Әлем елдерінің арасында көлемі жағынан тоғызыншы территорияда тұрған кең-байтақ жеріміз айдын көлдер мен сарқырай аққан өзендерге бай. Соның ішінде көршілес Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының аумағындағы екі көл бізге жақсы таныс.
Осынау іргелі су көздерінің ұқсастығына келсек, екеуінің де атауы – Шалқар. Біреуінің суы тұщы, екіншісінің суы ащы. Әйгілі орыс жазушысы, Нобель сыйлығының лауреаты Михаил Шолохов кезінде жыл сайын келіп демалатын Орал өңіріндегі Шалқар көлінің проблемалары мен толғағы жеткен мәселелері жөнінде бұған дейінгі жылдарда бірнеше дүркін мәселе көтерген де едік. Енді Ақтөбе облысының оңтүстігіндегі Шалқар ауданының аумағында орналасқан Шалқар көлін сөз етудің орайы келіп тұрғандай.
Осы өңірдің інжу-маржаны іспеттес айдын туралы сөз қозғағанда Арал теңізінің терең экологиялық дағдарысқа тап болған кездеріне тоқталып өту керек. Арал теңізіне Шалқардың қандай қатысы бар деуіңіз мүмкін. Арал теңізінің жағасындағы халық үшін соққы болған күрделі кезеңде Шалқар көлі экологиялық зардап шеккен аймаққа қолайлы әсерін тигізгенін эколог мамандар жоғары бағалайды. Яғни Шалқар көлінің жағалауынан Аралға қарай тараған жағымды климат ауыр ауа атмосферасын жеңілдете түсіпті.
Әйтсе де, бүгінгі күні Шалқардың өзінің жайы мәз емес. Тіпті апат алдында тұрғаны да басы ашық мәселе. Оның мұндай ауыр ахуалға тап болуының басты себептері қандай? Бұған дейінгі жасалған экологиялық сараптамалар мен қорытындылар көлдің суы шаруашылық мақсаттарға үнемсіз әрі тиімсіз пайдаланылғанын көрсетеді. Шалқар осы ысыраптың, үнемсіздіктің құрбанына айналып кететін түрі бар. Бау-бақша танаптарын үздіксіз суарып тұру үшін әрі мұндағы су көздерін емін-еркін пайдалану үшін сонау 1937 жылдан бастап кең құлашты гидроинженерлік нысандар тұрғызыла бастапты. Оның қатарында алып су құрылыстары мен бөгеттер, тармақталған су құбыры желілері және сорғы стансалары бар. Жұмыс қауіпсіз болса құба-құп қой. Керісінше, Шалқардың суын ту-талапай қылған гидроинженерлік нысандар мен құрылыстар күні кешеге, нақты айт-қанда, 2012 жылға дейін апатты жағдайда болғанын бүгінде біреу білсе, біреу білмейді. Айдынның суы тартылуы дәл осы тұста бастау алғаны туралы деректер Энергетика министрлігі Экологиялық реттеу және бақылау комитетінің Ақтөбе облысы бойынша департаментінде тіркелген.
Өкілетті органнан алынған мәліметтер бұл жағдай көлдің түбінде батпақ қабаттары мен шөгінділері пайда бола бастауына әсерін тигізгенін көрсетеді. Көл айдынында ну қамыстың өсуі де экологиялық ахуалын күрделендіріп, тынысын одан әрі тарылта түсіпті. Егер алдағы жылдары осы үдеріс одан әрі жалғаса берсе, еліміздің географиялық картасынан Шалқар көлінің біржолата жоғалып кетпесіне ешкім кепілдік бере алмайды. Қазірдің өзінде көлдің түбінде жиналған тұнба қабаттарының қалыңдығы бір метрден әлдеқайда асып түседі.
Қазіргі таңда Шалқар көлі айдынының отыз пайыздан астамын су түбінде және су үстінде өсетін өсімдіктер басыпты. Оның өскенінен қоршаған ортаға айта қаларлықтай зиян келе қоймас еді. Бірақ гәп мынада. Биолог ғалымдардың айтуынша, бұл жағдай судағы ауа мен оттегі мөлшерінің төмендеуіне әкеліп соқтырмақ. Соның салдарынан су астындағы шөп-шаламдар өзінен-өзі шіри бастайды, улы газдар пайда болады.
Жоғарыда айтылғандай, сонау отызыншы жылдардан басталған көлдің суын шаруашылық мақсаттарға пайдалану әлі күнге дейін жалғасып келеді. Әйтеуір көңілге медеу тұтарлық бір жайт – пайдалану көлемі жылдан жылға азайып келе жатқаны. Қазір мұнда бас-аяғы 6 су пайдаланушы, қалғаны осыны көрсетеді. Шалқардың суы кемерінен асып жатқан кездері су көздері мен ресурстары 25 миллион текше метрді құрапты. Өкінішке орай, аталған мөлшер бұдан 12-15 жыл бұрын 19 миллион текше метрге азайыпты. Ал қазір ше? Ашығын айтқанда шалқарлықтар көлдің бұрынғы көлемімен жылап көрісетіндей жағдайға жеткенін іссапар барысында айқын аңғардық. Айдынның аясы сол кезбен салыстырғанда 3-4 есеге дейін тартылып кетіпті. Тереңдігі кезінде 15 метрге дейін жетсе, қазір 5 метрден аспайды.
