Батысқа үміт артсаңда, өз күшіңе сенуді естен шығарма! Бүгінгі әңгіме – Украинаның әскери өндіріс саласында орын алып жатқан өзгерістер мен жаңалықтар туралы болмақ!
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
Сөзсіз, Ресейдің Украинаға қарсы басқыншылық соғысы - жаһандық қарулану жарысына қарқын қосып қана қоймай, Украинаның әскери өндірісін де ілгерілеткені жалтармас факт! Ендеше Украина өзі жасап шығарып, майданда қолданып жатқан қарулар қандай? 2,5 жылдан аса уақыт бойы Украина достары қандай қарулар берді? Қандай қару-жарақтар уәде етілді? Бүгін осы тақырыпты егжей-тегжейлі жазбақпыз. Ендеше, мархабат, мәртебелі оқырман!
ӘЛЕМ ЖҰРТЫ ҚАРУЛАНУ ЖАРЫСЫН БАСТАП КЕТТІ
Ресейдің Украинаға ашқан басқыншылық соғысы жаһандық әскери технология саласына зор дүмпу берді. Зор дүмпу берді деуімізге қос себеп бар. Олар:
Біріншіден, ұжымдық Батыс пен оның серіктестері әскери өндіріс ауқымын кеңейтіп, бүкіл әлем жан-таласа қаруланудың соңына түсті.
Екіншіден, Украина «Батысқа үміт артсаңда, өз күшіңе сенуді естен шығарма» деген ұстаныммен, әскери өнеркәсібін жандандырды және өз әскери өндірісін Ресей жойып жібермесі үшін ЕО-ға мүше елдердің маңына орналастырып үлгерді.
УКРАИНА ҚАНДАЙ ҚАРУЛАР ЖАСАП ШЫҒАРУДА?
Соңғы кездері БАҚ-та Батыстың Киевке әскери көмегі сирексіп бара жатқандығы туралы материалдар жиі шығуда. Осы ретте біз Украинаның әскери өндіріс саласында қол жеткізген жетістіктеріне тоқталайық. Өйткені, қазірдің өзінде Украина армиясы өз өндірісіндегі қару-жарақтарды майдан даласында белсенді қолдануда.
2,5 жылдық соғыс кезеңінде Украина бронды техниканы, артиллериялық қару-жарақ пен оқ-дәрілерді, ұшқышсыз басқарылатын соққылаушы дрондарды жөндеуді ғана емес, сондай-ақ, оларды өндіруді де жолға қоя білді! Украина өзі жасап шығарған және украиналық өнеркәсіп шығарған батыстық қару-жарақ түрлеріде аз емес...
Сонымен қатар, украиндықтар кеңестік әскери техниканы батыстық стандарттағы оқ-дәрілерге бейімдей алды. Жергілікті зауыттарда көп мөлшерде болмаса да отандық радиоэлектрондық күрес жүйелері (РЭК) құрастыруға кірісіп кетті. Демек, бүгінде Украина зымырандарды да, снарядтарды да, бронды техниканы да, зениттік қондырғыларды да, радарларды да, жауынгерлік дрондарды да өздері шығаратын жағдайға жетті.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
Сөзіміз сұйық шықпасы үшін, сөздәлел: Өткен жылы жаңа «БТР» өндірісі 5 есеге ұлғайып, сондай-ақ, танктердің жүріс бөлігі бөлшектері де өз жерлерінде өндіріле бастады.
«Богдан» гаубицалары
Украина 2023 жылдың басынан бастап 155 мм-лік «Богдан» 2С22 өздігінен жүретін гаубицаларын толықтай өздері шығаруда. Украина өзі жасап шығарған «Богдан» 2С22 гаубицалары былтыр мамырдан бері қолданысқа берілген. Кей деректерде, Украина айына 6 дана «Богдан» 2С22 гаубицаларын жасап шығарып жатқаны айтылады.
«Ольха» РДОЖ-лары (РСЗО)
Сонымен қатар, украиналық әскери зауыттар атыс қашықтығы 130 шақырымға жететін «Ольха» реактивті дүркіндеп оқ ату жүйесін (РДОЖ) шығаруды қолға алды. Сарапшылар жазғандай, олардың оқ-дәрілерінің жүктемесі америкалық танымал «HIMARS» қондырғыларының снарядтарынан да жоғары.
«Корсар» және «Стугна-П»
Өткен жылдың басынан Украинада кеңестік үлгідегі минометтердің 82-мм және 120-мм, сондай-ақ, 122-мм артиллериялық снарядтардың сериялық өндірісі қайта жаңғырды. Снарядтар өндірісі 2,5 есеге, ал мина өндірісі 42 есеге ұлғайған.
