Чехия президенті Милош Земан ресейшіл ме?

41468148_303.jpg


Басталған жылдың кешегі 26-27 қаңтарында Чехияда өткен президенттік сайлаудың екінші кезеңінде 51,36 пайыз дауыс жинаған социал-демократ  Милош Земан жеңіске жетті. Оның бәсекелесі Ұлттық академияның бұрынғы басшысы Иржи Драгош одан 2,73 пайыз дауыс кем жинады.

Бұл екі саясаткердің тақталасына жұртшылық онша мән бермес еді. Егер де сайлау алдында саясаттанушы сарапшылар Милош Земанды – ресейшіл, ал Иржи Драгушты – батысшыл деп атап, бұлар төңірегінде қызу  пікірталастар өрбіме­генде…

Бір айта кетерлігі, бүгінде Еуропадағы бұрынғы  социалистік елдерде билікке ұмтылатын саясаткерлерді «батысшыл» немесе «ресейшіл» деп бөлу әдетке айналған. Басқаларды айтпағанда, мұның зиян-залалын Украина, Молдова, Грузия да тартып отыр.

Қызық болғанда  Милош Земанға  елдің астанасы Прага мен оның төңірегіндегі елді-мекендердің тұрғындары қарсы дауыс беріп, қалған өңірлер қолдау білдірді. Сондықтан да  кейбіреулер: «Күллі Чехия Праганы жеңді» деп әзілдеді.

Бірақ шындығында, бір есептен Милош Земанның жеңіске жетуіне оның қарсы­ласына қарағанда тәжірибелі саясаткер екені: 1996–1998 ж.ж. парламентті, 1998–2002 ж.ж. үкіметті басқарғаны, 2013 жылдан бері президент болғаны  ықпал еткен болуы да ықтимал.

Чехия парламенттік республика болға­нымен, тікелей халықтың дауыс беруімен сайланатын  президентке кең құқықтық өкілеттілік пен құзыреттер берілген. Президент Конституциялық сотқа үміт­керлерді ұсынады, белгілі бір жағдайда парламентті таратып, заңдарға вето қояды. Елдің ішкі және сыртқы саясатын айқындайтын үкімет басшысын  тағайын­дап, оның ұсынысымен министр­лерді бекітеді.

Қосымша айта кетер болсақ, Чехия парламенті  екі палатадан  (200 мандаттық Депутаттар палатасы және 81 мандаттық Сенаттан) тұрады. Алғашқысы 4 жылға, кейінгісі 6 жылға сайланады.

Жоғарғы заңнамалық орган саналатын депутаттар палатасы Үкіметке сенім білдіру не білдірмеу құқығына ие. Ол үшін ең кемі депутаттардың 50-і дауыс беруі тиіс. Депу­таттар палатасы қабылдаған заңды Сенат қайтаруға құқылы. Президент өкілетті мерзімі бітпесе де Депутаттар палатасын таратып, жаңадан сайлау белгілей алады.

Президенттік сайлаудан он күндей бұрын Депутаттар палатасы Андрей Бабиш бастаған үкіметті сенімсіздік білдіріп, доғарысқа жіберген болатын. Оған  «Бабиш өз кәсіпкерлігін жүргізу үшін Еуроодақтан  екі миллион еуро субсидия алды» деген  күдік себеп болған. Бұл орайда полиция­ның тергеу амалдарын жүргізе бастағаны  хабарланған.

Осындай  қайшылыққа  қарамастан Чехияның қайта сайланған президенті Милош Земан  өзінің құзыретін пайда­ланып, Андрей Бабишке жаңа үкіметті жасақтауды тапсырды.

Саясаттанушылардың пайымдауынша, Земанның Бабишке «бүйрегі» бұрып, екінші рет үкіметті басқаруға сенім білдіруі тектен-тек емес. Өйткені, Андрей Бабиштің 2011 жылы құрған ANO («Наразы аза­маттар акциясы») сыбайлас жемқорлыққа, бюрократияға елдегі басқа да келеңсіз­діктерге  қарсы жаппай күрес жүргізіп, жұртшылық арасында үлкен беделге ие болды. Сондықтан да олар 2017 жылғы парламенттік сайлауда 29,64 пайыз дауыс жинап, 78 мандатты еншіледі. Парламентте осынша дауысқа ие Бабиштей саясаткер Земанға сөзсіз қажет.

