан Қастеев ағамыздың 110 жылдығы аталып өтті. Батыста классикалық түрде майлы бояумен реалистік, шынайы бағытта жұмыс істеп келе жатқандарына 5-6 ғасыр болып қалды. Ал оның барлығын біз айналдырған 85 жылдың ішінде басып өтуімізге тура келді. Сондықтан барынша жұмыс істеп келе жатырмыз. Жалпы біздің кәсібіміздің өзі Рухани жаңғыру ғой. Қайдан шықтық, қайда бара жатырмыз, тегіміз не деген тақырыптар суретшілердің көкейінде бұрыннан бар. Оларды өмір бойы қаузасақ та таусылмайды.
Ал енді, одақтың қазіргі жағдайына келетін болсақ, бәрі салыстырмалы түрде. Бізде бәрін салыстырады ғой, дамыған елдер, артта қалған елдер дегендей. Сол сияқты мына жақын көрші елдермен салыстырып қарайтын болсақ бізде жаман емес. Ал енді тағы басқа елдермен салыстырып қарасақ әлі де атқаратын жұмыстар жетерлік. Кеңес үкіметі тұсындағы кезеңмен салыстырсақ ол кезде суретшілер идеологияның құралы болды. Үкіметтің тапсырысын орындады және үкіметтен көмек болды. Суретшілерге жағдай жасап, көптеген жеңілдіктер жасады. Қазір енді Тәуелсіз ел болдық, техника, электроника дамығаннан кейін суретшілер аса қажет болмай қалды. Көшедегі хабарландыру, жарнама, билборттар, лозунгтарға дейін техникамен шығарылатын болды. Оның барлығын бұрын суретшілер жасап келген. Сондықтан қазір біздің кәсіби ұйым тек қана шығармашылыққа қолдау жасау болып қалды. Біз Қоғамдық ұйым болған соң көрші Өзбекстан, Белоруссия сияқты үкімет тарапынан датация алмаймыз, өз күнімізді өзіміз көріп жүрміз. Ғимаратымыздағы біраз бөлмелерді жалға беріп, содан тиын-тебен шығарып отырмыз. Олар үлкен фестиваль, биеннале сияқты шараларды өткізуге жетпейді. Үкіметтің гранттарына қатысуға тырысамыз, жобалар беріп отырамыз.
Қазіргі таңда одақта 1195 адам мүшелікте бар. Суретшілеріміз интернет арқылы шетелдік гранттарға, сайыстарға қатысуға тырысады. Бару-қайту жолын өзі көтеріп жатса тіптен жақсы. Әйтпесе көбінде қиналып қап жатады, демеуші іздеп жүреді.
- Жалпы, түйіні шешілмей келе жатқан мәселелер бар ма?
- Алматы мәдени астана дейміз ғой, сол суретшілерге арналған көрме залы болса деймін. Алматыда суретшілердің жұмыстарын қойып, көпшілікке көрсететін көрме залы жоқ. Қазіргі таңда оның қызметін Қастеев музейі атқарып жатыр. Дегенімен ол музей ғой, оның бағыты бөлек, өз мақсаты, өз шаруалары бар. Біз ана жерді бер, болмаса жаңадан салып бер деп отырғанымыз жоқ. Өзіміздің бұрыннан келе жатқан Одаққа қарасты бір қабатты ғимаратымызды реконструкция жасап, үш қабатты етіп жасап берсе де қуанар едік. Соны жасауға жоғары жақтағылар инвестор тартып көмек көрсетсе жақсы болар еді.
- Күні кеше Қытайдағы Суретшілердің симпозиумына барып қайттыңыз. Сол сапарыңыз жайлы айта отырсаңыз?
- Иә, жақында Қытайға барып келдім. Үш суретшінің жұмысын апардым. Әр мемлекеттен төрағалар қатысты. Ішкі Моңғолия дейді, Баян-Нұр деген қаласында болдық. Біздегі тамғалы тас сияқты оларда да тастағы суреттер бар екен. Соған байланысты олар өздерінің аймағын насихаттап, көрсету үшін оннан астам елден суретшілерді шақырыпты. Бұл екі жылда бір рет өтіп отырады екен. Жалпы, таңба деген зат бұл 5 мың жыл бұрын, тіптен одан да әрірек суретке деген бейімі бар адамдардың тасқа қашап салған суретттері ғой. Ол бейнелердің қатарында қойшы, аң, жануарлар, жауынгерлер де бар. Өздерінің сол кезде табынған «құдай» дей ма, әлде «шаман», «бақсы» дей ма солар көрсетілген. Шекара, ұлтқа бөліну деген бертінде шықты ғой. Ол кезде ешқандай мемлекетке бөлінбеген, сондықтан бұл адамзатқа ортақ дүние. Мүмкін бір-бірімен осы таңбалы тастар арқылы сөйлескен де шығар.
- Біздегі таңбалы тастармен ұсқастығы барма екен?
