Райымбек ауданы Сарыбастау ауылдық округінің аумағына кіретін Ойқарағай кенішінен биыл 35 мың тонна көмір қазылып алынды. Кен орнының басшылығы сапасы жағынан Шұбаркөл көмірінен ешбір кем түспейтін, бағасы көпшілікке қолжетімді (1 тоннасы - 7500 тг.) көмірдің көлемін сұранысқа байланысты арттыруға толықтай мүмкіндік бар екенін айтады, - деп хабарлайды Mezgil.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Райымбек ауданының әкімі Жолан Омаров:
- Райымбек ауданы қысқы жылыту маусымына толықтай дайын. Аудандағы 11 ауылдық округтегі әлеуметтік және өзге де нысандар сұйық, қатты отынмен қажетті мөлшерде қамтамасыз етілген. Ауданымызда Ойқарағай кен орнының орналасуы біз үшін өте тиімді. Өткен жылдары тұрғындарымыз қатты отыннан еш қиындық көрген жоқ. Ойқарағайдың көмірі облыстың аудандарынан өзге Оңтүстік Қазақстан облысына да тасымалданып жатыр, - деді.
«ТЕК Беркут» ЖШС бас директорының орынбасары Ботабеков Олжастың айтуынша, серіктестік Ойқарағай кенішінде сапа стандарттарына толықтай сәйкестендірілген Б-3 маркалы көмір өндіру ісімен айналысады. Мұнда 33 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Жұмысшылар үшін 120 - 170 мың теңге аралығында жалақы төленеді. Жер астындағы көмір кенін қазып алу үшін 50-60 метр тереңдікке дейінгі жер бетінің топырақ қабаты тазартылып, тығыздығы жоғары, сапалы көмір өндіріледі. Жергілікті тұрғындар мен тұтынушылар бұл жердің көмірінің бір ерекшелігі ретінде аз ғана отынмен бірден тұтанатынын, жоғары қызуымен ұзаққа дейін жанып тұра беретін қасиеті барын айтады.
Кеніштегі жұмысшылар 3 уақыт тегін тамақпен және қажетті жұмыс формасымен қамтамасыз етіледі. Жұмысшаларға арналған жатақхана, тынығу бөлмесі мен асханасы бар. Білікті жас мамандарға өндіріс орнында әрқашанда жұмыс табылады. Білікті кадрларға деген қажеттілікті өтеу үшін серіктестік тарапы мектеп бітіруші жас түлектерді Қ.И.Сәтбаев атындағы Қазақ ұлттық техникалық зерттеу университетінде қажетті мамандықтарға оқытуды өз мойындарына алған. Сондықтан, оқуын аяқтаған маман өндіріс орнына келіп, алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде іске асырып, тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілетіндігіне сенімді бола алады.