Өшкенім жанды, жоғалғаным табылды: Мәдениет саласындағы оң өзгерістер

Тәуелсіздік алған сәттен бастап Қазақстан өзінің отарлық кезеңде жоғалтқан құндылықтарын түгендей бастады. Ол тіл, дін, діл, тарих және салт-дәстүр. Рухани құндылықтарды түгендеу арқылы келешекке нық қадам басуға болады. Осы ретте мәдениет саласында қазіргі күнге дейін қыруар жұмыс жасалды. Ол тек қана қазақ халқына қатысты емес, жалпы кең байтақ Қазақстанды мекен ететін барлық ұлттың мәдениетіне де көңіл бөлуден тұратын жұмыстарды қамтиды.


Karim_Yergaliyev_opt.jpeg

 

1990-2000 жылдары қазақ ұлттық мәдениетін түгендеудің алғашқы кезеңі болды. Дәл осы аралықта Наурыз мерекесін кеңінен тойлау басталды, ұмыт болған ақындар айтысы мемлекет тарапынан қолдау таба бастады. Бұл кезең қазақ мәдениетін түлету кезеңінің басы еді. Әрине, КСРО кезеңінде Шаханов пен Жәнібековтер бастаған ұлт зиялылары Наурыз мерекесін тойлауға мұрындық болып, телеарналарда ақындар айтысы КСРО-ның соңғы кезеңінде көрсете басталған еді.

 

Тәуелсіздік жылдары өзге ұлт өкілдерінің мәдениетін де дамытуға мүмкіндік берілді. КСРО кезеңінде жер аударылған, депортацияланған ұлттардың мәдениеті мен тіліне мән берілмеген еді. Ал Қазақстан демократиялық құндылықтарды ту ететін мемлекет деп өзін жариялағандықтан, өзге этностардың мәдениетіне де көңіл бөле бастады. 2000 жылға дейін мәдениет саласында 300 мыңнан астам түрлі деңгейдегі іс-шара ұйымдастырылған көрінеді.

 

Телеарналар мен сахналарда қазақ тіліндегі тақырыптар өзекті бола бастады. Ол ән, күй, би және спектакльдер. Дәл осы кезеңде Абай Құнанбайұлы, Құрманғазы Сағырбайұлы, Мағжан Жұмабаев, Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Жамбыл Жабаев және басқа тұлғалардың мерейтойлары ұйымдастырлды. Абай Құнанбайұлының 150 жылдық мерейтойында 156 театрландырылған қойылым қойылды. Халықаралық той ұйымдастырылып, ақындар айтысы өткізілді. Қазақ тіліндегі ән байқаулары жарық көре бастады. Қазақстандық өнерпаздар әлем сахнасына шығу үшін халықаралық деңгейдегі байқаулар ұйымдастырылды. Алматы қаласында «Азия дауысы», «Үкілі домбыра», «Жігіт сұлтаны», «Қыз сыны», «Жас қанат» және басқа да түрлі байқаулар өтті. Оған отандық ьжәне аймақтық өнерпаздар қатысса, мыңдаған көрермен байқауларды көру мүмкіндігіне, ал миллиондаған телекөрермен оны телеарна арқылы тамашалауға мүмкіндік алды. Бұл қазақ өнерінің дамуына стимул берген оқиға бола білді.  

 

Отаршылдық саясаттан зардап шеккен қазақ мәдениетін дамыту қоғамның жалпы әлеуметтік-мәдени және адамгершілік жаңғыруына, сондай-ақ Қазақстанда тұратын этностардың мәдениеттерін дамытуға, халықаралық өзара байланыстарды нығайтуға ықпал ететіні белгілі. Тәуелсіздік жылдары жүздеген этномәдени орталықтар, шығармашылық ұжымдар құрылды. 1995 жылғы 1 наурызда ҚР Тұңғыш Президентінің Жарлығымен құрылған Қазақстан халқы Ассамблеясы өзге ұлттардың мәдениетін сақтап қалуға, дамытуға өз септігін тигізді. 820-дан астам этномәдени бірлестіктерді біріктіре отырып, ол азаматтық қоғам мен мемлекеттің мүмкіндіктерін біріктіретін қоғамдық келісімнің негізгі буынына айналды дейді мәдениеттанушылар мен саясаттанушылар.  