Президент Земанның  өзіне тағы үкімет тізгінін ұстатқаны белгілі болғаннан кейін журналистерге берген сұхбатында Андрей Бабиш әділеттілік пен әдептілік жолынан жаңылмай: «Біз елдің басын біріктіру үшін аздаған дауыс жетпей қалған екінші үміт­кер Иржи Драгоштың сайлаушы­ларының да мүдделерін ескеруміз керек», – деді.

Сайлау барысында Милош Земанды  ANO-дан («Наразы азаматтар акциясы­нан») басқа коммунистер, Еркіндік және тура демократия қозғалысы қолдады.  Бұл үшеуі парламеттегі 200 мандаттың 115-іне ие.

Салқынқанды көзқарастағы чех саяси сарапшыларының айтуларынша,  Милош Земанға «ресейшіл» деп айдар тағу артық. Ол бар болғаны Чехияның мүддесі үшін Ресеймен және Қытаймен сауда-эконо­микалық  қарым-қатынасты өрістетуді жақтайды. Сондай мақсатпен Милош Земан 2017 жылдың қарашасында Ресейде болып, президент В.Путинмен келіссөздер жүргізіп қайтты. Осы сапарының бары­сында: «Францияға барғанда менімен 14 кәсіпкер барып еді. Бұл жолы 140 кәсіпкер еріп келді. Осының өзі біздің мақсаты­мызды аңғартады» дегенді  айтты.

Милош Земанның өмір жолына үңілсек, оның жасынан ерекше көзқарас­тағы тұлға болғанын аңғарамыз. Мәселен,  Милош 1959–1963 ж.ж. орта дәрежедегі экономи­калық мектеп оқу кезінде сол тұстағы билік ұнатпаған Чехословакияның 1918–1935 ж.ж. тұңғыш президенті Томаш Масарик туралы реферат жазғаны үшін әрі қарай жоғары оқу орнында білім алу құқы­ғынан айырыл­ған. 1968 жылы ком­мунистік идея көңіліне жақын болған­дықтан ЧКП (Чехословакия  коммунистік партиясының)  қатарына өткен. Алайда, Варшава шарты әскер­лерінің  Прагаға кіргізілуіне қарсы­лық  білдіруіне байла­нысты 1970 жылы партия қатарынан шығарылған.

 

2015 жылы 9-мамырда  Милош Земан  Жеңістің  70 жылдығын тойлауға  Еуропа елдері басшыларының ішінен арнайы шақырылған санаулы қонақтың бірі. Бірақ та ол сонда: «Мен Жеңіс шеруіне қатысуға емес, қанқұйлы соғыста құрбан болған миллиондаған кеңес адамдарын еске алу үшін келдім» деген мәлімдеме жасады.

Чехия президенті Украинаның НАТО-ға кіргенін қош көрмейді, есесіне  Ресей Федерациясы Еуроодаққа қабылдануы қажет деп есептейді.

АҚШ пен Еуроодақ  Украинадағы дағдарысқа, Қырым мәселесіне байла­нысты  Ресейге қарсы түрлі санкциялар салып, саяси-экономикалық қыспаққа алып тұрған тұста  Чехия  басшысы Милош Земанның  Мәскеуге  оң қабақ танытып, онымен сауда-экономикалық қатынас жасауға  ұмтылуы батыл қадам.

1991 жылы бұрынғы социалистік ел­дердің басын қосқан КСРО тарап, Чехия Словакиядан бөлініп, Ресей Федерациясы өз алдына дербес мемлекет болғаннан бері қарай  екі елдің қатынасы айтарлықтай болды деп айта алмаймыз. Бұған Чехияның  батысқа ден қоюы, НАТО мен Еуроодаққа мүше болып енуі сияқты әр түрлі саяси жағдайлар әсер етті.

