Нигерия билігі «Боко Харам» содырлары ұрлап әкеткен қыздарды құтқарды. Бұл туралы 24.kz арнасы Си-Эн-Эн агенттігіне сілтеме жасай отырып хабарлады.
Олар Йобе және Борно штаттарының шекарасынан табылған.
Естеріңізге сала кетейік, «Боко Харам» содырлары елді мекенге шабуыл жасап, 80-ге жуық қызды ұрлап әкеткен еді. Оқиға Йобе штатының Дапчи ауылында болған. Лаңкестер мектеп-интернатқа басып кіріп, жағалай оқ атқан. Үрейленген жұрт жақын жердегі орманға барып тығылады. Бірақ шабуылдан соң ғимаратта болған 711 қыздың 80-ге жуығы ұшты-күйлі жоғалып кеткен. Жергілікті тұрғындар «Чибоктағы оқиғаға ұқсас жағдай болды ма» деп қауіптенген еді.
Айта кетейік, 2014 жылы сәуір айында «Боко Харам» лаңкестері Чибок қаласына шабуыл жасап, лицейдегі 276 оқушы қызды ұрлап әкеткен еді. Олардың 57-сі содырлардан қашып шығып, 100-ден астамы арнайы операция кезінде азат етілді. Бірақ тағы 112 қыздың тағдыры әлі күнге дейін белгісіз.