Бүгін Алматыда Ш. Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы түсірген «Балуан Шолақ» көркем фильмінің таныстырылымы өтті. Картинаның режиссері Нұргелді Садығұлов бұл тарихи кино болғандықтан көрермендердің ықыласын ескеріп, тарихтан ауытқымауға тырысқандықтарын айтады.
«Киноны түсіру барысында музейлерден, мұрағаттардан тапқан фотоларға сүйеніп, сол кезді суреттеуге тырыстық. Әсіресе, жәрмеңке, көне қаланың келбетін сомдауда да соларға жүгіндік. Сондай-ақ көрермендер жайлы көп ойладым, өйткені бұл фестивальдерге шығатын немесе комерциялық фильм емес. Балуан Шолақ тарихи тұлға болғандықтан тарихтан ауытқымауға тырыстық», -дейді ол.
Фильмнің сценарий авторы Дулат Исабеков киноның көңілінен шыққандығын жеткізді.
«Балуан Шолақ» спектакілі көптен бері сахнада қойылып келеді, тіптен Лондонға да барып келді. Пьеса мен кино екі алуан дүние. Бәрін қайтадан жазып шыққандай болдым. Менің мақсатым ұлттық кино жасау еді. Кино жоғары деңгейде болуы үшін әлі де 10 минуттық сюжеттер жетіспей қалды. Яғни, Балуан Шолақ ғашық болған Ғалия екеуінің арасындағы қатынас және Балқаш туралы сюжеттер киноған енбей қалған. Егер басшылар қолдап жатса соны толықтырып жіберсе деген тілегім бар», -дейді Д. Исабеков.
Балуан Шолақтың ролін Еркебұлан Дайыров, Балқашты жас артис Альбина Шардарова сомдаған, сондай-ақ фильмге Болат Әбдіманов, Александр Багрянцев, Жанел Мақажан, Сағаділдә Үсібәлі сынды танымал актерлер түскен.
Фильм жайында қысқаша тоқталып өтсек. Кино Балуан Шолақтың балалық шағынан басталады. Досымен орманда ағаш теріп жүрген ол қасқырдың апанына тап болып, қасқырмен арпалысады. Ары қарай оның есейген шағы баяндалып, Сыдық болысқа әйелдікке кетіп бара жатқан қаршадай Балхашты құтқарып қалуымен жалғасады. Осы тұста Ресейлік патшаның Қазақстан жеріне өз үкімін жүргізіп, келімсектерді қазақ ауылдарына шоғырландыруы, оған қарсы шыққандарды қамап, күш көрсете бастайды. Ауылының қиын қыстауға тап болғанын көрген Балуан Шолақ орыс офицерлеріне қарсы шығады. Ақыр соңы офицердің қызын ұрлап әкетіп, ауыл халқын бостау жөнінде шарт қояды.
Режиссердің айтуынша, түсірілім жұмыстары Көкшетау, Павлодар қаласында, Бурабай және Алматы облысында жүргізілген.
«Кереку қаласының сол кездердегі келбетін қолымыздан келгенше қайта жасауға тырыстық. Сондай-ақ еліміздің әсем табиғатын көрсетуге күш салдық. Кинодағы ат үстіндегі көптеген трюктарды «Номад» каскадер тобы ойнады. Ешкім жарақат алып қалмаса екен деп алаумен болдым, алайда бәрі ойдағыдай өтті», - дейді ол.
Балқаштың ролін сомдаған Альбина Шардаров бұл алғашқы толықметрожды фильмі екендігін айтады.
«Алғашында бұл үлкен үміт қой, оны ақтай алам ба деген қорқыныш болды. Дегенімен түсірілім алаңына барған кезде кәсіби актерлермен ақылдасып, білмеген тұстарымды толықтыра білдім», -дейді актриса.
Аталған фильм қалың көрерменге 2019 жылдың наурыз айында жол тартпақ.