ҚР Суретшілер одағының бастамасымен ALMATY ARENA кешеніндегі Almaty Art Center бөлімінде қазақстандық мүсіншілердің көрмесі өтіп жатыр.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, көрме Суретшілер одағының 85-жылдық мерейтойына арналған және мұндай ауқымды шара Тәуелсіздік алғалы елімізде бірінші рет өткізіліп отыр.
Көрменің салтанатты ашылуы кезінде ҚР Суретшілер одағының төрағасы Өмірбек Жубаниязов, биылғы жыл суретшілер мен мүсіншілер үшін мерекелі де, берекелі жыл болғанын айтып өтті.
«Биыл біздің одаққа 85 жыл толып отыр. Осыған орай көптеген іс-шаралар өткізіліп, суретшілердің көрмелері көптеп ұйымдастырылды. Қала әкімдігімен бірігіп бірнеше іс-шара өткіздік. Бүгінгі көрмеге еліміз Тәуелсіздік алғалы бері жасалған жұмыстар қойылған, яғни жас мүсіншілердің туындылары халық назарына ұсынылуда», -дейді ол.
Сондай-ақ көрме барысында «Өнер барлығы үшін!» жобасы таныстырылды. Ол Халықаралық мүгедектер күні аясында іске асып отыр екен.
Жобаны ұйымдастырушылар көзі көрмейтін зағип жандарға мүсінді жасау өнерін сезініп көру мүмкіндігі бергіміз, келді дейді.
«Олар шағын мүсіндерді өздері жасау арқылы мүсіннің эстетикасын, көркем бейнесін, фактурасын, материалын, идеясын және мағынасын түсінетін болады. Ол үшін Суретшілер одағы Қазақстанға танымал мүсіндердің шағын көшірмесін жасаудағы жауапкершілікті алып отыр», -дейді мүсінші Марат Әмірхан.
Алғашқы кезең бойынша Алматы қаласындағы жанарынан айырылған 2 мыңнан астам адамды қамту жоспарланған. Одан кейін еліміздің ірі қалаларындағы зағип жандар да қамтылмақ екен.
Baq.kz