Чехия-Ресей қарым-қатынасындағы  жылымық 2003 жылы билік басына Вацлав Клаус келген соң басталды. Көп өтпей Клаус  Мәскеуге сапар жасап, Ресей басшылығымен  екі жақты байланысты нығайту ниетін танытып, соған қатысты бірқатар мәселелер төңірегінде пікір алмасып қайтты.

Арада үш жыл өткеннен кейін 2006 жылы  Ресей президенті В. Путиннің жауап сапары жасалды. Мұнда  қос тараптың  өткеннің  өкпе-реніштері мен қателіктерін ұмыту жайында  ой-пікірлері үндес келіп, ынтымақтастықтың  өркен жаятынына үміт білдірді.

2010 жылы 9-мамырда Чехия президенті В.Клаус  Жеңістің 65 жылдығына арналған салтанатты жиынға қатысып қайтты.

Дегенмен, чех жеріне АҚШ-тың  ПРО (Зымыранға қарсы қорғаныс) жүйесін орнату әрекеті жасалған тұста Чехия мен Ресей арасында қайшылық туа жаздады. Президент В.Клаус басында  жүйені Пра­ганың айналасына орналастыруға келісім бергенімен, артынан әлдебіреу­лердің қолжаулығына айналмас үшін тұрғын­дардың пікірін ескере отырып,  әдепті түрде бас тартып, тұйықтан шыға білді.

Негізінде Украина дағдарысына байланысты Батыс пен Ресейдің қарым-қатынасындағы қайшылық  Еуроодақ мүшесі саналатын Чехияға да салқынын тигізіп отырады. Әйтсе де Чехия жекелеген басшылар мен  бизнес қоғамының өкіл­деріне болмаса, тұтастай Ресейге  эконо­микалық санкцияның салынуына қарсы. 2011 жылдан бері қарай  екі елдің  тауар­айналымы 9,95 млрд. доллардан – 11,3 млрд. долларға өсті. Ресей  Чехияға негі­зінен мұнай мен газ отындарын шығарып, одан дайын өнімдер сатып алады. Нақтырақ айтқанда, Чехияның мұнайға сұранысының 70 пайызын, газға сұраны­сының 80 пайызын  Ресей қамтамасыз етеді. 2010 жылдан чех жеріндегі АЭС (Атом электр стансалары)  ресейлік ядролық отынмен жұмыс істейді.

Жалпы, Чехия мен Ресейдің атомдық машина жасау, автокөліктер шығару, электроэнергетика, металлургия сала­ларында бірлескен кооперативтік кәсіпорындар құру, сондай-ақ  жеңіл және тамақ өнеркәсібі, туризм, қызмет көрсету, жиһаздар жасау  сияқты салаларда кіші және орта кәсіпкерліктің ынтымақтас­тығын дамыту жөнінен  мүмкіндіктері мол.

 

Ақиқатын айтқанда, кешегі постком­мунистік кезең тұсында да социалистік елдер арасында Чехословакияның өнер­кәсібі дамығаны айқын білінетін. Кеңес адамдары бұл елден шығатын «Татра» жүк көліктері мен «Икарус» автобустарын,  «Шкода» жеңіл автокөліктерін,  «Цебо» фабрикасы шығаратын  сапалы аяқ киімдерді жоғары бағалайтын.

Қазір де Чехия  бұрынғы социалистік елдер ішінен машина жасау, электро­техника мен электроника, химия, тамақ өнеркәсібі жақсы дамыған индустриалды ел саналады.

Социалистік режим құлағаннан кейінгі аз уақыттың ішінде Чехия көтерме және бөлшек сауда бағасын орталықтан белгі­леуді тыю, еркін жеке кәсіпкерлікті енгізу, сыртқы саудадағы монополияны жою, тиімді жекешелендіру, шет ел инвести­циясына кең жол ашу секілді эконо­микалық реформаларды сауатты жүр­гізудің арқасында  айтарлықтай табыстарға қол жеткізді.