- Біздің тастағы суреттің көлемі де, алып отырған аумағы да әлде-қайда үлкен. Бірақ салған суретінің символикасы, салу тәсілдері бәрі бірдей. Жан-жануарды, салт аттыны бейнелеуі бәрі ұқсас. Бір ерекшелігі – бізде ту ұстаған салт аттылардың бейнесі көп. Ол жақта ту емес садақ ұстағандардың бейнесі басымырақ екен. Жаңа айтып өттім ғой, ол кезде шекара болмады, бәрі бір-бірімен араласып жүрді. Адам баласы туғанынан сурет салады, тілі шыққан соң әндетеді, өлең шығарады, сауат алып әріп таныған соң өлең шығарады. Ал бастапқыда кез-келген бала қолына қалам алып шимайлап сурет салады. Ішкі ойын, ренішін, қуанышын бәрін сурет арқылы жеткізеді.
- Сіз салған суретті Елбасы Рим папасына сыйлағанын жақсы білеміз. Қазір қандай бағытта сурет салып жатырсыз?
- Өз басым 3-4 жылдың көлемінде әлеуметтік тақырыпта жұмыс істеп келемін. Қазақта «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» деген сөз бар ғой, ол мамыражай, тоқтық кезеңді білдіреді. Осыған байланысты ремикс жұмыстар жасадым. Яғни, қазіргі осы кезеңді қалай көрсетуге болады дегендей. Жалпы адам қиналған кезде жақсы кезеңдерді аңсайды, еске алады. Осы жұмысым арқылы қазіргі жан-жақтағы болып жатқан жағдайға көз-қарасымды білдіргім келді. Дәл қазіргі уақытта Қорқыт тақырыбында жұмыс істеп жатырмын. Қорқыт өлімнен қашып мәңгілік өмірлік жер іздеді, оны қобыздың әуенінен тапты, ол да ізденіс. Суретші де өмірбақи шығармашылық ізденісте жүреді. Міне осы Қорқыт тақырыбын қазіргі өмірмен байланыстырып жұмыс істеп жатқан түрім бар.
- Қазіргі жас суретшілердің аяқалысы қалай, олардың жұмысын бақылап отырасыз ба?
- Бізде жас суретшілердің қалыптасқан жақсы бір буыны бар. Болашағынан үлкен үміт күттіретін жастар өсіп келе жатыр. ТМД елдері суретшілерінің қауымдастығы бар, жақында Мәскеу қаласынада осы елдердің жас суретшілерінің көрмесі өтті. Оған біз Бақыт Сейсенханұлы деген жігітті лайықты деп, соны жібердік. Ол өзі жалғыз емес жас суретшілердің жұмыстарын ала барды. Әр елден келген өзі сияқты жас суретшілермен ортақ шығармашылық жайлы пікір алмасып, бұған дейін кітаптан көріп келген үлкен көрмелерді, музейлерді аралап, жақсы әсер алып келіпті. Бұл азда болсын оған үлкен шабыт беріп, жақсы дүниелерді өмірге әкелуге үлесін қосатын нәрселер. Одақтың қарамағында алдыңғы жылы құрылған Жас суретшілер одағы деген ұйым бар. Көптеген шараларға осындағы жастарды тартып, қатыстырып отырамыз.
- Жаплы, суретшілеріміздің халықаралық аренадағы беделі қандай?
- Жақсы суретшілер көп. Елге таныла алмай жатыр. Мәселен Димаш, кешегі Канн фестивалінде жеңімпаз болған Самал Еслямовалар да өз арамыздан шықты ғой. Бізде де әлемдік деңгейдегі суретшілер бар. Барлығы өз бетінше қызмет етіп жатыр. Жақында Алма Меңлібаева деген суретшіміз өнер саласына қосқан үлесі үшін Франция елінің марапатына ие болды, қазір Германияда тұрып жатыр. Шымкенттік суретші Саид Атабеков та шетелден гран при ұтып алған, оны да ешкім білмейді. Сондықтан шетелді талантымен мойындатып жатқан суретшілер жоқ емес, бар. Шынын айту керек қазір жақсы дүниелерді шетелдіктер әкетіп жатыр. Бізде өнерді бағалау, әсіресе сурет өнерін бағалау кенде қалып отыр. Қазір көп үйге барсаң туған жерінің картинасы немесе батыр болған ата-бабасының суреті ілініп тұрады. Терең мағыналы жұмыстарды шетелдіктер алып жатыр. Көрші қытайлар біздің суретшілердің жақсы жұмыстарын сөзге келместен шетінен әкетіп жатыр. Тек бізден ғана емес бүкіл әлем бойынша жақсы дүниелерді жинап жатыр. Қазір оларда жақсы қор жиналып қалды, біраз уақыттан соң бағасын он есеге дейін көтеріп үлкен көрме жасайды. Ол Батыс елдеріндегі мықты көрмелердің ешқайсысынан кем түспейтін болады.
- әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан Әділет Мұсахаев
Baq.kz