Сонымен қатар, танкіге қарсы зымырандардан «Корсар» және «Стугна-П» РК-3 шығару ұлғайтылды. Оны Киевтің «Луч» мемлекеттік конструкторлық бюросы жүзеге асыруда.
Камикадзе-дрондар
Ең ауқымды өсім жауынгерлік, оның ішінде реактивті ұшқыштар өндірісінде де байқалып отыр. Егер 2022 жылға дейін дрондарды Украинада 35 компания шығарса, қазір олардың саны 200-ге жуықтады.
Украина майдан даласында 1 мың шақырымға дейін алқынбай ұшып, дөп соққы жасайтын камикадзе-дрондарды сәтті пайдалануда. Әсіресе, Ресейдің ішкі аумақтарындағы стратегиялық нысандарға соққы жасауда осы камикадзе-дрондар қолданылуда.
«Нептун» қанатты зымыраны
Бұған Ресейдің Қара теңіз флотының флагманы болған «Мәскеу» крейсерін су түбіне батырған Украинаның «Нептун» қанатты зымыранын және қосыңыз!
Украина соққы жасау қашықтығы 140 километрге дейінгі «жер-жер» зымырандарын жаппай шығаруды қолға алды. Бұл әйдік – «Нептун» қанатты зымыраны!
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
Реактивті артиллерия және бронды техникалар
Сондай-ақ Украинада реактивті артиллериялардан: «Ольха», «Смерч» 9К58, «Град», «Верба» реактивті дүркіндетіп ату жүйелері және «Буран» шығарылды.
Украиналық бронетранспортерлер жайын сөз етер болсақ: Шынжыр табанды «БТР4Е», жаңғыртылған 8х8 доңғалақты формулалы «БМП-1У», «Kraz Shrek One», СБА «Новатор», СБА «Варта» соғысқа дейін салыстырмалы түрде аз мөлшерде шығарылса, қазір көлем ұлғайған.
Украина сарбаздары қолдағы қаруларын барынша жаңартып, жаңа соғыс мәнеріне бейімдеуде! Әйгілі Драгуновтың снайперлік винтовкасын «UAR-10» винтовкасына алмастырды. 14,5 мм калибрлі «Snipex Alligator» және «Snipex T-Rex» винтовкалары әскерилерге берілді.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
«Антонов» зауыты һәм әскери ұшақтар мен тікұшақтар
«Ан-124» және «Ан-225» жүк тасушы ұшақтарын шығарған Украинадағы ірі кәсіпорын – «Антонов» зауыты Украинадағы жауынгерлік ұшақтарды жөндеп, жаңғыртты. Әрине, Ресей басқыншылары зауыттың тас-талқанын шығарғанға дейін...
Оған қоса, 2000 жылдардың аяғында Львов авиажөндеу зауытында кеңестік «МиГ-29» жойғышы жаңғыртылғанын айта кету керек. Қазір жетілдірілген «МиГ-29МУ1» Украинаның Әскери-әуе күштерінің арсеналын толықтырып отыр. Олардан бөлек, «Ми-8» және «Ми-24» тікұшақтары да жетілдірілді. Сөйтіп, жаңа қозғалтқыш орнатылған «Ми-8ШОБ» және «Ми-24ПУ1» соғыста қолданылуда.
Сондай-ақ Украинаның қарулы құралымдары елде шығарылатын «Фурия», «Лелека-100» және «Spectator» аппараттарын қоса алғанда, барлаушы ұшқышсыз ұшақтарын пайдалануда.
УКРАИНАҒА ОДАҚТАСТАР ҚАНДАЙ ҚАРУ БЕРІП ЖАТЫР?
Ресейдің Украинаға басқыншылық соғысы басталғаннан кейін Батыс елдері Украинаға көмек ретінде қару-жарақ, техника жеткізе бастады. Бірінші кезекте Украина Шығыс Еуропа елдерінде пайдаланылған кеңестік техникаларды алды. Атап айтқанда: «БМП-1» жаяу әскерлерінің жауынгерлік машиналары мен танктер берілді.
Польша – «Т-72» танктерін, Словения – «Т-55» негізінде құрылған «M-55S» танктерін берді. Чехия – «Т-72» танктері мен «Ми-24» жауынгерлік тікұшақтарын жеткізіп берді. Солтүстік Македония – «Т-72» танктері мен «Су-25» ұшақтарын бергені айтылды.
Кейін келе инженерлік машиналар, бронды көліктер, америкалық «M113», британдық «Spartan FV103», финдік «XA-185» және басқа да түрлі Батыста шығарылған «БТР» мен «БМП-лар» берілді.
