Алматыда Суретшілер одағының 85 жылдығына арналған көрме ашылды

1.jpg

Қазақстан Республикасы Суретшілер одағының 85 жылдығына орай Алматыда отандық суретшілердің республикалық көрмесінің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Baq.kz ақпарат агенттігінің тілшісі.

Көрмеге жиналғандарды Ә. Қастеев атындағы Мемлекеттік өнер музейінің директоры Гүлмира Шалабаева құттықтап, шығармашылық табыс тіледі.

11.jpg

«Суретшілерді бүгінгі айтулы күндерімен құттықтаймын. Қазақстанның өзіне тән стилі бар өнер мектебі қалыптасқан. Оның құрамында талантты адамдар өте көп. Осы суретшілердің басын қосып, шығармашылық жобаларды іске асырып келе жатқан Қазақстан Суретшілер одағының еңбегі орасан. Барлықтарыңызға шығармашылық табыс тілеймін», -дейді Г. Шалабаева.

Алматы қаласының Мәдениет және Мұрағат әкімшілігі меңгерушісінің орынбасары Данияр Әлиев те құттықтау сөз сөйлеп, бір қатар өнер иелеріне алғыс хаттар табыстады.

2.jpg

«Сурет өнері адамзат пайда болғаннан бері қалыптасты десек артық болмас. Сурет салу бұл адамның туа біткен үлкен бір қасиеті. Осындай өнер иелерінің басын қосып отырған Суретшілер Одағының 85 жылдығы құтты болсын. Кеше Елбасы Алматыға келіп, қаладағы оң өзгерістерге өзінің үлкен бағасын берді. Бұл өзгерістерге сіздер де өз үлестеріңізді қосып жатсыздар», -деді ол.

12.jpg

Көрмеге кескіндеме, графика, мүсін, қолөнер саласы бойынша қазақстандық суретшілердің шығармашылық туындылары қойылған. Республикалық көрмеге Астана, Алматы, Қарағанды, Павлодар, Петропавл, Ақтөбе, Ақтау, Атырау, Орал, Қызылорда, Тараз, Шымкент, Түркістан, Семей өңірлерінен 150-ден астам суретшілер қатысып отыр.

6.jpg

«Бүгін көрменің бірінші кезеңі ашылды. Қыркүйектің 14 күні «Алматы-арена» кешеніндегі арт-орталықта көрменің жалғасы болады. Ол Алматы қаласы күнімен тұспа-тұс келіп отыр. Бүгінгі көрмеге еліміздің әр түкпіріндегі өнер иелерінің жұмыстары қойылды», -дейді ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жұбаниязов.

7.jpg

Ұйымдастырушылардың айтуынша, Қазақстан Республикасының президенті Н. Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында заманауи қазақ бейнелеу өнерін өркендету, әлемге таныту мақсатында Қазақстан суретшілер одағы тарапынан еліміздің барлық өңірінде республикалық көрмелер мен пленэрлік іс-шаралар өткізіліп келеді.

13.jpg

«Бүгінгі көрмеге табиғат тақырыбы бойынша екі жұмысымды әкелдім. Осындай көрмелердің жиі ұйымдастырылып тұрғаны жақсы. Өйткені мұндай шаралар өнер адамдарына шабыт сыйлайды», -дейді суретші Батан Шаттық.

5.jpg

Бұл көрмеде өткен тарихтың сарыны, заман ақиқаты жырланған, сонымен қатар халқымыздың рухани құндылықтары, елдің мақсат-мұраты мен ұлттық қасиеті суретшілер шығармашылығындағы түрлі жанрларда әрқырынан көрініс тапқан.


10.jpg



Ұқсас тақырыптар