 

Қазақстанда 88 этникалық жалпы білім беретін мектеп жұмыс істейді. Онда оқыту өзбек, тәжік, ұйғыр және украин тілдерінде жүргізіледі. 108 мектепте 22 этностың тілдері дербес пән ретінде оқытылады. 190 мамандандырылған лингвистикалық орталықта 30 этностың тілдері оқытылады. Жыл сайын бейбітшілік және келісім сарайында Қазақстан халқы Ассамблеясының сессиясы өтеді. Ғимаратта этномәдени бірлестіктердің орталықтары жұмыс істейді. 2010 жылы Ассамблеямен бірге бейбітшілік және келісім сарайында ұлттық костюмдер мұражайы ашылды. Бұл қарапайым іс-шаралар болып көрінсе де, өзге этностар үшін өз мәдениетін сақтап қалудың, дамытудың бір жолы саналады.

 

Қазақстандағы экономиканың үдемелі өсуі әлеуметтік-мәдени салада реформаларды оңтайлы жүргізуге мүмкіндік берді. Мәдениетті қолдаудың мемлекеттік бағдарламасы әзірленді. 2000 жыл Қазақстанда мәдениет жылы болып жарияланды. ҚР Статистика агенттігінің мәліметінше, 2000 жылдардың соңында елімізде 48 театр, 62 концерттік ұйым, 3539 кітапхана, 154 мемлекеттік мұражай, 2259 клуб үлгісіндегі мекеме, 8 мәдени-тарихи қорық-мұражай, 42 демалыс паркі, 4 хайуанаттар бағы жұмыс істеген. Тәуелсіздік жылдарында 25 жаңа театр мен концерт залы ашылған еді.

 

Қазақстан астанасы Астана қаласында мәдени инфрақұрылымы кеңеюде. Мұнда Қ.Қуанышбаев атындағы Қазақ драма театры, М. Горький атындағы орыс драма театры, "Астана Опера" Ұлттық театры, мемлекеттік цирк, Бейбітшілік және келісім сарайы, Орталық концерт залы, Ұлттық музей жұмыс істейді. 2016 жылы елордада хореография академиясы ашылды. Қазақстанда 9,5 мың көркемөнерпаздар ұжымы жұмыс істейді, оның 7 мыңы ауылдық аймақта жұмыс істейді. Ал жалпы көркемөнерпаздар ұжымдарының шығармашылығына 125 мың адам қатысады. Бұл үлкен көрсеткіш. Әрине, мәдениет саласындағы тұлғаларды қажеттіліктермен қамтамасыз ету мәселесі жыл сайын көтеріліп келеді. Бұл оларды әлеуметтік қолдау, жалақысын арттыру, түрлі мемлекеттік жеңілдіктер беру және басқа. Мәдениет саласының қызметкерлерін қолдау арқылы біз ел идеологиясын да мәдени негізге бағыттай аламыз.

 

Ел Үкіметі қазақстандық мәдениетті шетелде насихаттауға көп көңіл бөледі. Мысалы, Қазақстан жақын және алыс шетелдердің 49 елімен мәдениет саласындағы ынтымақтастық туралы келісімге қол қойды. ШЫҰ-ға қатысушы елдердің мәдениет министрлерінің кездесуі, ТҮРКСОЙ Тұрақты Кеңесінің отырысы ел өміріндегі маңызды оқиға болды. Мұның бәрі Тәуелсіздік кезеңінде қазақтың ұлттық мәдениеті мен тұтастай Қазақстан халқының мәдениетінің нақты жандануы және одан әрі дамуы болғандығын айғақтайды.

 

Мәдениет саласы қаржылық ресурстармен және жоғары шығармашылық табыстармен нығайтылған дамудың қуатты серпініне ие болды. 2004 жылғы арнайы жарлықпен қабылданған "Мәдени мұра" бағдарламасы отандық мәдениетті сақтау және дамыту жөніндегі ауқымды жұмыстың бастапқы нүктесі болды. Әлемдік маңызы бар оқиға ЮНЕСКО – ның Бүкіләлемдік Мәдени мұра тізіміне бірегей отандық ескерткіштерді – Қожа Ахмет Яссауи кесенесін, "Тамғалы" археологиялық кешенін, сондай-ақ "Сарыарқа-Солтүстік Қазақстанның даласы мен көлдері" табиғи мұра объектісін енгізу болып табылады. Бұл аса маңызды. Себебі қазақ даласындағы мәдени мұраны әлемдік ұйым да өз нысаны деп бекітті, қорғауға алатынын мәлімдеді.