Сонымен қатар, Украинаға «M141 Bunker Defeat Munition (BDM)» гранатаатқыштары, швед өндірісінің «Next Generation Light Anti-tank Weapon (NLAW)» танкіге қарсы басқарылатын зымырандары, «FGM-148 Javelin» танкіге қарсы зымыран кешендері, сондай-ақ, жол талғамайтын машиналар мен патрульдік «Island» катерлері жеткізілді.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
Батыстық одақтастар Украинаға сүйретілетін және өздігінен жүретін артиллериялық жүйелерді де жеткізеді. Атап айтқанда: Америкалық сүйретілетін «M777» гаубицалары мен Словакиядан «M109», «Zuzana 2» өздігінен жүретін артиллериялық қондырғылары, Немістерден «PzH 2000» және Француздардан «Caesar» жеткізілді. Польша «AHS Krab АБЖ» мен өздігінен жүретін «FH70» гаубицаларын берсе, АҚШ «GMLRS» басқарылатын зымырандары мен 20-дан астам «HIMARS» жеткізді. Бұдан басқа, Украина «Gepard» зениттік өздігінен жүретін қондырғыларын, «Stormer HVM» кешендерін және «IRIS-T» зениттік зымыран жүйесі және «Патриот» әуе шабуылына қарсы қорғаныс жүйелерін алды.
Соңғы уақытта Қарулы Күштермен жеткізілетін қарулардың, оның ішінде ауыр қарулардың тізбесі ұдайы кеңейіп келеді. Қараңыз:
Украинаға Ұлыбритания берген «L119» калибрлі 105 миллиметрлі гаубицалар, сондай-ақ америкалық «М-109» АБЖ келді. Осы АҚШ берген «М-109» класты өздігінен жүретін артиллериялық қондырғы әлемдегі ең кең таралған қарулардың бірі саналады.
Сонымен қатар, немістің 155-мм-лік «PzH 2000» гаубицасын, 12,7 мм-лік «M2HB» пулеметін тағы қосыңыз.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
Бұдан бұрын жеткізілген қарудың санын арттырған АҚШ Қарулы Күштерге неғұрлым жетілдірілген қару-жарақ үлгілерін, сондай-ақ алыстан атылатын қару-жарақ жүйелерін бере бастады. Олардың ішінде: «М-142 «Himars» және «Mlrs» реактивті дүркін оқ ату жүйелері, ТТХ 155-мм-лік «М777» гаубицасы, «Switchblade» зымырандары мен «Harpoon» кемеге қарсы зымырандары мен танкке қарсы «Psrl-1» де бар.
Бұдан басқа, АҚШ Украинаға (Ауғанстанға арналған) «Ми-17» әскери тікұшақтарын берді. Сондай-ақ өздерінің «Petriot» ӘШҚҚ зениттік кешендерін жеткізуге уәде етті.
2022 жылдың наурызында Франция Укаринаға «Milan» танкке қарсы зымыран кешенін және «Caesar» 155-мм-лік өздігінен жүретін артиллериялық қондырғыларын (АБҚ) жеткізе бастады және бұл қарулар соғыста белсенді қолдануда.
(Коллаж: Mezgil.kz / Суреттер: Википедиядан алынды)
Германия да шетте қалған жоқ. Немістер «Gepard» зениттік өздігінен жүретін қондырғысы, «Iris-T» ӘШҚҚ жүйесін, «Mars» РДОЖ, «Petriot» ӘШҚҚ зениттік кешендерін берді.
Ал Ұлыбритания Украинаға «Starstreak» зениттік зымырандарын және тағы да «615 Nlaw» зымырандарын беріп жатыр.
НАТО-ның Украинаға америкалық және немістік «Абрамс» және «Леопард» танктерін беруі Ресейдің төбесінен жай түсіргендей болды.
Соңғыларынан: АҚШ Киевке әскери көмек пакетi шеңберiнде алыс қашықтықтағы нысанды жоюға арналған «JASSM» қанатты зымырандарын жеткiзу жөнiндегi шешiм қабылдануға жақын. Бұл қару дәлдігі жоғары сыныпқа жатады және соңғы уақыттан бері Украинаға келе бастаған «F-16» жойғыш ұшақтарымен қолдануға бейімделген.
Ал осыған дейін президент Зеленский анонсын жасаған украиналық балистикалық зымыран мен ұрыс даласында қолданыла бастаған «Паляница» дрон-зымыраны туралы осыған дейін егжей-тегжейлі жаздық.
Mezgil.kz