Алматыда актер Тұңғышбай Жаманқұловтың "Қуыршақтар" моноспектаклі қойылды. Бұл – істі болып, шартты жазасын өтеп жатқан актердің жуырда құрған "ДАТ!" театрының алғашқы қойылымы.
"Қуыршақтардың" Алматыдағы премьерасы қазанның 15-і кешкісін қаладағы "Жас сахна" театрында өтті. Жүзден аса көрермен сыятын зал лық толды. Есіктің ауызында оншақты адам бір сағаттан асқан қойылымды тұрып тамашалады. Спектакльде тек бір актер – Тұңғышбай Жаманқұлов ғана ойнады.
Сахнада тас қараңғы. Сәлден кейін мұңлы әуен естіліп, сахнаға сүйретіле шыққан ер адамның сұлбасы көрінді. Қарт жұпыны киінген, жалаң аяқ. Сахнаның ортасында шаңыраққа ұқсап айқасқан бес-алты ағаш салбырап, сол жақ бұрышта ағаш сандық тұр. Бар декорация осы.
Сандықтан қуыршақтарды алып, шаңырақ астындағы ілгіштерге бір-бірлеп іле бастаған қарт ертеде қуыршақтар жайлы естіген аңыз әңгімесін баяндайды.
"Ерте заманда қуыршақтардың өз әлемі болған. Бірақ жыл сайын күн тұтылғанда адамдар қуыршақтардың баласын тартып алып отырған. Бұл қысымнан әбден зар болған қуыршақтардың бірі қара сиқырдың қыр-сырын меңгеріп, өз қызына да сиқырды үйретеді. Күндердің күнінде ол қыздың да адамдарға беретін кезі келеді. Қуыршақ қыз өз тағдырластарымен кетіп бара жатып жанындағы балаларға да қара сиқырдың құпиясын ашады. Сол кезеңнен бастап адамдар әлемінде сәбилер өлімі көбейген. Қуыршақтарға ашуланған адамдар олардың еліне шабуыл жасап, тыныштық бермеген. Қуыршақтардың зары Құдайдың құлағына шалынып, Ол қуыршақтарды өзге ғаламшарға алып кеткен екен" деді қарт.
"Бірақ адамнан айла асқан ба?" деген қарт: "кейін адамдар қолдан жансыз қуыршақтар жасауға кіріскен. Есейгенде адам да қуыршаққа айналады. Өмірдегі сатқындық, арсыздық, арамдық пен әділетсіздік, қиянат, оны еріксіз қуыршаққа айналдырады. Бірақ ешкім өзінің қуыршақ екенін мойындамайды" дейді қария.
Ілгіштерге ілінген қуыршақтың бірінен өзін сатып кетіп, соның кесірінен түрмеге түскен әріптесінің бейнесін көреді. Екіншісінен жастайынан бірге өсіп, кейін үлкен дәрігер болған, бірақ ол дәрежеге адамның өлімі арқылы жеткен досын көреді. Зұлымдық жасаса да оның жаза алмағанына іштей зар болады. Қанша дос-жақыны болса да адам әркез жалғыз екенін түсінеді. Осылайша өмірден үмітін үзіп, өрттіп өлген отбасымен қауышу үшін қосауыз мылтықты алқымына тақап, шүріппені басады. Жерге құлаған қарттың үстіне шаңырақ түседі. Жарық сөнеді.
Бір сәт үнсіздіктен кейін көрермендер орындарынан тұрып, он минуттай қол шапалақтап тұрды.
Қойылымнан кейін Тұңғышбай Жаманқұловқа гүл шоқтарын ұсынып, құшақтап, құттықтаушылардың қарасы көп болды. Сахнаға Алматы қаласының ішкі саясат басқармасының бастығы Нұрлан Сыдықов шығып, Президент әкімшілігі ішкі саясат бөлімі меңгерушісі Аида Балаеваның құттықтауын оқып, Тұңғышбай Жаманқұловтың иығына шапан жапты. Актер оны алыстау тұрып тыңдап, жапқан шапанды көп ұзамай шешіп тастады.
"Бұл қойылым мен үшін өте қымбат. Бұл – жалғыз актердің театры. Жаныңда ешкім жоқ, өзіңмен-өзің күйіп-пісесің. Қиын екені сөзсіз. Қолғанат Мұрат деген жас жігіттің жазған бұл пьессасы менің жан дүниемді қатты тебірентті. Астары өте терең, қойылымның негізгі мақсаты - адамзатты апаттан құтқару, бір-біріне салқын болып кеткен ашкөздіктен құтқару, тазалыққа шақыру" деді Тұңғышбай Жаманқұлов.
Көрермендердің бірі жазушы, драматург Дулат Исабековтің пайымдауынша, Жаманқұлов бұл қойылым арқылы басынан өткен оқиғаны айта білген.
"Қазақстаның билері мен хандарын ойнаған Тұңғышбай Жаманқұловты бүгін актер ретінде көрдім. Осыған дейінгі рөлдері біркелкі болатын. Бүгінгінің тақырыбы ерекше. Біздің шындықпенен өтіріктің арасында жүргенімізді астын сызып көрсетті. Өзінің оң жамбасынан келген рөл сияқты. Ащы шындық. Соңғы жылдары Тұңғышбайдың басынан өткенін оқиғалар осы қойылымда көрініс тапқан секілді. Егер Тұңғышбайдың басынан түрлі жағдай өтпегенде, мұндай пьесаны осылайша ойнауы мүмкін емес еді" деді жазушы.
"Феникс" көркем фильмін түсіруге "бюджеттен бөлінген қаржыны жымқыруды" айыпталған актер әрі режиссер Тұңғышбай Жаманқұлов былтыр үш жарым жыл шартты жаза алған.
"Феникс" ісіне байланысты сот процесі 2017 жылғы наурыздың 9-ы күні басталған. Қылмыстық іс бойынша тоғыз адам "мемлекеттен кино түсіруге бөлінген 69 миллион теңгеге жуық қаржыны жымқырған" деген айыппен актер Жаманқұлов бастаған тоғыз адам жауапқа тартылған. Жаманқұлов сот отырыстарында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаевтан бірнеше рет көмек сұраған. Кейін сот шешімінен кейін актер "президентке өкпелі" екенін айтқан.
Мәншүк Асаутай, Азаттық радиосы. Түпнұсқадағы тақырып: Тұңғышбай Жаманқұловтың "Қуыршақтары"