Жаһандық саяси аренаның сұлбасы жаңаша сипат алуда. «The New York Times» басылымының хабарлауынша, Ресей тарапы Украинадағы соғысты тоқтату және бейбіт келісімге келу шарттары ретінде Батысқа өзгеше ұсыныстар жазылған құжат ұсынған.

(Сурет: ЖИ арқылы жасалды)
Бұл жолы Мәскеудің талаптары тек Украинамен шектелмей, бүкіл еуроатлантикалық қауіпсіздік архитектурасын, соның ішінде Орталық Азия аймағын да қамтып отыр.
1997 ЖЫЛҒЫ ШЕКАРАЛАР ЖӘНЕ ОРТАЛЫҚ АЗИЯҒА ҚАТЫСТЫ ТАЛАПТАР
Америкалық басылымның мәліметінше, Кремль Солтүстік Атлантикалық альянстан (НАТО) 1997 жылғы шекараларға оралуды және оның аумағын бұдан әрі кеңейтпеуді талап етуде. Бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталында егжей-тегжейлі жазған едік: «Кремльдің қауіпті талабы: Румыния мен Польша дабыл қағуда: АҚШ әскеріне үміт артамыз!».
Ресей нақты қандай шарттар қойып отыр? Ықшамдап жазсақ:
Мәскеу НАТО-дан Украинада, Шығыс Еуропада, Оңтүстік Қапқазда және Орталық Азияда кез келген әскери белсенділікті толықтай тоқтатуды талап етіп отыр. Бұған қоса – Украинаға кез келген әскери тауарлар мен қару-жарақ жеткізуді заң жүзінде тоқтатуды және Ұлыбритания мен Францияның өздерінің ядролық қаруын Еуропа елдерін қорғау мақсатында қолдануды қатаң шектеуді талап етуде.
Анығында – бұл талаптар Мәскеудің кеше-бүгін ойлап тапқаны емес. Сарапшылардың айтуынша, дәл осындай шарттарды Ресей 2021 жылдың соңында, яғни ауқымды соғыс басталғанға дейін «Еуропалық қауіпсіздік» туралы кессөздер кезінде де алға тартқан.
Мәскеудің Украинадағы бейбіт келісім шарттарына Орталық Азия мен Шығыс Еуропадағы геосаяси талаптарды кірістіруі — Ресейдің тек көршілес елдермен ғана емес, жаһандық деңгейдегі ықпал ету аймақтарын қайта бөлісуге ұмтылатынын көрсетеді. Алайда қазіргі жаһандық күштер теңгерімі мен Батыстың ұстанымы Кремльдің бұл максималистік талаптарының толық орындалуына мүмкіндік бермейтіні анық.
САРАПШЫ: РЕСЕЙ ОРТАЛЫҚ АЗИЯНЫ ӨЗ ЫҚПАЛЫНДА САҚТАП ҚАЛУҒА ТЫРЫСУДА
Сарапшылардың пікірінше, Ресейдің Орталық Азияда НАТО-ның әскери қызметіне тыйым салу жөніндегі талабы — осы өңірді Мәскеудің ықпал ету аймағында сақтап қалу әрекетіне көбірек ұқсайды. Алайда ОА елдері мұндай шектеулерге келісе қоюы екіталай.
Саясаттанушы Аркадий Дубновтың пікірінше, Ресейдің ұсыныстары іс жүзінде қалыптасқан халықаралық қауіпсіздік жүйесін қайта қарауды және мемлекеттерді ықпал ету аймақтарына бөлу қағидатына оралуды көздейді. Ол Мәскеудің қазіргі талаптарын Кеңес Одағының Шығыс Еуропадағы өз ықпалын бекітуге ұмтылған Леонид Брежнев тұсындағы КСРО саясатымен салыстырды.
ОРТАЛЫҚ АЗИЯ ЕЛДЕРІ БҰҒАН КЕЛІСЕ МЕ?
Сарапшылардың пікірінше, Орталық Азия мен Оңтүстік Қапқаз мемлекеттері үшін Ресейдің бұл ұсыныстары әскери ынтымақтастық саласындағы серіктестерін дербес айқындау жөніндегі егеменді құқығын шектейді. «Орталық Азия елдері Мәскеудің талаптарына келіседі деп санауға еш негіз жоқ», - дейді Дубнов.
Қазір Орталық Азия мемлекеттерінің сыртқы саясаты айтарлықтай өзгергені бұлтармас шындық. Өңір елдері көпвекторлы бағытты ұстанып, Батыс серіктестермен де, Шығыс серіктестермен де әскери салада ынтымақтастықты дамытып келеді. Бұған дәлел Орталық Азияның қару-жарақ нарығындағы Ресей үлесінің соңғы жылдары айтарлықтай қысқаруы.
Ал бұл туралы Mezgil.kz ақпараттық порталында жарияланған «Қарулану жарысы: Орталық Азиядағы Мәскеу монополиясының дәуірі өтті» атты мақаладан оқи аласыздар...
Mezgil.kz