Семейдің аялдама атауларын естуге адам ұялады

Семейдің аялдама атауларын естуге адам ұялады


 
Биыл тәуелсіздігіміздің 25 жылдығын тойлайтынымызды ауыз толтыра айтып жүргенімізбен, оның басты темірқазығы – қазақ тілінің мемлекеттегі ықпалына қарасақ, жылауға тура келеді. Тулаққа айналған туған тілдің тағдыры туралы биік-биік мінберде тұрып, ұлтын сүйген тұлғалар ширек ғасырдағы жылдар тізбегінде жаны шырқырап не айтпады? Қандай батыл мәселелерді ортаға салмады?! Бірақ, о бастан кетеуі кеткен ана тіліміздің аясын кеңейту жолындағы кедергілерді биліктің ұстанымынан көріп үйренген басымыз әлі күнге осы әдетімізден арыла алмай келеміз. Рас, ақ жағалы атқамінерлердің арасында ана тілінен мақұрым болса да онысына беті қызармастан әлі күнге дейін биік мансабында маңғаз отырғандар баршылық. Еліміздің Сыртқы істер министрі Ерлан Ыдырысовтың қазақтың тілі тұрмақ, ң,ғ, ұ сияқты жекелген дыбыстарын дұрыс айта алмайтынын әлеуметтік желі қолданушылары әлдеқашан әйгілеп қойғаны өз алдына, оны Қазақ елін әлем елдеріне танытатын басты фигура ретінде көрсетіп отырғанымыздың өзі айтуға ұят. Бірақ, осындай «асфальтта туғандардың» қазақ тіліне қатысты мізбақпайтын түсінігі басқа әңгіме. 
Ал, жіптің бір ұшы бұқара халықтың, дәлірек айтқанда, қаладағы қазақтардың күнделікті қарбаласынан да шығатыны шындық. Алайда, оған мән беріп жатқан тағы да ешкім жоқ. Бұған алысқа бармай-ақ күнделікті қоғамдық көлікке кіргеннен көзіңіз жете бастайды. Межелі жерге жеткенше аялдама атауларын күнделікті естіп, көңілге кірбең түсіретін көрініске бәріміз куә болып жүрсек те, бойкүйездік билеп алған салғырттықтан арылар сыңайымыз байқалмайды. Семейдің қоғамдық көліктерінде қазақ кондукторларының аялдама атауларын хабарлаудағы сиқы былай болып келеді (Базар аялдамасынан Цемпоселокты бетке алып №16, 39, 38 бағыттағы қоғамдық көліктерге отырғанда) :
-Агентство, есть, агентство?
Қазақтың қызы екені қараторы жүзінен көрінетін кондуктор одан кейінгі аялдама атауларын айтқанда да жорғасынан жаңылмайды. 
-Центр. Пожалуйста, пропускайте. Середине салона место есть же… Чют-чют двигайтесь пожалуйста.
Шіңкілдек үнімен шүлдірлеген қыздың қай тілде«қақсап» тұрғанына назар салмастан қарасы қалың өзіміздің қазақтар өзара сығылысып қаннен-қаперсіз күйде тұра береді. Ішінен тым құрмаса, біреу: «Әй, арамыздан орыс көріп тұрсың ба? Қазақша айтсаң да ұғамыз ғой»,- деп айғай салса ғой. Бірақ, бірі жұмыстан шаршап, бірі бітпейтін тұрмыс тауқыметін ойлап, енді бірі құлақтарына құлаққап іліп алатындықтан ба, құлдыраған ұлт намысын құрдымнан шығаруға құлқы болмаған күйі қайтып бара жатады. Одан кейінгі аялдама атауларын да үйреншікті марғау әдетіңізбен тыңдай салып отыра бересіз:
-Церковь… Народная... Глинки... Технологически...
Соңғы айтылған аялдаманың атауы әлдеқашан тарих қойнауына кеткен оқу орнын білдіреді. Яғни, бір кездері Семейдің технолог мамандарын дайындайтын институт бұл күнде Шәкәрім университетінің бас ғимаратына айналған. Ендеше бұл аялдама неге «Шәкәрім университеті» деп жаңартылмаған?! Жарайды, ауызекі тілде «Технологически» деген «таз қалпынан» өзгерту мүмкін емес делік, ал аялдаманың маңдайшасындағы «Институт аялдамасы» деген атауды қалай түсінеміз? Семейдің зооветеринарлық, педагогикалық институты мен осы технологиялық институты әлдеқашан біріктіріліп, «Шәкәрім университетінің» құрамына кіргелі 20 жылдың жүзі болды емес пе?! Осыдан бірер жыл бұрын ғана тиісті аялдама атауларының тақтайшаларын ілген қалалық ТҮКШ бөлімінің бұл тұрғыда жіберген («Институт аялдамасы» сияқты) қателіктері жетіп артылады. 
