Кеше Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев пен АҚШ-тың жақында сайланған президенті Доналд Трамп телефон арқылы сөйлесті. Бұл туралы Ақорда хабарлады.
(Суреттер: akorda.kz, REUTERS және wikipedia.org сайттарынан алынды)
Қазақстан президенті Тоқаев АҚШ президенті Трампты сайлаудағы жеңісімен құттықтап, халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер бойынша Қазақстанның ұстанымын жеткізген.
ТОҚАЕВ ПЕН ТРАМП НЕ ТУРАЛЫ СӨЙЛЕСТІ?
«Саясаткерлер сауда, инвестиция салаларында және ядролық қаруды таратпау бағытында стратегиялық серіктестікті дамытуға бейіл екендерін растады. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Доналд Трамп екіжақты ынтымақтастықтың жоғары қарқынын сақтау мақсатында ұдайы байланыста болуға уағдаласты», - деп жазады Ақорда.
Осыған дейін Доналд Трамп президенттік қызметіне кірісе салысымен, Украинадағы соғысты тоқтатуға күш салатынын, Ресей мен Украинаны келіссөз үстеліне отырғызуға ұмтылатынын айтқан.
Трамп президенттік қызметіне 2025 жылдың 20 қаңтарында кіріседі.
(Сурет: Mezgil.kz скрині)
«КЕЛЛОГ ЖОСПАРЫ»: УКРАИНА ТРАМП ЖОСПАРЫНА КӨНЕ МЕ?
Әлгінде ғана, Украинадағы соғысты тоқтату бойынша «Келлогтың жоспары» деп аталатын бейбітшілік жоспарының нобайы жария болды. Біз Mezgil.kz ақпараттық порталында «Келлогтың жоспары»: Соғыс қалай аяқталады?» атты сараптама жарияладық.
Аталған жоспардың кей тармақтары мінекей:
* Аталған жоспар бойынша, Ресейдің саяси оқшаулануын тоқтату, Мәскеумен дипломатиялық байланыс орнату және РФ президенті Владимир Путинді «демонизациялаудан» бас тартуды қамтиды.
* Ресейге де, Украинаға да қысым көрсету арқылы бітімгершілік келіссөздерді бастау керек.
* Келлог Украинаның НАТО-ға мүшелігін ұзақ мерзімге (10 жылға) кейінге қалдыруды, Ресейдің барлық оккупациялаған аумақтарды өзінде сақтап қалуын, санкцияларды ішінара алып тастауды және егер Ресей Украина үшін қолайлы бейбіт келісімге келіссе, оларды толық алып тастау мүмкіндігін ұсынды.
* Қысым шаралары ретiнде Украинаға әскери көмектi жалғастыру, оның қорғанысын күшейту және қауiпсiздiктiң ұзақ мерзiмдi кепiлдiктерiн беру көрсетiлген.
* Украина үшін ынталандыру шаралары ретінде Келлог оған аумақтық өзгерістерді мойындамауды (аумақты күштеп қайтару әрекетінен бас тартқан жағдайда), оның егемендігіне қандай да бір шектеулер қоймауды, пайызсыз кредиттер мен қауіпсіздік кепілдіктері нысанында әскери көмек көрсетуді жалғастыруды, сондай-ақ ресейлік энергия көздеріне баж салығын салуды және түскен қаражатты Украинаны қалпына келтіруге бағыттауды ұсынады.
* Киевке ықпал ету үшін, Украина келіссөздерден бас тартқан жағдайда, әскери қолдауды тоқтату ұсынылады.
(Сурет: REUTERS сайтынан алынды)
ТРАМП ПЕН ПУТИН АСТАНАДА ЖОЛЫҒА МА?
Сарапшылар, Ресей мен Украинаны келіссөз үстеліне отырғызуды ойлаған Трамп әуелі Ресей президенті Путинмен жеке жолықпақ деп болжайды. Трамп пен Путин осыған дейін 2018 жылы Хельсинкиде кездескен еді. Ол кезде Трамп АҚШ-тың 45-ші президенті болған.
Енді Трамп Птуинмен қайта жолықпақ. Басты сауал – Олар қайда кездеседі?
Қисынға салсақ: Путин Халықаралық қылмыстық соттың тұтқындау туралы шешіміне ие тұлға. Сондықтан, ол ХҚС құзыреті жүрмейтін әрі өзіне қауіпсіздеу аумақты таңдайды. Саясаттанушылар бұл жағдайда Трамп пен Путиннің кездесуін өткізуге – Қазақстанның әлеуеті жететінін сөз етеді.
Кремль Ақорданың ақылға қонымды әлемдік тәртіп туралы өз түсінігі бар екеніне қарамастан, АҚШ-пен және жалпы Батыспен жауапкершілік-конструктивтік қатынастарды сақтай отырып, сенімді одақтастығына көз жеткізді. Басқаша айтқанда, Путинге Трамппен Астанада кездесу қолайлы. Жоғарыда айтылған Трамп пен Путиннің Астанадағы кездесуі - болжамдық идея.
Mezgil.kz