«Астана» драмасы ел ықыласына бөленді

12 қараша күні Астана қаласы Бейбітшілік және келісім сарайында Қ.Қожамияров атындағы Мемлекеттік академиялық ұйғыр музыкалық комедия театры Президент Н. Назарбаевтың «Қазақстан жолы» кітабінің желісі бойынша «Астана» публицистикалық драмасы қойылды. Қойылым Астананың 20 жылдық мерейтойына арналған. Бұл Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көркем бейнесі тұңғыш рет театр сахнасында бейнеленуі. 

1542165682_article_b_1500_.jpeg

Спектакльдің идея авторы әрі қоюшы режиссері – Халық артисі, танымал режиссер Мұрат Ахмадиев, ал президент кітабы бойынша драма инценировкасын жазған – елімізге белгілі жазушы, ҚР Еңбек сіңірген қайраткері Ахметжан Ашири. Бас кейіпкердің рөлін сомдаған – Мәдениет қайраткері – Азизжан Искандеров.

1542165682_article_b_1500_.jpeg

Қойылым өзегі бүгінде бүкіл әлемге танылған, Еуразияның жүрегі іспетті Астана қаласының салыну тарихын өзек еткен. Ел орталығын Алматыдан Астанаға көшіру идеясы Назарбаевтың ойына оралған сәттен бастап, оны іске асыру барысындағы қиындықтар, талас-тартыс, пікірталас қамтылып, жаңа елорданы құру туралы нақты шешімді қабылдаудың оңайға түспегендігін айшықтаған. Спектакльдің басты артықшылығы – «Қазақстан жолы» кітабындағы ой-толғамдарды, ондағы нақты ақпаратты, сол жылдардағы әлемдік және елдегі саяси ахуалдарды жымдастырып, жігін жатқыза суреттей білуінде деуге болады. 

img_8328.jpg

Қойылым сюжетінің өрбуіне, шарықтауына, әрбір детальдің орнымен қолданылуына режиссердің көп еңбек еткені айтпаса да түсінікті. Актерлер құрамының жасандылықсыз, шынайы ойнай білгендігі қуантады. Театр ұжымының ұзақ уақыттық дайындығы қойылымның маңыз-мәнін арттыра түскен. Басқа басқа, Елбасы бейнесін театрда көрсету кез келген театрдың қолынан келер шаруа емес. Ұйғыр театры сол сынақтан сүрінбей өтті деуге болады. 

Драма авторы Ахметжан Ашири елімізге танымал жазушы ғана емес, драматург ретінде де көптеген пьесалардың авторы. Оның ондаған пьесасы сахналанған. Ахметжан Ашири есімі алдыңғы толқын жазушылардың ішінде кеңінен танымал. Оның шығармалары бірнеше тілге аударылған. Еліміздегі белгілі жазушылардың қаламгер шығармашылығы туралы толымды мақалалары жетерлік. Қойылымның ойдағыдай болуына А. Аширидің сіңірген еңбегі зор. 

Өзінің айтуынша, Астананың 20 жылдығы ел мерекесі болғандықтан, осы елдің азаматы ретінде бір тарту жасауды көздеген. Режиссер Ахмадиевпен ойы бір жерден шыққан соң, президенттің «Қазақстан жолы» кітабы бойынша сахналық қойылым жасауды ұйғарған.

– Президенттің көптеген кітаптарын оқығанмын. Ол кісінің парасат-пайымына, адами болмысына тәнтімін. «Қазақстан жолын» оқу барысында ел орталығын Астанаға көшірудің қаншалықты қиын болғандығын түсіндім. Сол сәттегі ой талқысы, пікір талқысы бүгінгі Астананың салыну тарихының бастау көзі. Біз оны ұмытпауға тиіспіз. Астананың алғашқы идея туған шақта-ақ ргетасы қаланды деуге болады. Бүгін Астана десе Қазақстан, Қазақстан десе Астана көз алдымызға келеді. Бұл – алғашқы ойдың құдіреті. Ой – беймәлім дүние емес, оның жаны, рухы бар. Оған Астана куә, – дейді жазушы.

img_8353.jpg

Қаламгер пьесаны жазудың оңайға түспегендігін де жасырмайды. «Қазақстан жолы» бойынша жазылса да, одан көркемдік шешім табу, оқиғалар желісін жинақтау, кейіпкерлерді сұрыптау, талдау өте қиынға түскені анық. Кәсіби драматург қойылым сахналанғанша әлденеше өзгертіп, бояуын қандырып, барынша ширатуға жұмыс жасаған. 

img_8373.jpg

Президент рөлін сомдаған А. Искандеров болса, бұл образды ашудың оңайға түспегенін, қобалжу болғанын еске алды. Президенттің рөлін сомдау бір жағынан бақыт болса, екінші жағынан жауапкершілік екенін ұғындым дейді актер.

Астана жұрты қойылымды өте жылы қабылдады. Көрермендер қойылым соңында ұжымға әрі авторларға зор құрмет көрсетті.

«Астана» публицистикалық драмасының мамыр айында Алматыда премьерасы өткен. Оған Мәдениет және спорт министрі А. Мұхамедиұлы бастап, елімізге танымал театр және өнер қайраткерлері қатысқан. Даңқты актер Асанәлі Әшімов ұжым еңбегін жоғары бағалап, «мұндай қойылым қою үшін тәуекелдік пен шығармашылық ынта» қажеттігін айтқан болатын. Сол жолы министр Ұйғыр театрын күрделі жөндеуден өткізуді қолға алғандарын, ұжым еңбегіне зор алғыс айтатынын жеткізген еді.  

Суреттер Ассамблея сайтынан алынды.

www.mezgil.kz


Ұқсас тақырыптар