Оңтүстік Африка Республикасының (ОАР) президенті Джейкоб Зума өз партиясы мен партияластарының қысымынан соң отставкаға кетті, деп хабарлайды MEZGIL.KZ порталы «Азаттық радиосына» сілтеме жасап.
Теледидардан сөйлеген Зума іс басындағы Африка ұлттық конгресі (ANC) партиясының талабына келіспесе де, отставкаға кетуге мәжбүр болғанын мәлімдеді.
ANC партиясы Джейкоб Зумаға екі күн ішінде өз еркімен қызметінен кетуін талап етіп, оны орындамаса парламент оған сенімсіздік білдіретінін ескерткен. 14 ақпанда ANC басшыларының бірі Джексон Мтембу 15 ақпанда ОАР парламенті президентке сенімсіздік вотумын білдіретінін, бұдан соң президент қызметін партияның былтыр желтоқсанда сайланған басшысы Сирил Рамафоза иеленетінін мәлімдеген.
75 жастағы Джейкоб Зума бұған дейін дәл қазір өзінен отставкаға кетуін не үшін талап етіп отырғанын ешкім түсіндірмегенін айтып, қызметін босатудан бас тартқан еді. 2009 жылдан бері президент болған Зума бұған дейін сыбайлас жемқорлыққа қатысты бірнеше рет айыпталған. Бірақ Зума оны жоққа шығарып келген.
2016 жылы ОАР Жоғарғы соты Джейкоб Зума өз үйін жөндетуге жұмсалған бюджет қаржысының бір бөлігін төлеуден бас тартып, конституцияны бұзды деп ұйғарған. Зума үйін жөндетуге 20 миллионнан астам доллар жұмсаған.
ОАР полициясы Зуманың елдегі ықпалды Гупта әулетімен байланысына қатысты тергеу жүргізіп жатыр. 14 ақпан күні Йоханнесбургте бұл іс бойынша бірнеше адам ұсталды.