Аялдама атауын хабарлау (көбіне орысша) бір басқа да, түскен аялдамадағы атау оған кереғар тұратын мысалдар қаланың қай түкпірін бетке алсаңыз да жеткілікті. Бірде Затон аумағына жол түсті. №31 шағын автобуспен бара жатып тағы да аялдама атауын сұрауға тура келді:
-Қарындас, келесі аялдама...
Айтып та үлгергем жоқ. Бетіме бажырая қараған кондуктор қыздың жауабы маңдайыма сарт еткен кетпеннің сабынан да оқыс тиді:
-Борцов революции... Шығатындар бар ма? Есть борцов революции...
 Мәссаған безгелдек! Бұл қайдағы «революция күрескерлері»?! Түсетін тұсымыздан атауы «айқайлап» қоя беретін қай төңкерістің қаһармандары?! Ар жағын тәптіштей түсіндірмесем де жақсы біліп отырған боларсыз.
 Міне, тәуелсіздігімізді алған жылы туған ұрпақ буыны ел ертеңі болуға жарап отырса да, отарлық санадан арыла алмай келе жатқандығымыздың бір көрінісі осы. Ал неге бұл тұсты осы аудандағы көшеге аты берілген Алаш арыстарының бірі Мәннан Тұрғанбаевтың атымен айтпасқа?! 
Аялдама атауларының кеңестік кезеңнен қалған «синдромы» орталықтан да кездеседі. Қалалық Мәдениет сарайының жанындағы аялдаманы әлі күнге дейін кондукторларымызды қойып, өзіміз де «Тридцато гвардейский» деп құдайдың құтты күні тіліміз күрмеліп жүреді. Қай майданнан қайтпай қалған «отызыншы гвардияшылдар» екенін кім білсін, алайда, оның егемендігіміз үшін маңызы шамалы екені ақиқат. Ал осы аялдаманы үлкенге де, кішіге де түсінікті етіп «Қалалық Мәдениет сарайы» деп атасақ қандай жарасымды болар еді?! Өкінішке қарай, біздегі қоғамдық көліктердің барлығы да жекеменшіктің қолында болғандықтан, әркім өз  қойған атымен атай беретіні тағы бір кемшілік болып көлденең шығады. Орысша да, қазақша да «ЦГБ», «ЦУМ» аялдамалары сөзімізге дәлел. №38, №35 автобустарға отырсаңыз сөзіміздің шындық екеніне көзіңіз жетеді. Тіпті, «Таксопарк» иелігіндегі №35 автобусына отырып, Шығыс кентін бетке алсаңыз автоматты түрде қазақша хабарланатын сойқан аялдама атауларын құлағыңыз шалады. Шығыс кентіне кіргеннен «Безымянная» ( «Атаусыз»)   аялдамасынан кейін «6 сызыққа» тап келесіз. Ал ресми тілдегісі «Шестая линия» деп дұрыс хабарланса, одан кейін «СПТУ» аялдамасынан өте шыққаннан бойыңызды ызалы күлкі керней бастайды. Кондуктордың хабарлауын күтудің қажеті жоқ. 1, 2, 3, 4, 5, 6 саяжайлардың әрқайсынан өткен сайын «Бірінші саябақтар аялдамасы, келесі аялдама екінші саябақтар» деген «ретпен» кете береді. Саяжай мен саябақты айыра алмаған аудармашыны қайдан тапқанына қайран қалып, кондукторынан сұрағанымда жауабы да кісікүлерлік болды. Сенсеңіз де, сенбесеңіз де осы: Астанадан аудартып әкеліпті! Яғни, бұл жақты жақсы білмегендіктен, қателік жіберуі мүмкін екен... Солай делік, бірақ, аялдаманың орысша атауларын жөнелткенде «Первые дачи» деп басталғаннан түсінікті емес пе еді?.. Егер «парк» деп жіберсе, «саябақтарына» таң қалмас едік... Ол ол ма, «Бос жер», «Су кенті» («Водный») деген атауларға да құлағымыз үйренгелі жылға жуықтап қалды.
Сайып келгенде, бір ғана Семейдегі осынау олқылықтың өзі біздің қазақ тіліне деген құрметіміздің әлі күнге сөз жүзінде қалып келе жатқандығын көрсетіп тұр. Ана тілге деген жанашырлықтан жұрдай екендігімізге жоғарыда келтірген мысалдардың өзі жеткілікті. Жоғары жаққа сын айтпас бұрын, өз ішіміздегі мінімізді түзету әрқайсымыздың міндетіміз екенін түсіне тұра міз бақпайтынымыз қалай? Демек, қазақ тілін қорғауға әрі қолдауға деген ниетті түсетін аялдаманы алдымен қазақ кондукторлардың өзінен қазақша сұраудан бастағанымыз жөн болар. «Девушка, площадь есть, остановитесь» деп мәңгірген күйі жүре берсек, туған тілдің қадір-қасиеті туралы несіне ақыл айтамыз?!

Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ
Семей қаласы 

Ұқсас тақырыптар