 

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2021 жылғы 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерін кәсіби мерекелерімен құттықтай отырып, былай деп жазды: "Сіздер Қазақстанды шығармашылық жетістіктермен дәріптейсіздер, ұлттың адамгершілік бағдарларын қалыптастырасыздар, «Рухани Жаңғыру» тұжырымдамасы шеңберінде рухани мұраны арттыруға ықпал етесіздер. Сіздерге шабыт пен сәттілік тілеймін!». Президент халықтың рухани өқндылығында өнердің зор маңызын атап өтіп, мемлекет мәдениетке, оның ішінде театр мен киноға қолдау көрсетуді жалғастыратынын мәлімдеді.

 

"Мәдени мұра" бағдарламасы қабылданғаннан бері 136 мәдени-тарихи ескерткіш қалпына келтірілді. Қазақстан аумағында ежелгі тұрақтарда, елді-мекендерде және қалашықтарда 39 маусымдық археологиялық зерттеулер жүргізілді. Қытай, Түркия, Ресей, Моңғолия, Жапония, Египет, Өзбекстан, Армения, АҚШ және Батыс Еуропаға 15 экспедиция ұйымдастырылды. Экспедиция нәтижесінде елдің мәдени қорын байытқан 5 мыңға жуық бұрын белгісіз қолжазбалар мен басылымдар табылды. Тек Қытайға экспедициялардың нәтижелері бойынша Қазақстанның тарихы мен мәдениетіне тікелей қатысы бар бұрын зерттелмеген құжаттар табылды. Олардың 3 мыңы маньчжур тілінде, 300–і қытай тілінде, 60–ы шағатай тілінде, 70–і ойрат тілінде. Фольклортану, әдебиеттану, өнертану, философия, саясаттану, тіл біліміне арналған 16 бағыт бойынша бірнеше жүз томдық ғылыми басылымдардың дүниеге келуі үлкен жетістік болып табылады.

 

"Мәдени мұра" мемлекеттік бағдарламасы кезең-кезеңімен жүзеге асырылды: 2004-2006, 2007-2008, 2009-2016, 2017-2021 жылдар және алдағы жиырма жылға арналған ұзақ мерзімді бағдарлама дайындалуда. Мәдени мұраны жүйелеуге, сақтауға және дамытуға мемлекеттік бюджеттен қомақты қаражат бөлу көзделген. Бірінші кезеңде 2,7 млрд теңге, екінші кезеңде – 4 млрд теңгеден астам, үшінші кезеңде – 5 млрд теңгеден астам қаржы бөлінді.

 

Қазақ мәдениетінің тамыры тереңде жатыр. Тарихи кезеңдер елдің мәдени әлеуетін қалыптастыруда өшпес із қалдырды. Тарихи-мәдени мұра өркениетті қоғамның маңызды белгісі болып табылады, ол рухани-адамгершілік және материалдық құндылықтарды қамтиды, олар бір ұрпақтан екінші ұрпаққа ауысып қана қоймай, ұлттық, мемлекеттік ауқымда зор күш пен қаражат жұмсауды талап етеді. Мәдени мұра өзін-өзі тануды қалыптастырудың негіздерінің бірі, ол гуманистік және патриоттық құндылықтардың сабақтастығын бекітуде үлкен әлеуетке ие. Кез келген мемлекеттің іргесін берік, ал жастарын саналы, отаншыл ететін ол – мәдениет. Мәдениет дегеніміз ән, мәдениет дегеніміз күй, мәдениет дегеніміз би, мәдениет дегеніміз жыр-дастан, мәдениет дегеніміз тарихи ескерткіштер, мәдениет дегеніміз жазбалар, театрлар, кино, саябақтар және басқа. Міне, мемлекет осы салаларды дамыту арқылы өзінің тамырын ттереңге жая бермек. Бұл ұлт үшін маңызды.


Mezgil.kz

 



Ұқсас тақырыптар