АҚШ әуе соққысынан Сирияда ондаған ресейлік сарбаз өлген


A20B97CF-B740-442B-9121-FF20D756348E_cx0_cy10_cw0_w1023_r1_s.jpg



Халықаралық БАҚ-тың хабарлауынша, АҚШ-тың әуе соққысынан Сирияда соғысып жүрген ондаған ресейлік жалдамалы сарбаз мерт болған.

Ресей президенті Владимир Путиннің өкілі ақпанның 7-сінде Дейр-эз-Заур аймағында қаза тапқан ондаған ресейлік сарбаздың өлімінен бейхабар екенін айтты. Соңғы күндері із-түзсіз кеткен ресейлік жалдамалы сарбаздардың туыстары алаңдап, Сириядағы туыстары жайлы ашық айта бастаған.

АҚШ-тың қорғаныс министрлігі америкалық әуе күштерінің, ұрыс көліктері мен артиллерияның Сирия үкіметі қолдайтын 500-дей жасақты нысанаға алғанын мәлімдеді. Пентагонның хабарлауынша, бұл жасақ АҚШ-тың әскери кеңесшілері мен сириялық оппозиция отрядтарына Дейр-эз-Заурде (Дейр-эз-Зор деп те жазылады - ред.) шабуыл жасаған.

АҚШ өкілдері 100 шақты сарбаздың мерт болғанын айтқанымен олардың кім екенін жарияламаған. Бірақ өткен аптаның соңына қарай ресейлік блогтарда көптеген жалдамалы ресейлік сарбаздың қаза тапқаны туралы ақпарат тарай бастаған.

Ресейдің қорғаныс министрлігі шабуыл аймағында әскерінің болмағанын, Сирия үкіметін қолдайтын сарбаздар ресейлік әскермен іс-әрекетін үйлестіре алмай қалуы мүмкін екенін мәлімдеді.

АҚШ-тың әскери жетекшілігі әуе соққысы кезінде екі тарап қақтығысып қалмауы үшін арнайы байланыс арқылы ресейлік әскермен хабар алысып тұрғандарын айтты.

Мәскеудегі Қақтығыс тарды зерттеу тобы ақпанның 12-сінде Дейр-эз-Заур әуе шабуылынан үш ресейліктің опат болғанын анықтаған. Калининградтағы казактар ұйымы әлеуметік желіде бір мүшесі Сирияда өлгенін жазған.

Президент Владимир Путин Ресейдің Сириядағы әскери операциясы аяқталып келеді деп мәлімдеген. Мәскеу Сирияға 2015 жылдың күзінде әскер кіргізген. Былтыр желтоқсанда Кремль ұрыс әскері мен көліктерді шығарып әкету туралы бұйрық берген. Бірақ көптеген ресейлік жалдамалы сарбаз әлі де Сирия территориясында қалған. Санкт-Петербургтан шыққан Вагнер тобы - солардың ішінде ең қатты көзге түскені.

Ресейлік "Новая газета" әуе шабуылынан 13 ресейлік сарбаздың мерт болып, 15-інің жараланғанын хабарлады. Bloomberg ақпарат агенттігі аты-жөндерін айтпай екі ресейлікке сілтеме жасай отырып, Дейр-эз-Заурде 200-ден астам жалдамалы ресейліктің өлім құшқанын жазды. The New York Times газеті "100 шақты ресейлік сарбаз өлді" деген Сирия әскерінің офицерінің сөзін келтірді.

Келесі айда Ресейде өтетін президент сайлауына түсетін либерал саясаткер Григорий Явлинский де Сириядағы ресейліктердің қазасын сөз етті. Ол Путинді Сириядағы Ресей әскерінің іс-қимылы мен ресейлік азаматтардың қазасы туралы көпшілікке анық ақпарат жариялауға шақырды.

"АҚШ-пен қарым-қатынас туралы да ашық есеп беру маңызды деп санаймын. Өйткені Ресей мен АҚШ-тың арасында кездейсоқ, я қасақана әскери қақтығыс қаупі зорайып келеді" деді Явлинский.

Ақпанның 13-інде бұл әуе шабуылы туралы сұрақтарға жауап берген Кремльдің баспасөз хатшысы Дмитрий Песков үкімет Сириядағы Ресей әскерінің ғана ахуалынан хабардар екенін, басқа ресейліктер туралы ақпараты жоқ екенін мәлімдеді.

Дейр-эз-Заурдегі ондаған ресейлік жалдамалы сарбаздың өлімі туралы ақпарат Сирия мен басқа да бірнеше мәселе бойынша АҚШ пен Ресейдің қарым-қатынасы ширығып тұрған кезбен тұспа-тұс келді.

Наурыздың 18-інде Ресейде президент сайлауы өтпекші. Халықаралық ұйымдар "саяси бәсеке жоқ" деп сипаттайтын бұл сайлауда Владимир Путин төртінші мәрте президент болып сайлануды көздейді.


Азаттық Радиосы

Ұқсас тақырыптар