Бүгінде  Чехия сырттан инвестиция тарту бойынша Еуропаны айтпағанда,  әлемдік  деңгейде көшбасшы елдер қата­рында. Сыртқы сауданы дамыту жөнінен Жапония, Ұлыбритания, Франция мен Италияны басып озды.

Мұндай елмен сауда-экономикалық  қатынас жасау біздің Қазақстанға да зор пайда беретіні хақ.

Чехия Республикасы мен Қазақстан Республикасы арасындағы дипломатиялық қатынас 1993 жылдың 1 қаңтарынан орнатылды. Чехияның біздің еліміздегі елшілігі 1994 жылдың желтоқсанынан, ал Қазақстанның ондағы елшілігі  2004 жылдан жұмыс істей бастады.

Жоғарыда айтылған Чехия президенті  Вацлав Клаус Мәскеуден кейін  2004 жыл­дың 8–10 қыркүйегінде  Қазақстанға келіп, осы сапар барысында  екі ел арасындағы Ынтымақтастықты дамыту  Декларация­сына, Экономикалық, өнеркәсіптік және ғылыми-техникалық  туралы келісімге сондай-ақ, Стандарттау, метрология  мен сертификациялау саласындағы келісімге қол қойылды.

2012 жылы  Қазақстан Президенті  Нұр­сұлтан Назарбаев Чехияға барып, пре­зидент  Вацлав Клауспен  кез­десуі ке­зінде екіжақты ынтымақтастықтың  мүм­кіндіктері қаралды. Бұдан екі жылдан соң  Елбасымыз  қазіргі мемлекет басшысы Милош Земанмен кездесіп, кездесу бары­сында  экономикалық ынтымақтас­тықты одан әрі дамыту  және Чехияның Қазақ­стан экономикасын әртараптан­дыруға көмек көрсету жайы талқыланды. Чехия мен Қазақстан негізінен ауыл шар­уа­шы­лығы мен машина жасау салаларында  сау­да-саттық жасайды. Екі елдің тауар­ай­на­лымы 2009–2014 ж.ж. аралығында 200 млн. доллардан – 1,2 млрд. долларға  өскен болатын.

 

 

«Ақшамның» анықтамасы:

Милош Земан – 1944 жылы 28-қыр­күйекте Прагадан 60 шақырым қашық­тықтағы Колин қалашығында дүниеге келген. Оны бастауыш сыныптардың мұғалімі анасы тәрбиелеп өсірген. 1963 жылы өзі туып-өскен қалада орта экономикалық мектепті (техникумды) бітіріп, еңбек жолын Tatra Kolіn зауытында бухгалтер болып бастаған. Жоғарыда ай­тылғандай, саяси көзқарасы үшін оған әрі қарай жоғары оқу орнында оқуға рұқсат етілмеген. Тек елдегі жағдай өзгергеннен кейін 1969 жылы Прагадағы экономикалық университетті сырттай оқып тауысты. 24 жастағы Милош 1968 жылғы Чехослова­киядағы  әйгілі «Прага көктемі» деп аталатын жылымық саясатты қолдап, коммунистік партия қатарына өткен. Бірақ та арада екі жыл өткенде  еліне Варшава келісім-шарты әскерлерінің кіргізілуіне қарсы­лығына байланысты партия қатарынан шығарылған. 1989 жылғы  Чехо­словакиядағы  «жұмсақ төңкеріс» тұсында үлкен саясатқа бет бұрды. 1990–1993 ж.ж. Федералдық жиынның депутаты болды. 1992 жылы социал-демократиялық партия қатарына өтіп, бір жылдан кейін оның төрағалығына сайланды. 1996–1998 ж.ж.  парламенттің төменгі палатасының спикері. 1998–2002 ж.ж. үкіметке жетекшілік етті. 2013 жылы қаңтарда президенттік билікке қол жеткізді.

Зайыбы Ивана Земанова кешегі 2018 жылғы 26-27 қаңтарда өткен сайлауда оның сайлау штабын басқарды. Милош Земанның екі баласы бар.

 

 

Әшірбек АМАНГЕЛДІ,

«Алматы ақшамы»

 

 

 

 


Ұқсас тақырыптар