Польшаның арнайы қызметі кезекті Ресейлік тыңшыны ұстады. Ол «UKS Zagłębie Sosnowiec» клубының 20 жасар ойыншысы Максим Сергеев деген жігіт болуы мүмкін. Оған Ресей арнайы қызметінің пайдасына тыңшылық жасады деген айып тағылуда.
Хоккей клубында ойнайтын Ресейлік азамат спорттан тыс уақытта Польшаның маңызды инфрақұрылымдарын суретке түсіріп, ақпарат жинап, агенттерге беріп отырған.
Польшаның Бас прокуроры Збигнев Зебро өзінің Twitter парақшасында: «Ресейлік тыңшылар бірінен-соң бірі ұсталып жатыр. Польша Бас прокуратурасы мен Ұлттық қауіпсіздік агенттігінің кезекті жемісі. Спортшы болып жүрген кезекті тыңшы ұсталды», - деп жазды.
Оның айтуынша, бұл соңғы уақытта Польшада ұсталған 14-ші Ресейлік тыңшы. Ол хоккей клубында, бірінші лигада ойнайтын легионер. Ресей азаматы.
Збигнев Зебро: «Ұсталған адам Ресей азаматы. Кәсіби хоккейші. Ол Польша аумағында Ресей арнайы қызметінің тапсырмаларын орындаған. Соның ішінде бірқатар әскери нысандар мен инфрақұрылымдарды суретке түсіріп жіберіп отырған», - дейді.
Хоккейшінің нақты аты-жөні аталмайды. БАҚ ұсталған тыңшының «UKS Zagłębie Sosnowiec» клубының 20 жасар ойыншысы Максим Сергеев болуы мүмкін екенін жазады. Ұсталған хоккейші Польша аумағында 2021 жылдан бері жүрген. Оған нақты айып тағылған. Тағылған айып: «Ұйымдасқан қылмыстық топқа қатысу және Польша мүддесіне қайшы өзге мемлекеттің пайдасына жұмыс жасау».
Тақырыпқа тұздық ретінде айта кетейік, күні кеше ғана еліміздің аумағында жүрген Ресейлік тыңшы (хакер) ұсталғаны туралы жазған едік. АҚШ-тың сұранысымен Қазақстанда жүрген Ресейлік «F. A. C. C. T» компаниясының қызметкері Никита Кислицин 22 маусымда ұсталған.
Ол Group-IB-ге кибер қауіппен күресу маманы болып келмес бұрын «Хакер» атты журналды шығарып, басқарған. Никита Кислицинге Ресейде де іздеу салынған.
Өркениетті елдер қой терісін жамылған қасқырдай, дипломат кебін киген КГБ тыңшыларын тырқыратып қууды 2014-2018 жылдары бастап кеткен. Ал Ресейлік тыңшыларды жаппай елден қуу процессі 2021-2022 жылдары жүзеге асты. Сол жылдары әлем бойынша 150-ден астам Ресейлік дипломат елден қуылған.
Түйін: Қазақта «Көзі қарауытқанның қасына үйір болмау керек, кесірі тиеді», - деген сөз бар. Әлемнің өркениетті елдері Ресейлік «шпиондарды» тазалау процессін әлдеқашан бастап кеткен. Ал біз ше?
2022 жылы 24 ақпанда Ресей Украинаға басып кіргеннен кейін, Ресейліктер елден кете бастады. Былтыр ІІМ 2022 жылғы қаңтар-ақпанында 10,3 мың Ресей азаматы Қазақстанда уақытша тұруға рұқсат алғанын, бұл көрсеткіштің 2021 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,8%-ға артық екенін мәлімдеген.
Одан кейін, былтыр 21 қыркүйекте Владимир Путин елде жартылай мобилизация жариялап, соғысқа жарамды ер азаматтарды соғысқа аттандыра бастаған кезде Ресейліктердің шетелдерге ағыны күшейді. Әсіресе, IT мамандар Ресейден көптеп кетті. Олардың бірсыпырасы бізге келіп тұрақтады.
Қарашаның аяғында Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мобилизациядан кейін Қазақстанға 400 мың Ресейліктің келіп, 320 мыңы шыққанын, 100 мың Ресейліктің жүргенін мәлім еткен еді.
Биыл наурыз айында ІІМ Көші-қон комитеті жыл басынан бері елімізге 1 млн 700 мың (39%) Ресейлік келіп,1 млн 666 мыңы шыққанын айтқан.
Ал сіз осы келіп жатқан Ресейліктердің арасында тыңшылар жоқ екеніне сенесіз бе?
Mezgil.kz