Қазақстанға келген қытайлар елде қалып қоймай ма? 72 сағаттық визасыз режим ұзартылды
Алматы мен Астана қалалары арқылы келетін ҚХР азаматтары үшін 72 сағаттық транзит режимі жыл соңына дейін ұзартылды. Бұл туралы бүгін ҚР мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан тілшісі.
"Визалық-көші-қон режимі саласында айтарлықтай оң өзгерістер болды. Алматы мен Астана қалалары арқылы келетін ҚХР азаматтары үшін 72 сағаттық транзиттің визасыз режимі 2018 жылдың соңына дейін ұзартылды. "ЭКСПО" халықаралық көрмесі кезінде бұл пилоттық жоба өз тиімділігі мен қауіпсіздігін көрсетті. 3 ай ішінде Қытайдан Қазақстанға 4,5 мың турист келіп, ел экономикасына әрбірі 250-300 доллар қалдырды", — деді Мұхамедиұлы.
Министр Қазақстанға "72 сағаттық визасыз транзит" жобасы не беретінін түсіндірді.
"Қазір жұрттың көбінде Қытайдан келген азаматтар Қазақстанда қалып қоймай ма деген ой туады. Олай емес. Ең алдымен, Қытай азаматы Қазақстанға кіру үшін біздің ел арқылы одан әрі қай мемлекетке ұшатыны көрсетілген авиабилетін ұсынуы тиіс. Егер ұшақ билеті болмаса, онда әрине елге кіргізілмейді. Транзит дегеніміз осы. Қазақстан Еуразияның тап ортасында, өте қолайлы жерде орналасқан. Қытайдағы азамат Еуропаға, одан әрі Америкаға ұшу үшін Қазақстан арқылы сапарын жалғастырғысы келеді. Біз де шетелге шыққанда Ыстанбұл, Франкфурт қалалары арқылы ұшамыз ғой. Қазақстан әуежайларын неге олай дамытпасқа?! Мәселен, Ыстанбұл әуежайы Түркия бюджетінің үштен бірін береді. Біздің мақсатымыз осы арқылы Қазақстан экономикасын көтеру, сонда әуежайлар да дами бастайды", — деп түйіндеді Мұхамедиұлы.