Өнер барлығы үшін!

1.jpg

Желтоқсанның 6 күні сағат 16.00 ALMATY ARENA кешеніндегі Almaty Art Center бөлімінде ҚР Суретшілер одағының бастамасымен қазақстандық мүсіншілердің көрмесі өтеді. Көрме Суретшілер одағының 85-жылдық мерейтойына арналып отыр. Мұндай ауқымды көрме Тәуелсіздік алғалы елімізде бірінші рет өткелі отыр. 

Көрмеден қазіргі Қазақстан шеберлерінің және дүниеден өткен өнер иелерінің жұмыстарын тамашалай аласыздар. 

Сондай-ақ көрме барысында «Өнер барлығы үшін!» жобасы таныстырылады. Ол Халықаралық мүгедектер күні аясында іске асып отыр. 

IMG-20181125-WA0026.jpg

Аталған жобаның қысқаша мазмұны:

Жобаға көзі көрмейтін және көзі жақсы көретін адамдар қатысады. Көзі көрмейтін адамдарға мүсінді жасау өнерін сезініп көру мүмкіндігі беріледі. Осылайша олар мүсіннің эстетикасын, көркем бейнесін, фактурасын, материалын, идеясын және мағынасын түсінетін болады. Ол үшін Суретшілер одағы Қазақстанға танымал мүсіндердің шағын көшірмесін жасаудағы жауапкершілікті алып отыр.

Алғашқы кезеңде Алматы қаласындағы жанарынан айырылған 2 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Одан кейін еліміздің ірі қалаларындағы көзі көрмейтін жандар да қамтылады, яғни Суретшілер одағының филиалдары орналасқан қалалар бойынша. Жалпы елімізде 30 мыңға жуық көзі нашар көретін адам бар екен. Дегенімен Суретшілер одағы мүгедектердің бір тобымен ғана шектеліп қалмақ емес, өзге мүгедек топтар үшін арнайы жоба қарастырылуда. Олардың қатарында есту қабілеті нашар және қозғалу мүмкіндігі жоқ жандар да бар. Бұл жоба желтоқсанның 18-20 күндері аралығында іске асырылады.

Суретшілер одағы мұндай шараны алғаш рет қолға алып отыр, яғни өзінің азаматтық белсенді ұстанымын таныту арқылы өнерге қоғамдағы барлық дәрежедегі азаматтарды  тартуда.

Көрмеге кіру тегін.



Ұқсас тақырыптар