Шалқардың ауыр экологиялық ахуалын сауықтыру үшін тиісті органдар тарапынан қандай жұмыстар қолға алынғанына тоқталайық. Ең алдымен айтарымыз, аталған проблемалар республиканың 2008-2010 жылдарға арналған қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының аясындағы іс-жоспарға енгізілді. Соған сәйкес екі техникалық-экономикалық негіздеме (ТЭН) әзірленген болатын. Оның алғашқысы көлдің суын тазарту мәселелеріне негізделсе, екіншісі гидротехникалық нысанның құрылысына жаңаша тұрғыдан келуге арналған. Оған қажетті қаражатты облыстық бюджеттен бөлу туралы Үкімет шешімі шығарылыпты. Алайда сол тұста облыстық бюджеттің есебінде бағдарламаны жүргізуге қажетті қаражат болмаған. Сөйтіп Шалқар көлі жобаларын қысқа уақыттың ішінде жүзеге асыруға тиісті сомалар бөлінбей қалған.
Осы кезеңде бұған қатысты тағы бір оңтайлы тактикалық шешім алынғанын Экологиялық реттеу және бақылау комитеті облыстық депар-таментінің директоры Жақсығали Иманқұлов айтып берді. Қарастырылған жұмыстар үшін қаражатты жергілікті бюджет есебінен кезең-кезеңмен бөлу туралы шешім қабылданыпты. Әйтеуір түбі қайырлы болғаны көңілге медеу. Осылайша 2010-2012 жылдар аралығында Шалқар көлінде қалыптасқан күрделі экологиялық ахуалды шешу үшін алғаш рет 204 миллион теңге бөлініп, ол толық игерілген. Қаржы негізінен гидроинже-нерлік нысандарды жаңғыртуға жұмсалыпты.
Жергілікті бюджеттің жағдайы мен мүмкіндігі айтпаса да белгілі. Сондықтан өңірде орын алған проблемаларға байланысты жайттарды, соның ішінде жоғарыда аталған ТЭН-нің кейбір талаптарын республикалық бюджет есебінен қаржыландыру туралы ұсыныс-талаптар әзірленіп, сол кездегі Қоршаған ортаны қорғау, Энергетика министрліктеріне жолданған. Әйтсе де күні бүгінге дейін бұл мәселе шешімін таппай келеді. Бұл жөнінде газет тілшісіне Ақтөбе облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Нұржан Аққұл мәлім-деді.
Қазіргі таңда, әсіресе, Шалқар көлінің табанын тазалау мәселесі өткір күйінде қалып отыр. Бұған салқынын тигізіп жүрген кейбір объективті және субъективті себептер бар. Бірінші мәселе, ТЭН әзірлеу жөніндегі инженерлік-геологиялық ерекшеліктер ескерілмеген. Соның салдарынан бұл жұмыстарды қайта жүргізу қажеттілігі туындады. Өткен жылы Шалқар көлінің түбін тазарту жөнінде жаңа жоба әзірленгені дәл осындай қажеттілікке байланысты. Бүгінде жобаға тиісті мемлекеттік сараптама жасалуда. Өндірістік-әлеуметтік үдеріс оң нәтиже көрсеткен жағдайда қар-жыландыруға қатысты мәселелер тағы да салалық министрліктерге жолданбақ.
Шалқардың жай-күйіне қатысты тағы бір шешімін күтіп тұрған мәселе бар. Ол жергілікті флора мен фаунаның, яғни өсімдіктер мен жан-жануарлар дүниесінің келешегіне қатысты. Шалқар бұған дейін республикамыздағы балық қоры мол айдындар қатарында болды. Алайда қазір оның бәрі құрып кету алдында тұр. Біріншіден, ол судағы оттегі құрамының азайып кетуімен байланысты. Бұл көрініс әсіресе қыс кездерінде ай-қын байқалатынын осы Шалқар ауданының азаматы, туған жеріне жанашыр жан Ғанибек Сұлтановтың аузынан естідік. Ол балықты қорғап қалу үшін суды оттегімен қанықтыратын құрылғының авторы, құрылғысына аэратор деген атау берілген.
– Қыста көл бетіндегі мұздың қалыңдығы 60-70 сантиметрден кем түспейді. Соның салдарынан су астында қысым жоғарылап, газ пайда болады. Оған шыдамаған балықтар қырылып қалады. Мен аэраторды осы жағдайдың алдын алу үшін ойлап шығардым,– дейді Ғанибек Сұлтанов.
Өзінің айтуынша, аэратор улы газдарды сыртқа шығарып, суға оттегінің мол мөлшерін береді. Құрылғы мұздың бетіне орнатылады, жоғары бөлігіндегі қондырғы желден қуат алып, астыңғы бөлігіне, яғни мұз астына оттегін жібереді.
– Мұндай тәсілді ел қолдана бермейді. Көпшілігі мұзды ойып, балықтарға ауа жібереміз деп ойлайды. Әйтсе де бұл механикалық тәсіл айдынды оттегімен қажетті мөлшерде әрі тұрақты түрде қанықтыра алмайды. Шалқардың жері далалы, кең жазықта орналасқан, жел соқпайтын күндер аз. Бұл біз үшін өте ыңғайлы әрі тиімді,– деп жалғастырды ол өз әңгімесін.
Біз жоғарыда айдын үстін қалың қамыс басып бара жатқанын айтқанбыз. Оны азайту үшін Ғанибек қыс кезінде қамысты ору жұмыстарын да қоса атқарады екен. Зейнет жасындағы азаматтың бұл бастамасы өңірдің өзге тұрғындарына да үлгі болса игі. Тиісті органдар көлдің төңірегінде экологиялық ахуалды сейілту үшін тиісті шараларды қолға алса, оған Ғанибек сияқты жергілікті жердің халқы да атсалысса, сонда ғана Шалқардың батпаққа айнала бастаған айдыны тазарып, екінші тынысы ашылары анық.
Темір Құсайын,
«Егемен Қазақстан»
Ақтөбе облысы,
Шалқар ауданы
Суретте: Шалқар көлінің үстіне орнатылған аэратор