Қытайдағы қазақтар жергілікті Шынжаң билігінен түрлі қысым көріп жатқандығы туралы бір жылдан астам уақыт бері БАҚ-тарда түрлі ақпарат жарияланып келеді. Былтыр Астанада өткен Дүниежүзі қазақтары қауымдастығының V құрылтайында Президент Назарбаевқа германиялық қандасымыз Өмірхан Алтын Қытай қазақтарына жасалып отырған қысымның күн сайын күшейіп келе жатқаны жайлы мәлім еткен. Елбасы бұл ақпаратты тексеру үшін тиісті органдарға тапсырма берген еді. Күні кеше ҚР СІМ Қайрат Әбдірахманов бұл жағдайдың расталғанын айтып, ресми нота жолдағанын жариялады.
"Ұсталған азаматтардың туыстары бізге қажетті мәліметтерді берді. Ол деректер расталған соң, Қытай тарапына ресми түрде дипломатиялық нота жібердік. Сонымен қатар, Бейжіңдегі елшілігіміз, Үрімшідегі паспорттық-визалық қызметтің өкілдері Қытай тарапымен тығыз жұмыс істеп жатыр. Толық мәлімет алған соң, біз оны міндетті түрде бізге өтініш білдірген Қазақстан азаматтарының туыстарына жеткіземіз", – деді ведомство басшысы.
Соңғы бейресми ақпараттарға қарағанда, Қытайдағы қазақтардың шетелге шығатын паспорттары жиналып алынған. Қазақстанға келген яки Қазақстанның ықтиярхатын алған мыңдаған адам «саяси үйрену» лагеріне, кейбірі түрмеге қамалған. Имам-молдалар қудаланып, мешіттерге құлып салынған. Бұл туралы шетелдік баспасөз, кейбір батыс ақпараттары да жазып келеді. Қазақстан азаматтығын алған ондаған адам Қытай түрмесінде отырғаны да анықталған.
Былтырдан бері Қытайдағы қандастар тағдыры көп талқыға түсті. Әртүрлі қоғамдық бірлестіктер мұны шешудің өзіндік жолдарын ұсынып, дипломатиялық тәсілдерге жүгінуді қаласа, кейбір белсенді жастар қоғам назарын аудару үшін барынша ашық ақпарат болуын талап етті. Олар туыстары жазықсыз қамалғандардың басын қосып, бірнеше мәрте баспасөз жиынын өткізді. ҚР СІМ-не нақты дәлелді құжаттарды да өткізген еді. Алдағы уақытта «Мезгіл» порталы бұл жағдайды жіті бақылауында ұстайтын болады әрі Қытайдың қысымына ұшыраған отбасылардың туыстарынан сұхбаттар әзірлеп, ел назарына ұсынады.
Mezgil.kz